Тасымалданбайтын сөзді тап
Сабақ жоспары: «Тасымал» және «Сен бақытты ұлансың» (М. Қуанышбеков)
Пән
Ана тілі, 1-сынып
Сабақтың типі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі
Дамытушылық
Сабақтың әдістері
- Әңгімелеу, түсіндіру, үйрету
- Ойын, сұрақ-жауап, сергіту
- Жеке жұмыс, бағалау
- Беспалько әдісі, өмірмен байланыс
Көрнекілік және ресурстар
- Слайдтағы кестелер, электронды оқулық
- Ребустар, үлестірмелі қима қағаздар
- М. Қуанышбеков суреті мен өмірбаяны (слайд)
- Бағалау парақтары
Пәнаралық байланыс
Дүниетану, математика, еңбек
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Сөздерді буынға бөліп, тасымалдауға үйрету.
- Тасымал ережелерімен және тасымал жолдарымен таныстыру.
- Өлеңді шапшаң, мәнерлеп, түсініп оқуға төселдіру; мазмұнын ұғындыру.
Дамытушылық
- Ой-өрісін, байланыстырып сөйлеу дағдысын, есте сақтау қабілетін дамыту.
- Өз бетінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру.
- Беспалько жүйесі бойынша деңгейлік тапсырмалар арқылы шығармашылыққа жетелеу.
- Пәнге қызығушылығын арттыру.
Дағдыландыру
- Сөздерді дұрыс айтуға және сауатты оқуға дағдыландыру.
- Көркем жазуға, берілген сұраққа тиянақты жауап беруге үйрету.
- Шапшаңдық пен ұқыптылықты қалыптастыру.
Тәрбиелік мәні
- Отбасы мүшелерін қадірлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.
- Отанды сүюге, қорғауға, мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу.
- Білімге құштарлыққа тәрбиелеу.
Негізгі ұғым
Тасымал — сөзді жолға сыймаған жағдайда келесі жолға бөліп жазу. Тасымалдау көбіне буынға бөлу ережесіне сүйенеді.
Еске салу
«тасу, апару» мағынасы бар сөзбен шатастырмау.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
- Мұғалім: «Мен бүгін көңілді келдім. Сендер ше?»
- Ребус шешу арқылы назарды сабаққа аудару.
Тақырыпқа кіріспе
Сұрақ: «Ана тіліміз қай тіл?» Жауап: «Ана бойынан тараған тіліміз — қазақ тілі.»
Өлең жолдары
Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Сұрақ-жауап
- «Үйге не берілді?»
- «Оқымысты бала» мәтіні не туралы?
Тірек сөздер (талдау үшін)
әке, бала, тырма, не істеді, жұмсады, сылтау айтты, таяқ жеді
III. Бағалау
Үй тапсырмасын жақсы орындаған оқушылар мадақталып, бағаланады.
IV. Жеке жұмыс: «Өз орнын тап!» деңгейлік ойыны
Мақсаты
Тапсырма жауаптарындағы сөздердің алғашқы әріптерінен сөз құрау және әріптерді реттік нөмір бойынша орналастыру.
Сюжеттік байланыс
Көктем келді, жан-жануарлар оянып жатыр. Бунақденелілердің тапсырмаларын орындайық!
Тапсырмалар
- Өрнектің мәнін тап та, шыққан сан атауының алғашқы әрпін ата: 2+2
- Өрнектің мәнін тап та, шыққан сан атауының алғашқы әрпін ата: 4+2
- Өрнектің мәнін тап та, шыққан сан атауының алғашқы әрпін ата: 5+3
- «Ыдыс» сөзінің бірінші әрпін ата.
- «Мақта» сөзінің бірінші әрпін ата.
- Өрнектің мәнін тап та, шыққан сан атауының алғашқы әрпін ата: 3+3
- Төлді қалай атаймыз? Алғашқы әрпін тап.
Жаңа сөзге шығу және ереже
Әріптерді ретімен орналастырып, жаңа сөз шығарамыз. Осыдан кейін «тасымал» ұғымына көшеміз: сөз жолға сыймаған жағдайда келесі жолға буынға бөліп тасымалданады.
Ережені электронды оқулықтан тыңдау ұсынылады.
V. Оқулықпен жұмыс (67-жаттығу)
1-тапсырма
Сөздерді буынға бөліп жазыңдар: қарағай, ұшқыштар, автобус, дөңгелек.
2-тапсырма
Буынға бөлінген сөздерді үлгі бойынша дефиспен бөліп жазыңдар.
Үлгі: қа-ра-ғай, қа-рағай, қара-ғай
3-тапсырма
Оқулықтағы ережені оқып шығу.
VI. Көркем жазу сәті
Сөйлем құрау
«Қалам», «дәптер» сөздеріне сөйлем құратып, тақтаға және дәптерге жаздыру.
Мысал: Қалам, дәптер — оқу құралдары.
Қосымша тапсырма
Тасымалданбайтын сөзді тап.
VII. Сергіту сәті
«Көңілді күн» сергіту жаттығуы орындалады.
VIII. Ребус шешу
1-қадам
Слайдтағы суреттердің атауларын буынға бөлу. Тасымалданатын және тасымалданбайтын сөздерді ажырату.
2-қадам
Ребустан «Сен бақытты ұлансың» сөз тіркесін шығару.
IX. Өлеңмен жұмыс: «Сен бақытты ұлансың» (М. Қуанышбеков)
I деңгей (оқушы деңгейі)
- Өлеңді мәнерлеп оқып беру.
- Мазмұнын түсіндіру.
- Өлең қандай көңіл күймен жазылған?
- Авторын таныстыру, қысқаша әңгімелеу.
- Өлеңді оқушыларға кезекпен оқыту.
- Өлең ұнады ма? Несімен ұнады?
- Өлеңде кімдер туралы айтылған? Оларды бір сөзбен қалай атаймыз?
- Тағы не туралы айтылған?
II деңгей (алгоритмдік деңгей)
- Өлеңде туыстарды неге теңейді?
- «Жәннат» сөзін естіп көрдіңдер ме? Мағынасын қалай түсінесіңдер?
- Отбасыңнан басқа қандай жақындарың бар?
- Үйде тағы нелерді көресің?
- «Отан» ұғымына нелер кіреді?
- Біздің Отанымыз қандай?
- Елімізді кім басқарады? Ол кісі туралы не білеміз?
- Қазақстанда көп ұлт өкілдері тұрады. Біз татулықта өмір сүреміз.
Татулық пен бірлікті нығайту тақырыбын өмірмен байланыстырып, елдегі бейбітшілік құндылығы туралы қысқаша әңгіме жүргізіледі.
III деңгей (эвристикалық деңгей)
- Бүгінгі тақырыпқа сай мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер білесіңдер ме?
- «Отан — оттан да ыстық» мақалының өлең мазмұнына қатысы бар ма? Дәлелдеңдер.
X. Шығармашылық тапсырма (IV деңгей)
«Поэзия сәті»
Біз де ақын болып көрейік: бүгінгі тақырыпқа бір шумақ өлең құрастырайық.
XI. Қорытынды
- «Не үйрендік, не білдік?» — қорытынды әңгіме.
- Электронды оқулықтан тест орындау.
- Қосымша материал (уақытқа қарай).
XII. Үй тапсырмасы
- Өлеңді оқып келу.
- Өлең мазмұнын қара сөзбен әңгімелеу.
- М. Қуанышбеков туралы іздену.
- 68-жаттығуды орындау.
XIII. Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар мадақталып, бағаланады.
Мектеп және мұғалім туралы мәлімет
Білім беру ұйымы
Қызылорда облысы, Шиелі кенті, №46 А. С. Пушкин атындағы мектеп-лицейі КММ
Пән мұғалімі
Қалыбек Нағима