Тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап беруге тырыс

Оқушыларды ҰБТ мен ОЖСБ-ға дайындаудың тиімді жолдары

Білім берудің сапасын арттыру және сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру мақсатында 2004 жылдан бастап елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесі енгізілді. ҰБТ — жалпы орта білім беру ұйымдарында оқушыларды қорытынды аттестаттаудың бір түрі әрі білім сапасын бағалаудың маңызды көрсеткіші.

ҰБТ-ның мәні мен мақсаты

Мектептің дамуы оқушыны сапалы білімді, толерантты және ұлтаралық мәселелерді шешуге дайын тұлға ретінде қалыптастырумен өлшенеді. Ал саналы білім беру тікелей оқыту сапасына байланысты болғандықтан, мұғалімнің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру — басты назарда.

ҰБТ-ның негізгі мақсаты — мектеп бітіруші түлектердің базалық бес пән бойынша оқу бағдарламасын қаншалықты меңгергенін анықтау.

Оқу бағдарламасы — мемлекеттік құжат. Оны толық меңгеру — оқушының, ал меңгерту — мұғалімнің ең басты міндеті. Мектеп осы арқылы баланы ертеңгі өмірге даярлап, оның болашақта белгілі бір мамандық иесі болуына жағдай жасайды.

Жүйенің жыл сайын жетілдірілуі және мұғалімге қойылатын талап

Бірыңғай тестілеу жүйесі елімізде жыл сайын жетілдіріліп келеді. Әр жылғы тест форматы мектепте қалай оқытып жатқанымыз бен мектеп бітірушілерден не талап етілетіні арасындағы алшақтықты көрсетіп береді. Сондықтан әр мұғалім ҰБТ-ға дайындаудың тиімді әдіс-тәсілдерін шебер меңгеруі тиіс.

Пәндік мақсат және жан-жақты дайындықтың рөлі

Оқытудың басты мақсаты — адамзаттың дүниежүзілік дамудағы орны ерекше екенін түсінетін, бүкіләлемдік құндылықтарды білетін және оларды өз Отаны — Қазақстанның дамуына пайдалануға ынталы, жан-жақты жетілген, қоғамдағы орнын сезінетін азамат қалыптастыру.

Бұл міндетті орындауда оқушыларды ҰБТ сынағына жан-жақты дайындау үлкен рөл атқарады. ҰБТ енгізілгеннен бері мен оқушыларды физика пәнінен жыл сайын жүйелі түрде дайындап келемін.

Жаттауға сүйенудің қауіпті тұсы

Оқушылар арасында «тест сұрақтарын жаттап алсақ болды» деген теріс түсінік кездеседі. Сұрақтарды үнемі жаттау тестілеу кезінде жауаптардың барлығы «дұрыс сияқты» көрініп, оқушының шатасуына және қателікке жол беруіне әкеледі. Жаттау тәсілінде оқушы мәселенің түп-тамырына үңілмей, тек сыртқы белгілерді есте сақтауға ұмтылады.

Негізгі ой

Тұрақты нәтиже — механикалық жаттаудан емес, түсініп оқу мен жүйелі қайталаудан қалыптасады.

Дайындауда қолданылатын тәсілдер

Әр мұғалімнің оқушыны дайындауда өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Төменде мен тәжірибеде тиімділігіне көз жеткізіп, күнделікті жұмыста қолданатын ұсыныстарымды ұсынамын. 10–11-сынып оқушыларына алдымен ҰБТ-ға қалай дайындалу керектігін түсіндіріп, келесі талаптарды қатаң есте сақтауды сұраймын:

  1. 1

    Тақырыпты алдымен оқулықтан қарап шық.

  2. 2

    Сабақты зейін қойып оқып, маңызды тұстарын дәптерге түсір.

  3. 3

    Тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап беруге тырыс.

  4. 4

    Дайындық барысында мектепте де, үйде де сұрақ-жауап әдісін қолдан.

  5. 5

    Тест сұрақтарына дұрыс жауап беру үшін алдымен қате нұсқаларды сызып таста (алып тастау әдісі).