Бала өмірдің жалғасы

Жиналыстың тақырыбы

Баланың жаны таза, жүрегі пәк

Мақсаты

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы — туған ұясы, өз отбасындағы ата-ана тәрбиесі мен өнегесі екенін түсіндіру. Ата-ана — баланың алғашқы әрі басты ұстазы екендігін ұғындыру.

Көрнекілігі

  • Қанатты сөз: «Отан — отбасының басты ұясы».

  • Қанатты сөз: «Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».

  • Қанатты сөз: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

Жиналыстың барысы

Кіріспе сөз

Жылдағы дәстүр бойынша өтетін жалпы ата-аналар жиналысын ашық деп жариялаймыз. Бүгінгі жиналыс дөңгелек үстел форматында өтіп, пікірлесу мен ой бөлісуге негізделеді. Осы орайда жиналыстың тақырыбы мен мақсаты таныстырылады.

Бүгінгі жиналысқа қатысушылар үш топқа бөлінеді:

  • 1-топ: бастауыш сынып ата-аналары
  • 2-топ: орта буын ата-аналары
  • 3-топ: жоғары сынып ата-аналары

Негізгі ой

Бала тәрбиесі — ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Осы екі жақ бірлесе әрекет еткенде ғана тәрбиеде нәтижелі өзгеріс болады.

Ең алдымен балаға ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы мен адамгершілігі әсер етеді. Сондықтан бүгінгі кездесуде нақты сұрақтар, өмірлік жағдаяттар және сауалнама арқылы ой қорытындылаймыз.

Жиналыс шарттары

  1. 1) «Мен қандай ата-анамын?»

    Қатысушылар сұрақтарға жауап беріп, өз ұстанымын айқындайды.

  2. 2) Жағдаяттарды талдау

    Баланың күнделікті өмірінен алынған мысалдар арқылы дұрыс шешім мен тәрбиелік бағыт талқыланады.

  3. 3) Сауалнама

    Алдын ала жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы талқыланады және пікірлер жинақталады.

Сұрақтар (дайындалуға 1 минут)

  • 1) Бала тәрбиесіне қатысты қазаққа тән қандай қасиеттерді дұрыс деп санайсыз?

  • 2) Бала үшін ата-ананың қайсысының беделі жоғары деп ойлайсыз?

  • 3) Дені сау, тәрбиелі, өрелі бала өсіру үшін не қажет деп білесіз?

  • 4) Бала дүниеге жаман болып келмейді. Алайда өсе келе жағымсыз әрекеттерге бой ұрып, әртүрлі мінез көрсетуі мүмкін. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

Өмірлік жағдаяттар: талқылау алаңы

Төмендегі жағдаяттар баланың мінез-құлқы, жауапкершілік, құндылық және отбасы ықпалы туралы ой қозғауға арналған. Әр мысалдан кейін берілген сұрақтар бойынша пікір тыңдалады.

1-жағдаят: «Ақша тартып алу»

Компьютер ойнауға ақша таба алмай жүрген Самат пен Сәкен ақылдасады. Самат асханада ақша ұсатқан Ерболды есіне түсіріп, оны қорқытып, ақшасын тартып алуды ұсынады.

Сәкен: Ербол, мұнда кел. Мен ақша тауып алдым.

Ербол: Қане ақша?

Самат: Ербол, сені асханада ақша ұсатқаныңды көргенмін. Сол ақшаң қайда? Бізге бер.

Ербол: Жоқ, бере алмаймын. Анам «қайтарып әкел» деген. Анама апарып беремін.

Сәкен: Әкел ақшаны, қалтаңда ғой. (Қалтасынан ақшаны тартып алады.)

Самат: Біздің ақша алғанымызды ешкімге айтпайсың. Айтсаң, саған жаман болады.

Ербол: Анама айтамын. (Жылап кетіп қалады.)

Талқылау сұрағы

Осы көріністе балалардың қандай қылықтарын байқадыңыз? Қай тұста тәрбие жұмысы қажет деп ойлайсыз?

2-жағдаят: «Сабақтан жиі қалу»

Нұрлан 3-сыныпта оқиды. Оқуға ынтасы жақсы, қабілеті бар. Бірақ ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт қарап, баланы себепсіз сабақтан жиі қалдырады. Кейде тіпті апталап келмей қалады. Мектептегі жиындарға да қатыспайды. Білім алу — баланың басты міндеті екенін біле тұра, орындауына жүйелі қолдау көрсетпейді.

Сұрақ 1

Нұрланның ата-анасының әрекетін қалай бағалайсыз?

Сұрақ 2

Ата-ананың бала алдындағы негізгі міндеттері қандай?

3-жағдаят: «Қымбат зат пен құндылық»

Айжан: Дина, маған анам ұялы телефон сатып әперді.

Дина: Қане, қандай әдемі! Қарашы, Айнұр.

Айнұр: Әдемі екен. Бірақ анам алдымен «білім ал, сабағыңды жақсы оқы. Өскен соң еңбек етіп, қымбат телефонды сол кезде өзің алып бересің» деген.

Айжан: Айнұр, сен үнемі «сабақ, сабақ» дейсің. Маған ата-анам «ақша болса, бәрін сатып алуға болады» деді.

Сұрақ 1

Қазіргі кезде балаларға қымбат зат алып беруді дұрыс деп санайсыз ба?

Сұрақ 2

Білімді ақшаға сатып алуға бола ма?

4-жағдаят: «Мұғалімді кемсіту»

Балаңыз мұғалімді жамандап, оның сөйлеу мәнерін не қимыл-қозғалысын салып, кемсітіп жүр. Сіздің көзқарасыңыз қандай? Бұл жағдайды қалай реттейсіз?

Сауалнама қорытындысы және топтық пікір

Қорытынды пікірді рәсімдеу

Жиналысқа қатысушы топтар бүгінгі кездесуден алған әсерін, жиналыстың ұйымдастырылуы мен бала тәрбиесіне қатысты талқыланған мәселелердің маңызын қысқаша жазбаша түрде ұсынып, өз ойларын қорғайды.

Назар аударатын тұстар

  • Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы
  • Бала мінезіндегі өзгерістердің себеп-салдары
  • Құндылық, жауапкершілік және үлгі көрсету мәдениеті

Қорытынды

Бала — өмірдің жалғасы. Балаға өнер үйретіп, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу — қазіргі қоғамның басты міндеттерінің бірі. Жанұяның жемісі, алтын тірегі, діңгегі — бала.

Әр ата-ана өз баласын тәрбиелей отырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін еш уақытта ұмытпауы тиіс. Егер ата-ана баласын саналы, адамгершілігі мол, рухани жағынан жетілген, еңбекқор етіп тәрбиелесе, еліміздің болашағы жарқын болмақ.

Түйін

Кейбір ата-аналар перзентін шектен тыс еркелетіп, беттен қақпай тәрбиелейді немесе отбасындағы өнегелі тәрбиеге немқұрайлық танытады. Мұндай ұстанымдар баланың бойында кері қасиеттердің қалыптасуына тікелей әсер етуі мүмкін.

Бүгінгі сұрақтар мен жағдаяттар арқылы біз баланың бойында кездесетін осындай әрекеттерді танып, олардың алдын алу жолдарын қарастырдық. Дұрыс тәрбие ғана баланың саналы, жоғары адамгершілікті, рухани бай тұлға болып қалыптасуына негіз болатынын тағы бір мәрте нақтыладық.

Үйде ата-ана, мектепте ұстаз бала жүрегінен жол табатындай тәрбиелік мәні зор еңбек етсе, тәрбие өз орнын табады. Осы оймен дөңгелек үстел басындағы пікір алмасуымызды аяқтаймыз.