Таяқшаларды пайдаланып тіс пастасымен қар салуды үйрету

Оқу іс-әрекетіне қысқаша мәлімет

Топ және бағыт

Топ
2-ші кіші «Қошақан» тобы
Білім беру саласы
Шығармашылық
Бөлімі
Сурет салу
Тақырыбы
«Жапалақтап қар жауып тұр»

Мақсаты

  • Балалардың табиғи құбылыстарға қуана білуін қолдау, алғашқы әсерін байыту.
  • Қардың үйлерге, заттарға, ағаштарға және жерге қалай әсем болып жауатынын бақылауға үйрету.
  • Көк және ақ түстердің үйлесімділігіне назар аудартуға дағдыландыру.
  • Мақта таяқшалары мен тіс пастасын қолданып, «қар» бейнесін салуды үйрету.
  • Табиғатқа сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Демонстрациялық материалдар.

Қажетті құрал-жабдықтар

  • Сурет дәптері
  • Төмпешіктерге салынған тіс пастасы
  • Мақта таяқшалары

Сөздік жұмыс

алғашқы қар ұлпа қар жеңіл үлпілдеген

Билингвальді компонент: қар — снег

Сабақ барысы

Мотивациялық-қозғаушылық кезең

«Ертөстік» балабақшасының тәрбиелі балалары алдымен қонақтармен амандасады: «Сәлеметсіздер ме!»

Шаттық шеңбері

Балалар, қане, шаттық шеңберін құрайық. Досымыздың қолынан ұстап, дөп-дөңгелек болып тұрайық.

Жұмбақ

Қыста ғана болады,
Ұстасаң қолың тоңады.

Балалардың жауабы: қар.

Сұрақ

Қар қай жыл мезгілінде жауады?

Сұрақ

Қазір жылдың қай мезгілі?

Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең

Ғажайып сәт

Есік қағылып, ішке аю кіреді.

Аю

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Тәрбиеші

Балалар, бізге қонаққа кім келді? (Дұрыс жауап: аю.)

Қыста аю ұйқыға кетеді, көктемде ғана оянады. Ендеше, ол бізге неге келді екен?

Аю

Дұрыс айтасыздар. Мен қыс бойы ұйықтаймын, көктемде оянамын. Сондықтан қардың қандай болатынын және қалай жауатынын көрмеймін. Сендер маған көрсете аласыңдар ма?

Тәрбиеші

Балалар, аюға көмектесейік пе?

Онда орындарымызға жайғасайық: аяғымызды жинап, арқамызды орындыққа тіреп отырамыз. Аю, сен де мына жерге отыр.

Бейнеролик көру

  • Қар қыс мезгілінде жауады.
  • Қардың түсі аппақ, ұлпа сияқты.
  • Қар жапалақтап жауады.
  • Қар жауғанда жердің бәрі аппақ болады.
  • Күн жылынғанда қар ериді.
  • Еріген су күн суытқанда қайтадан мұз болып қатады.

Сұрақ

Қардың түсі қандай?

Сұрақ

Қар жылы ма, әлде суық па?

Сөздерді бірге қайталайық: алғашқы қар, ұлпа қар, жеңіл, үлпілдеген.

Аю

Қандай әдемі! Бірақ мен көктемде оянғанша ұмытып қаламын ғой.

Тәрбиеші

Онда біз саған қар жауып тұрған сәттің суретін салып береміз.

Бүгін қарды тіс пастасы мен мақта таяқшалары арқылы бейнелейміз: мақта таяқшасын оң қолымызға ұстап, тіс пастасына батырып, қағаз бетіне жоғарыдан төмен қарай нүктелер қойып шығамыз.

Қар көп жауса, шырша мен тоғайдың үстіне де қонады — оны да көрсетеміз.

Қауіпсіздік ережелері

  • Мақта таяқшасын ауызға салмаймыз.
  • Қолымыз былғанса, сүлгімен сүртеміз.

Тәрбиеші үлгі бойынша орындап көрсетеді.

Сергіту сәті: «Қоңыр қонжық»

Қоңыр қонжық көңілді,

Міне, бізге келеді.

Шапалақтап қуанып,

Иіліп сәлем береді.

Қоңыр қонжық көңілді,

Міне, бізге келеді.

Топылдатып айналып,

Бізге билеп береді.

Практикалық жұмыс

Балалар, алдымен қардың «жаууын» ауада салып көрейік: мақта таяқшасын оң қолымызға ұстап, жоғарыдан төмен нүктелер қоямыз.

Енді дәптерімізді жақындатып, сурет салуға кірісейік.

Қорытынды кезең

Кері байланыс

Тәрбиеші

Аю, саған балалардың салған суреттері ұнады ма?

Аю

Иә, ұнады. Суреттеріңді маған естелікке бересіңдер ме? Мен оларды апаныма апарып іліп қоямын.

Тәрбиеші

Балалар, аюға естелікке берейік пе?

Онда аю өзіне ұнаған суреттерді жинап алсын.

Қоштасу

Аю

Суретті қандай жақсы саласыңдар! Менің ұйқым келді, орманға қайтуым керек. Рахмет сендерге, балалар. Сау болыңдар!

Балалар

Сау болыңыз!

Тәрбиеші: Акимбаева А.

Материалдар

  • «Жапалақтап қар жауып тұр» (жүктеу)
  • «Ақ ұлпа қар жауып тұр» (жүктеу)