Гүл Мақсаты

Сабақ тақырыбы: «Гүл»

Бұл сабақта балалар қағаздан қиылған ірі және ұсақ элементтерді ретімен орналастырып, гүл құрастыруды және жапсыру техникасын меңгереді. Жұмыс барысында ұқыптылыққа дағдыланып, логикалық ойлау қабілеттері дамиды.

Мақсаты

  • Ірі және ұсақ элементтерді дұрыс орналастыру арқылы гүл жасауды үйрету.
  • Пішіндерден гүл құрастырып, жапсыру тәсілін меңгерту.
  • Ұқыпты жұмыс жасау мәдениетін қалыптастыру.
  • Логикалық ойлау қабілетін дамыту.

Көрнекіліктер

  • Үлгі
  • Қылқалам
  • Желім
  • Сүлгі
  • Қағаздан қиылған пішіндер
  • Үнтаспа

Билингвалды компонент

әже
бабушка
гүл
цветок
сыйлау
подарить

Мотивациялық-қозғаушылық кезең

Шаттық шеңбері

Топтың бір бөлігі жайлау көрінісімен безендірілген. Балалар әуенмен топқа кіріп, «Бүгін біз жайлауға саяхаттап келдік» деп әңгіме бастайды.

Балалар жан-жағына қарап: «Не көріп тұрмыз?»«Өсіп тұрған гүлдерді» деп жауап береді.

Әр бала гүлді «жұлып» алып, өз тілегін айтып, тәрбиеші ұстап тұрған құмыраға салады:

  • Аспанымыз ашық болсын.
  • Жұртымыз аман болсын.
  • Еліміз тыныш болсын.
  • Деніміз сау болсын.
  • Ата-анамыз ауырмасын.
  • Балабақшамыз көркейе берсін.
  • Досымыз көп болсын.
  • Ата-анамыз аман болсын.
  • Барлығымыз аман болайық.

Кездесу: Әжемізбен әңгіме

Саяхат барысында балалар ағаш үйдің жанында ұршық иіріп отырған әжені кездестіреді.

Балалар: «Сәлеметсіз бе, Әже!»

Әже: «Сәлеметсіздер ме, балаларым! Қайдан келе жатырсыңдар?»

Балалар: «Жайлауда саяхаттап жүрміз.»

Әже: «Жайлау ұнады ма? Не көрдіңдер?»

Балалар: «Иә, ұнады. Тамаша екен.»

Әже: «Төрлетіңдер, үйге кіріңдер.»

Балалар: «Рахмет, Әже. Біз жол жүруіміз керек.»

Әже: «Онда жолдарың болсын, аман болыңдар, балаларым!»

Балалар: «Рахмет, сау болыңыз!»

Тәрбиеші балалардан: «Жайлауда қандай гүлдерді көрдік?» — деп сұрайды. Балалар: раушан, қызғалдақ, бәйшешек және т.б. деп атайды.

Ұйымдастыру-іздестіру кезеңі

Жапсыру жұмысына кіріспе

  • Жапсыру арқылы жасалған гүлдің үлгісі көрсетіліп, қысқаша сипатталады.
  • Балалар оң қолын көтеріп, гүлді ауада «сызып» көреді.
  • Күлтешелер мен жапырақтың қандай пішінге ұқсайтыны талқыланады.

Гүлді жапсыру жолдары

  1. Кеңістікті бағдарлау: қағаз бетін тиімді пайдалануды түсіндіру.
  2. Сабақты жолақшалардан жапсыру.
  3. Жапырақты ұсақ сопақша пішіндерден жапсыру.
  4. Гүлдің ортасын дөңгелек пішіннен жасау.
  5. Күлтешелерін сопақша пішіндерден құрастыру.
  6. Жапсырылған бөліктерді үстінен сүлгімен жеңіл басып, бекіту.

Сергіту сәті

Бас бармағым — атам, үйдің панасы, Баланүйрек — әжем, үйдің данасы. Ортан терек — әкем, үйдің қамқоршысы, Шылдыр шүмек — шешем, үйдің ажары, Кішкентай бөбек — мен, бәрінің базары.

Дидактикалық ойын: «Түсіңді тап»

Тақтаға бес түрлі түс ілінеді: сары, қызыл, көк, жасыл, ақ. Балалар отбасы мүшелерінің суреттерін киімдерінің түсіне сәйкес түстердің жанына орналастырады.

Тәрбиеші: «Мынау кім?»

Балалар: «Әже.»

Тәрбиеші: «Әженің көйлегінің түсі қандай?»

Әженің суреті қызыл түстің қасына ілінеді.

Қорытынды және бағалау

Көрме

Балалардың жұмыстары көрмеге қойылып, әр жұмыстың ерекшелігі атап өтіледі. Балалар мадақталады.

Рефлексия

Сұрақ-жауап арқылы сабақ қорытылады: не жасадық, қандай пішіндерді қолдандық, жапсыру кезінде нені ескердік.

Күтілетін нәтиже

  • Нені білуі керек: өсімдік түрлері туралы.
  • Нені игереді: ірі және ұсақ бөлшектерді жапсырып, гүл жасауды.
  • Нені біледі: желімді дұрыс жағуды.

Автор туралы

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, «Болашақ балабақшасы» МКҚК тәрбиешісі — Джубанова Жазира.