Әлди - әлди әппағым, Қозы жүнді қалпағым

Тәрбие сағатының сценарийі

Наурыз — жыл басы!

Бұл мәтін Күншуақ тобына арналған Наурыз мерекелік ертеңгілігінің мазмұнын ұсынады: кіріспе сөз, салт-дәстүр көрінісі, бата, бесік жыры, ән мен би.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығымен, шуағымен Күн-Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

Осыншама жақсылық әкелген, Наурызым,
Төрлет бізге нұр болып, шуақ шашып ақ жүзің.

Құрметті ата-аналар, тәрбиеші апайлар! Бүгінгі Күншуақ тобының «Наурыз — жыл басы!» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Салт-дәстүр көрінісі: «Бесікке салу»

Басталыпты өмірдің көші міне,
Бөлейікші бөбекті бесігіне.
Салт-дәстүрін ұлтының біліп өссін,
Жігіт болсын лайықты есіміне.

Ендеше, «Бесікке салу» рәсімін тамашалаңыздар.

Гүлнұр

Салт-дәстүрмен жараса,
Қайта құрып жаңаша.
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық тамаша.

Меруерт

Жаңарғаны сананың —
Ұмытады мұны кім?
Ата-салтын бабамның
Алып келді Ұлыс күн.

Жүргізуші: Балалар, қазір әжелеріміз бөпені бесікке бөлеу рәсімін көрсетеді.

Әженің аластауы және «Тыштыма?» ырымы

Әже:
Бесігі кәне, баламның,
Бөлеп өзім берейін.
Талыменен аршаның
Аластап бір көрейін.

Аластау сөзі

Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Алас, алас, аласы,
Келді, міне, баласы.
Көш, көш, пәлесі,
Келді, міне, егесі!

Әже: Бесікті аластадық, енді «Тыштыма?» ырымын жасайық: баламыз ырысты болсын, несібесі мол болсын!

(Әже балаларды кезекпен ортаға шақырып, қолдарын бесіктің астына тосқызады. Үстінен кәмпит, печенье тастап: «Тыштыма?» — деп сұрайды. Тәтті түскен сәтте балалар: «Тышты, тышты!» — деп жауап береді.)

Бесікке бөлеу және тілек мәні

Жүргізуші: Әже, енді бөпені бесікке бөлеп көріңіз.

Рәсім мазмұны

Әже баланы бесікке бөлеп, бесіктің үстіне жеті түрлі киім жабады: әжесіндей ұзақ жасасын — әжесінің камзолын; атасындай шебер болсын — атасының шапанын; анасындай сұлу болсын — анасының бешпентін; әкесіндей ақылды болсын — әкесінің жейдесін; ағаларындай батыл болсын — ағаларының костюмін; апаларындай ибалы болсын — апаларының кәжекейін. Соңынан ұйқысы қалың болсын деген ниетпен қапшық жабады.

Әженің айтатын сөзі

Мойнымдағы тұмарым,
Тарқалмайтын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным,
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам жатсын бесікке,
Пәлесі қалсын есікте!

Бата

Үлкендер нәрестеге бата береді:

Жортқанда, балам, жолың болсын!
Қалтаң ділдаға толсын!
Бір толмасын, жылда толсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озған ерен бол,
Қыз көзіндей терең бол!
Сынай қалса — құлақ сал,
Мақтай қалса — керең бол!
Әумин!

Бесік жыры

Анасы бесікті тербете отырып, бесік жырын айтады:

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Сені әлдилеп отырсам,
Көңілім болар шат бөпем.

Әлди-әлди, әппағым,
Қозы жүнді қалпағым.
Елге жаман болса да,
Өзіме жақсы, сатпағым.

Ән салайын өзіңе,
Құлақ салсаң сөзіме.
Ер жетерсің, әлдиім,
Көрініп ел көзіне.

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ дәміңді тат бөпем.
Қасыңдамын әрқашан,
Ұйықтай ғойшы, жан бөпем.

Әппақ, әппақ ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Еркелеп өсіп ер жетіп,
Құлын-тайдай шап бөпем.

Жүргізуші:
Уілдейді бесікте шіркін үміт,
Бола алмайды бесік той бұл күн ұмыт.
Тәлімінен қазақтың өнеге алып,
Әдебімен өссінші, ғұрпын ұғып — деп, бөбегімізге ұзақ ғұмыр тілейік.

Ән мен би

Жүргізуші

Наурыз — шаттық әніміз,
Салтанатты сәніміз.
Ән салып жас-кәріміз,
Би билейік бәріміз!

Кезек «Қара жорға» биіне беріледі.

Жүргізуші

Ал, халайық, тұрмайық!
Әндетейік, жырлайық.
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық!

Ән: «Қазақы дастарханым».

Қорытынды

Құрметті ата-аналар, қонақтар! Осымен біздің ертеңгілігіміз аяқталды. Уақыт тауып келгендеріңізге көп рақмет. Сау болыңыздар!