Қаратпа сөздер
Сабақтың тақырыбы
Қаратпа сөздер. Қыстырма сөздер.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқшау сөздерді және олардың түрлерін түсіндіру; қаратпа және қыстырма сөздерді сөйлемнен ажырата білуге үйрету.
Дамытушылық
Түрлі әдістер арқылы тапқырлықты, жылдамдықты, есте сақтау қабілетін дамыту; сөйлеу тілін жетілдіріп, шешендік өнерге баулу.
Тәрбиелік
Сабақ барысында оқушыларды сауаттылыққа, жинақылыққа және мәдениетті сөйлеуге тәрбиелеу.
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Сабақтың әдістері
Сұрақ-жауап, тіл дамыту, іздендіру.
Көрнекіліктер
Плакат, кеспе қағаздар, қосымша материалдар, слайд, бағалау жетондары.
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, орыс тілі.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу.
- Оқу құралдарын тексеру.
- Сыныптың тазалығына назар аудару.
- Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.
II. Үй тапсырмасын пысықтау
Үйге берілген тапсырма сұралады. Оқушылардың өткен сабақты қаншалықты меңгергенін анықтау үшін бірнеше сұрақ қойылады.
III. Жаңа сабақты түсіндіру
Қаратпа сөздер
Сөйлеуші тыңдаушының назарын өзіне аудару үшін қаратпа сөздерді қолданады. Қаратпа сөз сөйлемдегі белгілі бір адамға не затқа қарата айтылғанын білдіреді.
Мысал: Менің ойлаған ойымның үстінен түстің, Ботагөз.
Бұл сөйлемде қаратпа сөз — Ботагөз. Ол сөздің кімге арналып тұрғанын көрсетеді.
Кейде қаратпа сөз жансыз затқа да қатысты айтылады. Бұл құбылыс көбіне көркем әдебиетте кездеседі (мысалы, ақынның өлеңге не далаға қарата сөйлеуі).
Қаратпа сөз сөйлемнің басында, ортасында немесе соңында келе береді және сөйлем мүшелерінен үтір арқылы ажыратылады.
Қыстырма сөздер
Қыстырма сөздер сөйлеушінің айтылған ойға көзқарасын білдіреді: күмән, сенім, өкініш, реніш сияқты мағыналарды, сондай-ақ ойдың кім тарапынан айтылғанын көрсетеді.
Мысал 1: Бәсе, солай болады деп айтып едім ғой.
Мұнда бәсе сөзі сөйлеушінің ризалық, мақұлдау реңкін білдіреді.
Мысал 2: Ол, меніңше, тапсырманы орындамай келмейді.
Мұнда меніңше болжам, жорамал мағынасын білдіреді.
Қыстырма ретінде жұмсалатын сөздер: әрине, сөз жоқ, шынында, мүмкін, сірә, сонымен, сөйтіп, біріншіден және т.б.
Кейде сөз тіркестері, тіпті жеке сөйлем де қыстырма қызметін атқарады.
Мысал: Аяз қарығандықтан болу керек, барлығының бет терілері қатпарланып, қопсып түсіп жүреді.
Қыстырма сөздер де сөйлемнің басында, ортасында, соңында келе береді және басқа сөйлем мүшелерінен үтірмен ажыратылады.
Жаттығумен жұмыс
Қаратпа және қыстырма сөздерге байланысты өздерің білетін ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер келтіріңдер.
Тақтамен жұмыс
Тақтаға жазылған бірнеше сөйлемге синтаксистік және морфологиялық талдау жасалады.
Білімді бекіту
Өтілген тақырып бойынша сұрақтар қойылады. Түсінбеген тұстарға түсіндіру жұмысы жүргізіледі.
- Оқшау сөздер дегеніміз не?
- Оқшау сөздер нешеге бөлінеді?
- Оқшау сөздерге қандай тыныс белгілері қойылады?
- Қаратпа сөз дегеніміз не?
- Қыстырма сөздерге мысал келтір.
Бағалау
Үй тапсырмасын орындауы және жаңа сабаққа белсенді қатысуы ескеріле отырып, оқушылар бағаланады.
Үйге тапсырма
Оқшау сөздерді қатыстырып бірнеше сөйлем құрап жазып келу.