Қазақ елінің астанасы
Тәрбие сағатының бағыты
16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын интеллектуалды ойын-сайыс оқушылардың білімін, ойлау жылдамдығын және сөз мәдениетін шыңдауға бағытталған.
Тақырып
Тәуелсіздік тірегі — білімді ұрпақ
Түрі
Интеллектуалды ойын-сайыс
Әдісі
Сұрақ–жауап
Пәнаралық байланыс
Қазақстан тарихы және халықтық педагогика
Мақсаты
Білімділік
Оқушылардың ел тарихы мен салт-дәстүр туралы білім деңгейін анықтау және бекіту.
Дамытушылық
Ой-өрісін, тіл байлығын дамыту; шапшаң ойлауға, ойын жинақтап жеткізуге үйрету; сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Тәрбиелік
Ұйымшылдыққа, адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу; ел тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін қастерлеуге баулу.
Көрнекіліктер
- Слайдтар және дайындалған сұрақтар
- Қима қағаздар, түрлі-түсті конверттер
- Шағын екі киіз үй
- Ұлттық нақыштағы оюлы себет
Ұйымдастыру кезеңі
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып отырған «Тәуелсіздік тірегі — білімді ұрпақ» атты сайысымызға қош келдіңіздер!
Арнау шумақ
Тәуелсіздік жолында Талай-талай тер төккен. Билігім өз қолымда — Еркіндігім, Елтаңбам. Көк байрақтың бетінде Қыран құстың бейнесі. Сол қырандай еркіндеп, Өседі талапты жас ұрпақ.
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сайыс басталар алдында 5 «Ә» сынып оқушыларының мерекеге арналған арнау өлеңдері оқылады.
- Оқушылардың тәуелсіздік туралы өлеңдері
- «Ақ көгершін» әні
- Қонақ ретінде 1-сынып оқушысы Мұхтарбек Бекжанның Отан туралы өлеңі
Сайыс ережесі
Қатысушылар
Сынып ішінен 7 оқушы іріктеледі.
Қазылар алқасы
Әділ бағалау үшін қазылар алқасы таныстырылып, әр кезеңнің нәтижесі бойынша ұпай қойылады.
Жүргізуші сөзі
Бәйгеге түсіп жарыспай, Жүйріктің бағы жанар ма? Білім мен өнер жарысып, Тәрбие, тәлім табар мән. Бұл бәйге — ойдың бәйгесі, Кім жүйрік ойға — сол алда.
Кезеңдер
-
I кезең — «Сәлем — сөздің анасы»
Әр қатысушы кезекпен өзін таныстырады. Музыкалық үзіліс: «Жас ұлан».
-
II кезең — «Жеті қазына»
Қатысушылар ұлттық нақыштағы оюлы себеттен сұрақ таңдап, Қазақстан тарихы, салт-дәстүр, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жауап береді.
Мемлекет рәміздері
- Ел билеудегі ең жоғары лауазым: Президент
- Елтаңба қабылданған күн: 1992 ж. 4 маусым
- Елтаңба авторлары: Шота Уәлиханов, Жандарбек Мәлібеков
- Ту авторы: Шәкен Ниязбеков
- Әнұран авторлары: Жұмекен Нәжмеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
- Елтаңбаның негізгі бояуы: алтын түстес
- Қазақстанның астанасы: Астана
Дәстүр мен таным
- Үш арсыз: ұйқы, тамақ, күлкі
- Төрт маусым: қыс, көктем, жаз, күз
- Бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым
- Үш байлық: денсаулық, ақ жаулық, қорадағы бес саулық
- Төрт мұрат: дау мұраты — біту; саудагер мұраты — ұту; жол мұраты — жету; қыз мұраты — кету
- Ұлыстың ұлы күні: 22 наурыз
- Жүз жасаған жыр алыбы: Жамбыл
«Жеті қазына» және ұлттық мұра
- Жеті қазына: ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы
- Жеті ырыстың бірі: ит
- Қазақтың үш биі: Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би
- Үш дана: Абай, Шоқан, Ыбырай
- Шығыстың қос шынары: Әлия мен Мәншүк
- Бес қару: садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта
- Ұлттық ойындар: ханталапай, қыз қуу, бәйге, аламан, күрес, көкпар, тоғызқұмалақ, дойбы, асық
- Киіз үй құрылысы: шаңырақ, уық, кереге, түндік, туырлық, ши (т.б.)
Қазақ тілі (грамматика)
- Қазақ әліпбиіндегі әріп саны: 42
- Дауысты дыбыс саны: 12
- Сөз табы саны: 9
- Сын есім сұрақтары: қандай? қай?
- Зат есім сұрақтары: кім? не?
- Жалқы есім: бас әріппен жазылады
- Жалпы есім: кіші әріппен жазылады
- Сұраулы сөйлем соңындағы тыныс белгі: сұрақ белгісі
- Сөздің мағынасын өзгертетін қосымша: жұрнақ
- Сөз бен сөзді байланыстыратын қосымша: жалғау
- Сан есімнің мағыналық түрлері: алтау
Қосымша сұрақтар
Алпамыс батыр жырындағы Алпамыстың жеті жасар баласы: Жәдігер
Сезім мүшелері: көз, мұрын, құлақ, тері, тіл
Әнұран: қайырмасын орындау
-
III кезең — «Мақал — сөздің мәйегі»
Қатысушылар киіз үйлердің ішінде жасырылған мақал-мәтелдердің жалғасын табады.
Жалғасын тап
- Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды.
- Адам көркі — шүберек, ағаш көркі — жапырақ.
- Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді.
- Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады.
- Талапты ерге нұр жауар.
Жалғасын тап
- Ел іші — алтын бесік.
- Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас.
- Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін іздейді.
- Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді.
- Бірлік болмай, тірлік болмас.
Тәрбиелік ой
- Жақсының жақсылығын айт — нұры тассын; жаманның жамандығын айт — құты қашсын.
- Өтірік айтып қарабет болғанша, шындықты айтып жарабет бол.
- Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
- Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.
- Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас.
- Жылайын деген баланың үш күн бұрын көзі қышиды.
- Інісі бардың тынысы бар, ағасы бардың жағасы бар.
- «Көрдім» деген көп сөз, «көрмедім» деген бір сөз.
Ән-шашуға кіріспе
Бар байлығым — өлең-жырым қолда бар, Өн бойымда құпия жоқ таңқалар. Көріп жүрген көп адамның бірімін, Көңілімде қиял да бар, ән де бар.
Жерлес ақын Мәлік Аяпов жырлағандай, келесі кезек ән-шашуға беріледі.
Білім туралы тәмсіл
Білсең дағы — біле бер, тағы тіле: Мақсатыңа жетерсің біле-біле!
Дана ойшыл Жүсіп Баласағұн айтқандай, сайысымызды әрі қарай жалғастырамыз.
-
IV кезең — «Мен тәуелсіз елдің ұрпағымын»
Қатысушылар берілген тақырыпта эссе жазады. Бұл кезеңде ой жүйелеу, дәлелді пікір айту және тіл тазалығы бағаланады.
Бойларыңда от бар екенін байқадым, Жүректерде шоқ бар екенін байқадым. Әрқашанда осы өнерді сөндірмей, Біліміңмен шарықтай бер әрдайым.
Қорытынды
Сайысымыз өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарды анықтау үшін сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.
Білім сүйсең, кел күн сайын осында, Кітап сенің айналады досыңа. Талаптансаң, үйренуге құмартып, Келгін, жан дос, ізденейік қосыла.
Құрметті «Тәуелсіздік тірегі — білімді ұрпақ» байқауына қатысушылар! Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз. Келесі кездескенше, аман-сау болыңыздар!