Сенбінің тапсырмасы

Сабақтың мақсаты

Білімдік

  • 1–20 аралығындағы сандарды тура және кері санау.
  • Ауызша есептерді шығара білуге жаттықтыру.
  • Мезгіл мен уақыт ұғымдарын жұмбақ арқылы ажырата білу.

Дамытушылық

  • Логикалық тапсырмалар арқылы есте сақтау қабілетін дамыту.
  • Ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын молайту.

Тәрбиелік

  • Бір-біріне сыйластық пен сыпайылыққа тәрбиелеу.
  • Топпен жұмыс істеу дағдысын нығайту.

Көрнекіліктер

Суреттер, тапсырмалар, карточкалар, есептер.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, логикалық тапсырмалар, есеп құрастыру, әріптер жазу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Балалар шаттық шеңберіне жиналып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.

Сәлем деймін мен күнге,
Сәлем деймін мен саған,
Сәлем деймін апайға.
Еркем, еркем, еркем-ай,
Еркелеген еркем-ай.
Жақсы көрем өмірді,
Жақсы көрем мен сені.

Жұмбақ арқылы сабаққа кіріспе

Балаларға мына жұмбақ жасырылады:

Қандай құстар бұл өзі,
Жетіден ұшып жүреді.
Шұбырып тізбек құрады,
Қайырылмай артқа ұзады.

Жауабы: апта күндері.

Ертеде жеті ағайынды болыпты. Олар бір-бірінен адасып қалыпты. Біздің мақсатымыз — әр күннің тапсырмасын орындап, оларды табыстырып, қайтадан достастыру.

Апта күндерінің тапсырмалары

1) Дүйсенбі

Кеңістікте бағдарлау

Сурет бойынша түлкінің алдында және артында не тұрғанын айту.

2) Сейсенбі

Санау

«Ішінде не бар? Сыртында не бар?» тапсырмасы. 1-ден 20-ға дейін тура және кері санау.

3) Сәрсенбі

Жоғалған сан

Жоғалған санды тап:

1 … 4

1 … … … 7

Сергіту сәті: «Доп»

Он, тоғыз,
Сегіз, жеті,
Алты, бес,
Төрт, үш,
Екі, бір —
Доп ойнайық!
Кел, жүгір!
Тек білейік анық-нақ:
Допты қашқан — кім қумақ?

4) Бейсенбі

Реттік

Сандарды ретімен қойып, сәйкес әріпті жаз.

А Т С З К Ө
2 1 3 3 1 2

Келесі бөлімде мезгіл мен уақыт туралы жұмбақтар шешіледі.

5) Жұма

Құрастыру

Конверттегі сандарды біріктіріп, тапсырманы орында.

6) Сенбі

Ою-өрнек

Қазақтың ұлттық ою-өрнегі берілген. Ою ішіндегі есептерді шығарып, бөліктерін біріктір. Нәтижесінде қандай бейне шығатынын бақыла.

7) Жексенбі

Логикалық сұрақтар
  • Екі мысықта неше аяқ бар? 8
  • Бес сиырдың мүйізі нешеу? 10
  • Алты тышқанда неше құйрық бар? 6
  • Екі адамда неше көз бар? 4
  • Тасбақа неше жыл өмір сүреді? 300
  • Сегізаяқ қанының түсі қандай болады? көк
  • «Әтеш 10 жұмыртқа тапты» деген сұрақ — қақпан сұрақ. Әтеш жұмыртқа таппайды.

  • «Дүкеннен апам төртбұрышты 2 доп әкелді» — дұрыс емес тұжырым. Доп әрқашан дөңгелек болады.

Қосымша: + және таңбалары бойынша ауызша есептер шығару.

Мезгіл мен уақыт туралы жұмбақтар

Балалар тәуліктің бөліктерін жұмбақ арқылы ажыратады:

Ұйқымыздан оянамыз, беті-қолды жуамыз,
Анамызға ереміз, бақшамызға келеміз.

Жауабы: таңертең

Тоғыз бен он бірдің арасы қай мезгілге жатады?

Жауабы: сәске

Серуенге біз шығамыз, тамақ ішіп аламыз,
Тәтті ұйқыға батамыз.

Жауабы: түс

Ұйқыдан біз тұрамыз,
Жеңіл тамақ ішеміз.

Жауабы: бесін

Аулада біз ойнап жүргенде ата-анамыз жұмыстан
шаршап үйге қайтады, күлімдеп алдынан қарсы аламыз.

Жауабы: кеш

Маңайды қараңғылық басады, үйлерде шам жанады,
Барлық бала үйге кіре бастайды.

Жауабы: ымырт

Атамыз бен әжеміз ертегі айтып береді,
Біз тыңдап, тәтті ұйқыға батамыз.

Жауабы: түн

Жарайсыңдар, балалар! Тәуліктің бөліктерін дұрыс ажыраттыңдар.

Қорытындылау және бағалау

Бүгін біз жеті ағайындыны тауып, қайтадан достастырдық. Әр күннің тапсырмасын орындап, білімімізді бекіттік.

Енді әр бала өзін «жетістік баспалдағының» қай сатысына қоятынын айтады: бүгінгі жауаптарына қарап, өзін-өзі бағалайды.

Тәрбиеші: «Балалар, сабаққа белсенді қатысқандарың үшін рақмет. Математика сабағы аяқталды. Қонақтарымызға сау болыңыздар!»