Әдеппен сөйлеу

Сабақ туралы

Тақырыбы

Ұлттық үрдіс және сөз мәдениеті

Сабақтың түрі

Шығармашылық-ізденіс сабағы

Жұмыс формалары

  • Топтық
  • Ұжымдық
  • Жекелей

Мақсаты

  • Білімділік

    Оқушыларға ұлттық үрдіс пен тіл мәдениетінің байланысын түсіндіру; қоғамдағы тіл дамуына әр тұлғаның қосатын үлесін ұғындыру.

  • Дамытушылық

    Пікір мен көзқарастың қалыптасуына ықпал ету, ойды нақты әрі дәл жеткізуге үйрету.

  • Тәрбиелік

    Сезімталдыққа, сөз астарын ұғынуға, ата-баба дәстүрін сақтауға және туған тілін қадірлейтін азамат болып қалыптасуға бағыттау.

Әдіс-тәсілдер және көрнекілік

Әдіс-тәсілдер

  • Әңгімелесу-сұхбат
  • Ой тастау
  • Жүйелеу
  • Миға шабуыл
  • Практикалық тапсырмалар
  • Шығармашылық ізденіс

Көрнекілік

  • Пікір парақшалары
  • Плакат
  • Кеспе қағаздар

Сабақ жоспары

1-бөлім

Тілек – тірек

2-бөлім

«Тілін білмеген – түбін білмейді»

3-бөлім

Сөз жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді

4-бөлім

«Ұлт анасы – тіл»

5-бөлім

Даналықтың дәні

6-бөлім

Сиқырлы сөздер

7-бөлім

Бата – бақытқа бастар күш

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа қатысуы мен дайындығы тексеріледі.

1) Тілек – тірек

Жылы қарым-қатынас

Оқушылар бүгінгі күннің басталуына байланысты бір-біріне жылы лебізін білдіреді.

Мысал

«Қайырлы таң! Бүгінгі істеріңіз сәтті болсын!»

2) «Тілін білмеген – түбін білмейді»

Логикалық сұрақтар

Бөлтірік пен Қазыбектің танысуы

— Ата, шақшаңыз ненің мүйізінен жасалған? — дейді бала таңырқап.

— Қоянның мүйізінен еді, шырағым.

— Қуарған жердің адамы екенсің-ау! — дейді бала шегін тартып.

— Қуарған жердің қоянының мүйізі қу тұтам болады екен-ау! Біздің жердің қоянының мүйізінен шақша емес, шаңырақ шығар еді.

Қарт сөзден жеңіліп, баланың тапқырлығына риза болып ақ батасын береді.

Сұрақтар

  1. Бала мен қарт не туралы әңгімелесті?
    A) қоян Ә) мүйіз Б) шақша В) шешендік
  2. Қазыбек би балаға не үшін бата берді?
    A) жақсы көргендіктен Ә) тапқырлығы үшін Б) аяғандықтан

Тапсырма

Көп нүктенің орнына тиісті дауысты дыбыстарды қойып, өлең жолдарын оқыңдар:

М... н қ... з... қп... н м... ң... л... п, м... ң т... р... лг.. н

3) Сөз жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді

Түсіндіру

Бүгінгі тақырып: ұлттық үрдіс және сөз мәдениеті. Қазақ халқының «қоңыр үнді, қорғасындай салмақты» ұлттық тіліндегі әдеп — ұлттық тіл мәдениетінің кепілі.

Сөз мәдениеті — оқу үдерісінде, отбасында және жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы барысында ауызша және жазбаша тілді меңгеру деңгейі.

Сөйлеу тәсілдері

  • Аз сөйлеу
  • Биязы сөйлеу
  • Мәнерлеп сөйлеу
  • Сөз мәнін айқындап сөйлеу
  • Кейбір сөзге ерекше үн беріп сөйлеу
  • Әдеппен сөйлеу

Ұлттық үрдістің көріністері

  • Ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, сөздің әуезіне сай әдепті сөйлеу
  • Шын сөйлеу
  • Ізетті сөйлеу

    «Үлкенге құрмет, кішіге ізет».

  • Салауаттылық

    «Пейілдің кеңдігі — ғажап, зейіннің кемдігі — азап».

  • Біліктілік
  • Іскерлік
  • Арлылық

4) «Ұлт анасы – тіл»

Әңгіме

Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығып, сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы мұжық өтіп бара жатып, иіліп, бас ұрып сәлем береді. Оған қарсы әлгі әкім одан да төменірек бас ұрып сәлем алады.

Қасындағы бай:

— Тақсыр, осыншама жұрттың үстінен қарайтын әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? — дейді.

Сонда әкім:

— Ешбір ілім-білім үйренбеген мұжық сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып қалайын ба? — дейді.

Ы. Алтынсарин

Тапсырма

Ой бөлісу: Әдепті сөйлеу мен сыйластықтың байланысы қандай?

5) Даналықтың дәні

Нақыл сөз

Ас — тұзбен дәмді, су — мұзбен дәмді. Ал адам — салиқалы, сапалы сөзімен дәмді.

Ә. Науаи

Тапсырма

Сын есімдерді табыңдар.

Жаттығумен жұмыс

61-жаттығу: тіл мәдениеті туралы нақыл сөздерді дәптерге жазу.

Қайран тіл, қайран сөз — наданға қадірсіз.

Абай

Өлең деген — әр сөздің ұнасымы,

Сөз қосарлық орайлы жарасымы.

Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,

Оған кімнің ұнасар таласуы.

Абай Құнанбаев

Тапсырма

Есімдіктерді табыңдар.

6) Сиқырлы сөздер

Тұрақты тіркестер
Екі иығына екі кісі мінгендей
Аяғы аяғына жұқпады
Саусағының ұшын қимылдатпады
Ит терісін басына қаптады
Жерден алып, жерге салды
Үріп ауызға салғандай
Қыздың жиған жүгіндей

Тапсырма

Берілген тіркестерді пайдаланып, мақал-мәтелдерді қатыстыра отырып сөйлем құраңдар.

«Жақсы сөз — жарым ырыс»

«Лұқпан хакім мың жыл жасапты» деген сөз ел арасына тараған екен. Осы сөздің байыбына жетпеген бір жас жігіт данагөй хакімнің өзінен сұрайды.

Сонда Лұқпан хакім былай дейді:

— Бұл сөздің шындығы бар, балам. Ғұмырымда талай адамға жолықтым. Олармен өткізген әрбір жақсы сұхбатты бір жасқа балап отырдым.

Ел аузынан

Сұрақ

Берілген мәтін сөйлеудің қай түріне жатады?

Тест

  1. Сөйлемді толықтырыңдар: «Бірлік бар жерде…»
    a) асар болады ә) тірлік бар б) білім бар в) ақпарат бар
  2. Сәлемдескенде айтылатын сөзді табыңдар:
    a) Сау болыңыз! ә) Амансыз ба! б) Қош болыңыз! в) Көріскенше!
  3. Қай сөз лайық: «Атаның баласы болма, … баласы бол».
    a) адамның ә) ананың б) шет елдің в) одақтың

Бекіту

  • Ұлттық үрдіс және сөз мәдениеті дегеніміз не?
  • Сөйлеудің түрлерін атаңдар.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырма орындауына қарай бағаланады.

7) Бата – бақытқа бастар күш

Қорытынды

Әумин десең маған,

Құдай берсін саған!

Оң жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын.

Сол жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын!

Еш жамандық болмасын!

Аман болсын мал-басың!

Қызыр болсын жолдасың!

Дастарқан байлығын берсін,

Деніңнің саулығын берсін!

Әумин!

INSERT кестесі (түртіп алу стратегиясы)

Білетінім

Мен үшін жаңалық

Мені таң қалдырады

Үй тапсырмасы

  • 88-бетті оқу
  • 63-жаттығу
  • Сөз құрамына талдау жасау

Қорытынды сөз

Назарларыңызға рақмет!