Бақаның қимыл - қозғалыстарын таныстыру

Тақырып

Көңілді жаз

Мақсаты

Балалардың көңіл күйін көтере отырып, қимылдарды музыканың ерекшеліктерімен үйлестіру дағдыларын дамыту. Шуақты көңіл күй сыйлау.

Жазғы табиғат ерекшелігін би өнерімен байланыстыру, би билеу техникасының негіздеріне үйрету: топпен және жеке орындау.

Ересектің көмегімен және өздігінен би билеуге үйрету. Өзара татулық пен достыққа тәрбиелеу.

Бақаның қимыл-қозғалыстарын таныстыру.

Дамытушылығы

Әуенді тыңдау арқылы бидің қимыл-қозғалыстарын еркін, нақты және ұқыпты орындауға үйрету.

Тәрбиелігі

Баланың биге деген қызығушылығын арттыру; би кезінде денені тік ұстауға, арақашықтық сақтауға, жаттығуларды дұрыс әрі дәл орындауға дағдыландыру.

Керекті құралдар

  • Музыкалық орталық
  • Аудиожазба
  • Биге арналған әуендер

Жүру барысы

1) Кіріспе

Балалар марш әуенімен залға кіреді: жүру және жүгіру қимылдарын жасап, ортаға шартты шеңберге тұрады.

Педагог:

— Балалар, алдымен амандасып алайық!

— Өте жақсы, рахмет, балалар!

2) Сергіту жаттығулары (әуенмен)

Жаттығулар шеңбер бойымен жүріп орындалады:

  • Аяқтың ұшымен жүріп, кеудені тік ұстау.
  • Қолды түсіріп, екі иықты кезек-кезек көтеру.
  • Жанға жүріс.
  • Жай шоқырақтау жаттығуы.

3) Әңгіме және бейнематериал

Педагог:

— Балалар, көктем мезгілі санаулы күндерден кейін аяқталып, көңілді жаз келеді. Жаз мезгілі сендерге ұнай ма?

Балалар: — Иә!

Жаз туралы бейнетаспа көрсетіледі. Әуен ойнағанда, залға Жаз ханшайымы келеді де, балалармен амандасады.

4) Қимылмен орындалатын ертегі (Жаз ханшайымы)

Жаз ханшайымы:

— Енді мен сендерге ертегі айтып беремін. Сендер ертегіні қимылмен суреттеп бересіңдер. Мұқият тыңдап, маған қараңдар.

  1. Бақта әдемі гүл өсіп тұрады.
    Балалар тізерлеп отырып, алақандарын бір-біріне түйістіріп, гүл бейнесін жасайды.
  2. Таң атады, күн нұрын шашып, табиғат оянады.
    Гүл де оянып, жапырақтарын ашады: балалар жаймен тұрып, қолдарын жоғары көтеріп, екі жаққа ашады.
  3. Самал жел соғады.
    Балалар қолдарын жан-жаққа тербетеді.
  4. Жел күшейіп, гүл жерге дейін еңкейеді.
    Балалар қатты шайқалып, қолдарын жерге тигізеді.
  5. Кенет гүл жұлынып, ұшып кетеді.
    Балалар бір орында айналады: алдымен оң жаққа, кейін сол жаққа.
  6. Құстар ұшып келеді.
    Балалар аяқтың ұшына тұрып, қолдарын жоғары-төмен қозғалтады.
  7. Аралар да келе бастайды.
    Балалар зал ішінде аралардың қимылын салып, жеңіл жүгіріп жүреді.
  8. Аралар гүлге қонып, бал жинайды.
    Балалар тізерлеп отырып, бал жинау қимылын көрсетеді.
  9. Аралар бізге не сыйлайды?
    Балалар: — Бал!
  10. Бақта бақалар да жүр екен!
    Балалар бақа қимылын салып секіреді.
  11. Бақалар қалай сөйлеседі?
    Балалар: — Квак-квак!
  12. Арамызда ең үлкен бақа бар ма?
    Балалар жоғары секіріп, алақандарын бастарынан асырып соғады.

Осылайша, Жаз ханшайымының ертегісіндегі кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстарын бірге орындап шықтық.

5) Би үйрену: «Көбелек биі»

Жаз ханшайымы балаларға «Көбелек биін» үйренуді ұсынады. Алдымен аяқ пен қол позицияларын еске түсіріп, орындап көреміз.

Негізгі қимылдар реті

  1. Жерде отырып бастау; әуен басталғанда жаймен тұру.
  2. Екі жаққа алма-кезек қол мен дене қимылын жасау.
  3. Екі қолды төмен қоя отырып қимыл орындау.
  4. Бір орында тұрып айналу.
  5. Екі тіземен жерге отырып, алға қарай қимыл жасау.
  6. Жаймен тұрып, «қанаттарын» бір-бірлеп көтеру.
  7. Жаймен алға жүріп келіп, қайтадан отырып қалу.

Педагог: — Жарайсыңдар, балалар! Енді маған қарап, би қимылдарын қайталаңдар.

6) Ойын: «Өз жұбыңды тап»

Шарты

Әуен ойнағанда балалар өз еріктерімен билеп жүреді. Әуен тоқтағанда әр бала өз жұбын тауып тұрады.

7) Қорытынды

Би жетекшісі:

— Балалар, көңілді жаз туралы оқу іс-әрекетіміз ұнады ма?

— Бізге қонаққа кім келді?

Балалар: — Жаз ханшайымы!

— Рахмет, балалар. Бүгінгі оқу іс-әрекетіне өте жақсы қатыстыңдар. Жаз ханшайымына ризашылығымызды білдіріп, жылы лебіз айтып, шығарып салайық.