Қуанышқа ортақпыз, Құтты болсын тойларың
Мақсаты
Білімділік
- Оқушылардың алған білімдерін бекіту, білім, білік, дағдыларын көрсету.
- Ұқыптылыққа, жинақылыққа, үлкендерді сыйлауға, сөзін тыңдай білуге тәрбиелеу.
- Ойын арқылы ұйымшылдыққа, бауырмалдыққа баулу.
Дамытушылық
- Мәнерлеп өлең мен қара сөзді айта білуге дағдыландыру.
- Үйренген білім, білік, дағдыларын одан әрі дамыту.
- Тілін дамыту, сөздік қорын молайту, байланыстыра сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Тәрбиелік
- Оқуға, білім алуға қызығушылық қалыптастыру.
- Қоршаған ортаны аялауға, достық пен жанашырлық қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.
- Ойын арқылы ұйымшылдыққа, бауырмалдыққа баулу.
Көрнекілігі
Ертеңгілік барысы
Мұғалімнің құттықтау сөзі
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар!
Өлшеулі ар-намысы халқымыздың,
Қорғаны адамдықпен салтымыздың.
Армысыздар, аяулы ұстаздарым,
Сенері сіздерсіңдер халқымыздың!
Өмір берер ертеңгі бағаларым,
Әліппемен қоштаспақшы балаларың.
Халқыма ұрпақ берген, өмір берген,
Қош келдің, ата-әке, әжелер мен аналарым!
Кеше ғана білім баспалдағына алғаш қадам басқан бүлдіршіндер қоңыр күзде күміс қоңыраудың үнімен тұңғыш рет қолдарына ұстап, бетін ашқан оқулығы — Әліппе еді. Бұл кітап — ғылым дүниесінің алғашқы соқпағы, білімге бастайтын алғашқы жол.
Осы Әліппе арқылы 42 әріпті меңгеріп, енді одан да жоғары, үлкен-үлкен биік шыңдарға көтерілмекпіз. Олай болса, ертеңгі күннің үмітін ақтар еліміздің болашақ азаматтары — 1 «А» сынып оқушыларын ортаға шақырамыз. Қол соғып қошеметтейік!
Музыка әуенімен 4-сынып оқушылары 1-сынып оқушыларын жетектеп шығарады. Қолдарында шарлар мен жалаушалар болады.
Бата және құттықтау сөз
Құрметті ұстаздар, ата-аналар!
Кез келді сіздерден бата алар.
Ұл-қыздарың көрсетпекші өнерлерін,
Бар қауым таңдана таңдай қағар!
Алғашқы құттықтау сөз кезегін мектебіміздің басшысы Мақсұт Түрсәлімұлына береміз.
Өсті, міне, бойларың,
Өсті, міне, ойларың.
Қуанышқа ортақпыз,
Құтты болсын тойларың!
Енді мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер. Мереке баршаңызға құтты болсын!
Сөз кезегі — бүлдіршіндерде
Меруерт
Армысыздар, құрметті қонақтар!
Төлеген
Сәлеметсіздер ме, ата-аналар, ұстаздар!
Меруерт
Кешегі сәби балаңыз —
Жарады, міне, қараңыз.
Ғылым-білім жолына
Енді қайық саламыз!
Ақерке
Елімізде жылма-жыл біз секілді тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер қатары артып келеді.
Сұлтанбейбарыс
Ал бүгін сол бүлдіршіндердің, соның ішінде №5 жалпы орта білім беру мектебінің 1 «А» сынып оқушыларының қуанышында шек жоқ.
Елназ
Себебі біз тұңғыш рет қолымызға алып, хат танып, сауатымызды ашқан сенімді досымыз — Әліппемен қоштасқалы отырмыз.