НҰРҒИСА ҚАЗАҚТЫҢ СҰЛУ САЗДЫ ЖҮРЕГІ атты шығармашылық кешімізге қош келдіңіздер
Шығармашылық кешке кіріспе
Орындағандар: Машанова В. Ж., Идирова Ж. С.
Жүргізуші: Саламатсыздар ма, құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар! «НҰРҒИСА — ҚАЗАҚТЫҢ СҰЛУ САЗДЫ ЖҮРЕГІ» атты шығармашылық кешімізге қош келдіңіздер.
Ең көшпелі тарих — ән мен күйдің тарихы. Ұлы болу үшін алдымен ұл болу керек дейді. Бірақ еркек атаулының бәрін «ұл» деу қиын. Қазақ қашанда мақтағанда: «Әй, ол атадан ұл болып туған!» дер еді. Дегенмен, бұл әлі «ұлы» деген сөз емес.
Ұл десеңіз де, ұлы десеңіз де — қандай мақтауға да сиятын тұлғалардың бірі, бүгінде арамызда жоқ композитор Нұрғиса Тілендиев.
Бүгін, 1 сәуір күні, көрнекті композитор, Қазақстанның халық қаһарманы, дәулескер күйші, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туғанына 90 жыл толды.
Өнерге басталған жол
Нұрғиса туған Шилікемердегі үйде ол бесікте іңгәлап жатқан кездің өзінде әкесі Тілендінің тартқан күйлерімен құлағы ашылғандай еді. Ес біле бастағанда Дәурен салдың, Бейсебай Қаратаевтың, Шүкітай Әбдікәрімовтың, Иса Тергеусізовтың және өзге де өнерпаздардың құс айналғандай құштар әуезді әндері оған ерекше әсер етті.
Қазақ «өнерді үйрен, үйрен де жирен» дейді. Нұрғиса да естігенінің бәрін бойына сіңірді. Әсіресе, түп-тұқияннан сыр шертіп, сонау сақ, үйсін, ғұн дәуірлерінің зары мен мұңын, қуанышы мен шаттығын арқалап жеткізген Әл-Фарабидің домбырасы мен Қорқыттың қобызы оның рухани серігіне айналды.
Қазақтың қоңыр домбырасы Нұрғиса Тілендиевті елге әйгілі, халқына ардақты, қазақтың ұлы Нұрғисасына айналдырды.
Сахналық мәтін және концерт бағдарламасы
Жүргізуші сөзі
Алатаудай асқақтап, әлемнің күйін ардақтап, елімен бірге Нұрғиса өнермен жүрді сыр сақтап. Алатау әнін шырқатып, көктем күнін жырлатып, сәбилер сазын жинады — атасы күйдің атанып.
Сөзі: Н. Әлімқұлов • Әні: Н. Тілендиев
«Алатау» — орындайтын: ________________________
Уақыттан озған мұра
Нұрғиса Тілендиев арамызда жоқ болғанымен, оның шығармалары бүгінгі күнге дейін тыңдарманға қуаныш сыйлап келеді. Біз оны Құдай берген ерекше дарын иесі дейміз. Оның туындылары уақыт өте өзектілігін жоғалтпай, шығармашылығы ең жоғары бағаларға лайық екенін дәлелдеді.
Нұрғиса Атабайұлы ұлттық әуен мен заманауи мелодияны шебер ұштастыра білді.
Экранға назар аударайық:
Н. Тілендиев туралы өмірбаяндық деректі фильм көрсетіледі.
Күйін тартса сыңғырлап, құлағыңа сыбырлап, жатқандай бір нәзік үн — оятады тұр-тұрлап.
Н. Тілендиевтің күйі «Әлқисса» — орындайтын: __________________________
Музыкалық мәдениеттегі орны
Нұрғиса Тілендиев — қазақ музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер.
(Оқушылар өлең оқиды.)
Ол — 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Мұрасының жанрлық ауқымы кең: ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет және т.б.
Ірі шығармалары
- «Достық жолымен» (1958)
- «Менің Қазақстаным» кантатасы (1959)
- Қ. Қожамьяровпен бірге жазған «Алтын таулар» операсы (1961)
- «Ата толғауы» және оркестрге арналған шығармалар (1962)
- «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) увертюралары
Күйлері мен әндері
«Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері және «Сарыжайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» секілді ондаған әндері халықтық бояу-нақыштың қанықтығымен, қолтаңбасының айқындығымен тыңдарманның сүйікті қазынасына айналды.
Театр, кино және сахна әлемі
Нұрғиса Тілендиев қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазды. М. Әуезов, Ш. Айманов, Ә. Тәжібаев пьесаларына жазылған музыкалары, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдеріндегі әуендері қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналды.
«Қыз Жібек» фильмінен үзінді
(Кино көрсетіледі.)
«Аққу» күйі — Жүнісов Әділдің орындауында.
«Менің атым Қожа» фильмінен үзінді
(Кино көрсетіледі.)
«Туған ел» — Еркінқала балалар саз мектебінің ансамблі орындауында.
«Көксерек» фильмінен үзінді
(Кино көрсетіледі.)
«Сарыжайлау» (сөзі: Т. Молдағалиев) — орындайтын: Бекбергенова Бибігүл.
Өмірі мен қызмет жолы
Нұрғиса Тілендиев Мәскеудегі П. И. Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік факультетін профессор Н. П. Аносовтың класында тәмамдады. Ол Қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында (1953–1961), Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961–1964) және өзі тікелей ұйымдастырған «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981–1998) бас дирижер қызметін атқарды.
Сондай-ақ, 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясында музыка редакциясының бас редакторы болды.
«Алғыр қыран да, қамал бұзар батыр да, желден озған жүйрек те, күн тимес сұлу да — бәрі де дүниеден өтеді. Өлмейтін тек өнер» дейді. Нұрғиса Тілендиевтің өнері мен асыл музыкасы халқымыздың құлағында мәңгі қалады.