Отбасының басшысы кім

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың тақырыбы

Отбасының берекесі

Сабақ түрі

Жаңа сабақ

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың отбасы туралы түсінігін кеңейту, өз ойларын жүйелі түрде жеткізе білуге үйрету.

Сабақтың міндеттері

  • Сөздік қорын молайту.
  • Логикалық ойлау қабілетін дамыту.
  • Адамгершілікке тәрбиелеу.

Әдістері мен көрнекілігі

Әдістері

Сұрақ-жауап, әңгімелеу, топпен жұмыс, ойындар

Көрнекілігі

Мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, суреттер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сыныпты сабаққа әзірлеу.
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

II. Психологиялық дайындық

Жылы қарым-қатынас орнатуға бағытталған қысқа сергіту және ынталандыру жұмыстары.

III. Үй тапсырмасын тексеру

Интерактивті тақтамен жұмыс:

  • «Жануарлар әлемін қорғау» мәтіні бойынша мазмұнын айту.
  • Өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің азайып бара жатқаны неліктен?
  • Халқымыз ежелден жануарлар мен өсімдіктерді қалай қорғаған?
  • Осы мәтін бойынша Төле би туралы қандай аңыз айтылады?
  • Қазақ халқы қандай жануарлар мен құстарды қасиетті деп санаған?

Тақырыпқа кіріспе

Жаңа сабаққа өтпес бұрын «Кім көп біледі?» ойыны арқылы бүгінгі тақырыпты анықтаймыз. Оқушылардың жауабынан негізгі ұғым шығады: отбасы.

  • Отбасына кімдер жатады?
  • Отбасы туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

Осылайша, жаңа сабақтың тақырыбы жарияланады: «Отбасының берекесі».

IV. Жаңа сабақ

Сабақ ойын түрінде ұйымдастырылады және топтық жұмысқа негізделеді.

Топтарға бөлу

I топ: Қамқоршы

Топ басшысы: Бақтибаев Азамат

II топ: Жәрдемші

Топ басшысы: Камал Уәлихан

III топ: Көмекші

Топ басшысы: Нұралина Жұлдызай

Топ басшылары бағалау парағы арқылы өз тобындағы оқушылардың белсенділігін бақылап, бағалап отырады.

Сюжеттік кезең

Есік қағылып, сыныпқа ата мен әже «қонаққа келеді». «Қырықтың бірі — Қыдыр» деген сөздің мәнін еске түсіріп, әженің «Сандық стратегиясы» тапсырмалары орындалады.

  1. 1) Не тәтті? — Ананың сүті тәтті.
  2. 2) Не жұмсақ? — Ананың қолы жұмсақ.
  3. 3) Не қатты? — Атаның жүрегі қатты.
  4. 4) Кім жақын?

    Тату болса — ағайын жақын,

    Ақылшың болса — апайың жақын.

    Алдыңа тартқан адал асың —

    Қимас жақын қарындасың.

  5. 5) Не қымбат?

    Алтын ұяң — Отан қымбат,

    Құт-береке — атаң қымбат,

    Айналайтын — анаң қымбат,

    Бәрінен де ар мен ұят қымбат.

V. Оқулықпен жұмыс

  • Мәтінді мұғалім оқиды, түсіндіреді.
  • Оқушылар мәтінді тізбектей оқиды.

Атаның тапсырмасы: «Қоржындағы асық» ойыны

Ойын шарты: қоржыннан асық алып, асықтағы тапсырмаға жауап беру.

1) Отбасын кімдер құрайды?

Ата, әже, ана, әке, аға, әпке, іні, қарындас, сіңілі.

2) Ұл мен қызды жасына қарай қалай атайды?

Қарындас, әпке, сіңілі, аға, іні.

3) Отбасының әдет-ғұрпы туралы түсініктеме бер.

Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау; үлкен — кішіге ақылшы, кіші — үлкенге көмекші.

4) «Неке» дегенді қалай түсінесің?

Сүйіспеншілікпен қосылған екі адамның ерікті одағы.

5) Отбасының негізгі жауапкершілігі кімдерге жүктелген?

Ата-анаға.

6) Үлкенге көмек дегенді қалай түсінесің?

Үлкендердің затын көтеру, айтқанын орындау, қолғабыс жасау.

7) Конституцияда отбасыға қамқорлық туралы не айтылған?

27-бапта неке мен отбасы, әке мен ана және бала мемлекеттің қорғауында екені көрсетілген.

8) Отбасының ұйытқысы кім?

Ана.

9) Отбасының басшысы кім?

Әке.

Тапсырмалар дұрыс орындалғаннан кейін ата оқушыларға бата береді.

VI. Сергіту сәті

«Кім жылдам?» ойыны: отбасы мүшелеріне қатысты заттарды жылдам құрастыру арқылы оқушылар сергіп алады.

VII. Дәптермен жұмыс

«Менің отбасым» тақырыбында немесе берілген сурет бойынша шағын эссе жазу.

VIII. Қорытынды

Отбасы — ең жақын адамдардың ортақ шаңырағы. Отбасында әркім бір-бірін жақсы көріп, қамқор болады. Үлкеннің ақылын тыңдап, досты қолдап, қиын сәтте бір-бірімізді қорғау — берекелі өмірдің тірегі.

Тәрбиелік түйін

Ата-ананы тыңдайық,

Айтқанынан шықпайық.

Ал достарды қолдайық,

Қиын шақта қорғайық.

INSERT әдісі арқылы бекіту: Не үйрендік? Не білдік?

Сабақ соңында топтардың ұпайы салыстырылып, ең жоғары ұпай жинаған топ анықталады. Тілек: отбасымыз аман, деніміз сау болсын!

IX. Бағалау

Әр топ басшысы бағалау парағы бойынша өз тобындағы оқушылардың жұмысын бағалайды.

X. Үй тапсырмасы

  1. «Отбасының берекесі» мәтінін мәнерлеп оқып, мазмұнын айту.
  2. Отбасыға байланысты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жаттау.
  3. Мәтін бойынша сурет салып келу.