Көктем алаңы Тәжірибе жасау

Тіл дамыту Қоршаған ортамен таныстыру Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Білімділік

Көктем мезгіліндегі табиғи құбылыстарды, өсімдіктер мен жануарлардағы маусымдық өзгерістерді және адамдардың көктемгі пайдалы іс-әрекеттерін түсіндіру. Сурет бойынша әңгіме құрауға үйрету.

Дамытушылық

Балалардың білуге құмарлығын арттыру, байқағыштығын және байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік

Табиғат құбылыстарын бақылау арқылы сүйіспеншілікке, табиғатты аялауға және ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Мотивациялық-қозғаушылық кезең

«Шаттық шеңбері»

Құлыншақ — біздің үйіміз,
Құлыншақ тобының
Ұлы менен қызымыз.
Айнала билеп, ән айтып,
Көңілді болып жүреміз.

Балалардың назарын сабаққа бағыттау, жағымды көңіл күй қалыптастыру.

Ұйымдастырушылық-ізденушілік кезең

Психологиялық кіріспе: табиғат дыбыстары

Оқу іс-әрекеті көктем мезгілінің табиғи дыбыстарымен басталады: құстардың сайрауы, жылғадағы аққан судың сылдыры.

Сұрақ-жауап

  • «Балалар, бұл ненің дыбыстары?»
  • «Иә, бұл — табиғат құбылыстарының дыбыстары.»
  • «Қазір қай жыл мезгілі?»

Жаңа сабақ: «Көктем келді»

Көктемде күн шуағын шашып, қар ериді. Сай-салаға су толып, жыралардан су ағады. Ағаштар бүршік жарып, жапырақ жаяды — табиғат жасыл желекке оранады. Ең алғашқы бәйшешек көрініп, қызғалдақтар бүрлейді. Құстар жылы жақтан қайта оралады. Егістікте жер жыртылып, дән себіледі. Ал жайлауда қой қоздап, сиыр бұзаулайды.

Негізгі ой

Көктем — табиғаттың жаңаратын, еңбек пен үміттің басталатын тамаша мезгілі.

Суретпен жұмыс және жұмбақтар

Балаларға көктем көрінісі бейнеленген сурет көрсетіледі. Мақсат — суретке сүйеніп әңгіме құрау және көктем белгілерін нақтылау.

Тапсырма

  • «Сурет әдемі ме?»
  • «Ендеше, суретті одан әрі сәндеп, түрлендірейік.»
  • Жұмбақтың шешуін тауып, тиісті бейнені суретке орналастыру.

Жұмбақтар

Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.

Аспандағы көлеңке,
Жерге сусын себеді.

Жазда жайнайды,
Күзде жайрайды.

Өзі сондай нәзік,
Су құйсаң кетеді,
Алақаныңды жайып.

Шарлап келіп даланы,
Үйіме-үйін салады.

Айт десе жүгірмес,
Су тисе сілкінбес.

Қорытынды сұрақтар

  • «Бұл суретте қай жыл мезгілі бейнеленген?»
  • «Көктем мезгілінде неше ай бар?»
  • «Көктемнің айларын атаңдар.»

Тіл дамыту: дыбыстық жаттығулар

Тіл ұстарту

Тем-тем-тем, келді көктем.

Шек-шек-шек, шығады бәйшешек.

Ғажайып сәт

Қонаққа «Көктем» келеді. Балалардан көктем және құстар туралы тақпақтар сұралады.

Назар

Тақпақ айту барысында анық сөйлеу, дұрыс тыныстау және интонацияға мән беру ескертіледі.

Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс арқылы өлең

Мынау — менің жүрегім,
Бәрі осыдан басталады.
Мына басым — ақылды,
Бәрін осы басқарады.
Мынау — менің оң қолым,
Мынау — менің сол қолым,
Бәрін осы атқарады.

Қимылды ойын: «Көктем алаңы»

Ойын шарты

Балалар суреттерді қыстырғыш және қақпақ арқылы сәндеп, белгіленген орындарға дұрыс орналастырады. Мақсат — ұсақ моториканы, зейінді және топта жұмыс істеу дағдысын дамыту.

Зейін Ұсақ моторика Топтық жұмыс

Тәжірибе жасау: бидай егу

Тақырыпқа кіріспе

Балалардың назары үстел үстіндегі нан тағамдарына аударылады. Нан тағамдары ұннан жасалатыны, ал ұн бидайдан алынатыны түсіндіріледі. Бидай көктемде егіліп, еңбек арқылы өнімге айналып, дастарханға келеді.

Өмірмен байланыс

«Дәннен — нанға дейін» жолы еңбекке құрмет пен табиғатқа жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Қадамдық нұсқаулық

  1. 1 Топырақ (немесе құм) салынған ыдысты дайындаймыз.
  2. 2 Ортасын таяқшамен аздап шұңқырлаймыз.
  3. 3 Бидай тұқымын салып, бетін жеңіл тегістейміз.
  4. 4 Үстіне аздап су құямыз.

Бақылау тапсырмасы

Күн сайын тұқымның өзгерісін бақылап, «бүршік», «көктеу», «өсу» сөздерін қолдана отырып әңгімелеу.

Қорытынды және қоштасу

«Көктем» балалармен қоштасады. Сабақ соңында көктем белгілері қайталанып, табиғатты аялау туралы қысқаша қорытынды жасалады.

Білім беру ұйымы

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
«Құлыншақ» ясли-балабақшасы

Тәрбиеші

Кеуелова Бақтыгүл Сұлтанбекқызы