Қызғалдақ пен қарасора

Сабақтың мақсаты

Бұл сабақ мысал жанры арқылы оқушылардың мәтінді түсінуін, негізгі ойды айқындауын және адам бойындағы жағымды мінез-құлықты таңдауға үйренуін көздейді.

Білімділік

  • Мәтіндегі негізгі ой мен идеяны ұғындыру
  • Сұрақ қою арқылы жан-жақты ойлауға үйрету
  • Болжау стратегиясы мен әңгіме кестесін қолдану

Дамытушылық

  • Өз ойын қорытындылай білуге дағдыландыру
  • Сауатты, мәнерлеп оқуды дамыту
  • Өзіндік жұмыс пен ізденіс дағдыларын қалыптастыру

Тәрбиелік

  • Жақсы қасиеттерді дәріптеу
  • Жаман қасиеттерден (қызғаныш, мақтаншақтық) аулақ болуға тәрбиелеу

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, сыныптың жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Үй жұмысы: Ә. Асылбековтің «Түлкі мен тиін» мысалын дұрыс түсініп, мәнерлеп оқу. Сонымен бірге болжау стратегиясы бойынша сюжетті өзгертіп, «тоқсан тоғыз айлалы түлкіні» өлімнен құтқаруға бағытталған әңгіме жазу және сурет салып келу.

  • Рөлге бөліп оқыту
  • Түлкі мен тиінге мінездеме беру
  • Әр оқушы өз әңгімесін оқып, салған суретін таныстыру
  • Болжау стратегиясы бойынша жұмыстарды талдау және тексеру

III. Жаңа сабақ

Тақырып: «Қызғалдақ пен қарасора». Сабақ мысал арқылы жаман әдеттің бірін сынауға арналған.

Назар аударатын сұрақтар

  • Мақтаншақтықтан өзге қандай жаман қасиеттерді білесіңдер?
  • Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді айтып еске түсірейік.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты таныстырылады. Мысалдың авторы С. Сарғасқаев туралы қысқаша мәлімет беріледі. Шығарманың қара сөзбен жазылғаны атап өтіледі.

Қызығушылықты ояту: ой қозғау

Мысалды оқымас бұрын қызғалдақ пен қарасора туралы білетінімізді тізімдейміз: сипаттаймыз, суретін саламыз, көз алдымызға елестетеміз.

Қызғалдақ Ұқсастығы Қарасора
Гүл, әдемі. Өсімдік. Үйде де, далада да өседі. Көктемде өсіп шығады. Ауа, су, жарық, жылу қажет. Шөптесін өсімдік. Иісі жоқ. Жасыл, көк. Далада өседі.

Жұппен пікір алмасамыз: тізген білімімізді ортаға салып, кейін мәтінді оқуға көшеміз.

Оқулықпен жұмыс

  1. 1 Мұғалім мысалды мәнерлеп оқиды, суреттерін көрсетеді. Сұрақ-жауап арқылы талдау: «Ұнады ма? Мысал не туралы?»
  2. 2 Оқушылар мәтінді іштей оқиды.
  3. 3 Рөлге бөліп оқиды.

Мағынаны тану: белгілеу әдісі

Оқушылар мәтінмен жұмыс барысында V, +, −, ? белгілерін қолданады. Түсініксіз сөздер мен тіркестер ? белгісімен белгіленіп, талқыланады.

Мысал сөздер

«Сұлутөр», «үшкір-үшкір», «күреңденіп», «жыртып тастады»

Нәтиже

Түсіндірме беріледі, сөздік жұмысы жүргізіледі.

Сергіту сәті

Отырайық жүрелеп,

Гүлді үзіп алайық.

Орнымыздан түрегеп,

Басқа гүлге барайық.

IV. Бекіту: ой толғаныс (топпен жұмыс)

Әр топқа 5 минут уақыт беріледі. Талқылау сұрақтары арқылы мәтіндегі идеяны тереңдетеміз.

I топ

Қызғалдаққа мінездеме беріңдер. Оған ұқсағыларың келе ме? Неге?

II топ

Қарасора сендерге ұнай ма? Оған ұқсағыларың келе ме? Неге?

III топ

Қандай дәрілік шөптерді білесіңдер? Неге олар «дәрілік шөптер» деп аталады?

IV топ

Қызыл кітапқа енген қандай өсімдік, аң, жануарларды білесіңдер? Қызғалдақ Қызыл кітапқа енген бе?

V топ

Қандай гүл түрлерін білесіңдер? Атаңдар.

V. Қорытынды

Тақтаға ватман ілініп, әңгімелеу кестесі толтырылады. Екі мысалды салыстыру арқылы ортақ идея мен тәрбиелік мәні қорытындыланады.

Сұрақ «Түлкі мен тиін» «Қызғалдақ пен қарасора»
1. Мысалдың аты Түлкі мен тиін Қызғалдақ пен қарасора
2. Авторы Ә. Асылбеков С. Сарғасқаев
3. Оқиға орны Орманда Далада
4. Кейіпкерлер Түлкі мен тиін Қызғалдақ пен қарасора
5. Не үшін мақтанды? Қулығымен жеу үшін Қызғаныштан
6. Кімдікі дұрыс? Тиіндікі Қызғалдақтікі
7. Кейіпкер несімен ұнады? Неге? Тиін — ақылдылығымен Қызғалдақ — әдемілігімен
8. Соңында не болды? Түлкіні қасқыр жеп қойды. Қарасораны диқандар жыртып тастады.
9. Идеясы Ақылды болу, мақтаншақ болмау керек. Қызғаншақ болмау, қарапайым болып, әдемілікті бағалай білу.

Жалпы ой түйіні

Оқушылар тоғыз сұраққа жеке ізденіп жауап береді, кейін топтасып қорытынды жасайды: алғашқы мысал — ақылды болуға, екінші мысал — қызғаныштан аулақ болып, қарапайым әсемдікті қадірлеуге тәрбиелейді.

VI. Бағалау

Мақал-мәтелдер айтқызу арқылы оқушылардың түсінгенін пысықтап, білімдері бағаланады.

VII. Үй тапсырмасы

  • «Менің гүлім» тақырыбында әңгіме жазу
  • Суретін салу
  • Мәтінді мәнерлеп оқу