Эссе жазу тәртібі

Эссе жазудың құрылымы мен тәртібі

Эссе — ойды жүйелі жеткізуді, дәлелді пікір айтуды және қорытындыны нақты түюді талап ететін жанр. Төменде эссені сауатты құрастыруға көмектесетін негізгі кезеңдер берілген.

1) Титул беті

Жұмыстың ресми деректері (оқу орны, пәні, тақырыбы, орындаған және тексерген тұлғалар, жыл) көрсетіледі. Ресімдеу талаптары оқу орнының ережесіне сай болуы тиіс.

2) Кіріспе

Кіріспе — берілген тақырыпты негіздейтін, логикалық және стилистикалық тұрғыдан байланысқан ойлар жүйесі. Бұл кезеңде зерттеу барысында ашылатын мәселені нақтылап, негізгі сұрақты дұрыс қою маңызды.

Кіріспені жазғанда өзіңізге қоятын жетекші сұрақтар:

  • Тақырыпқа қысқа әрі нақты анықтама беру қажет пе?
  • Бұл тақырып неліктен маңызды?
  • Тұжырымдауда қандай негізгі ұғымдарды қолданамын?
  • Тақырыпты шағын тақырыпшаларға бөлуге бола ма?

3) Негізгі бөлім

Негізгі бөлімде тақырыптың теориялық негізі ашылып, басты сұрақтың мазмұны талданады. Эссенің негізгі салмағы осы бөлімге түседі, сондықтан оны шағын тақырыпшаларға бөліп жазу тиімді.

Әр тақырыпша аргументті түрде тұжырымдалса, негізгі сұраққа сенімді жауап беруге көмектеседі. Аргументтер мен талдауларды, әртүрлі позицияларды көрсету негізгі бөлімнің толыққанды жазылуына мүмкіндік береді.

Талдауды тереңдетуге көмектесетін логикалық категориялар:

  • Себеп — салдар
  • Жалпы — айрықша
  • Форма — мазмұн
  • Бөлік — тұтас
  • Тұрақты — өзгермелі

Тақырыпшаларды орынды қолдану ойдың логикалық өрбуін айқындап, тақырыпты жүйелі ашуға жағдай жасайды.

4) Қорытынды

Қорытынды — жалпылама түйін ғана емес, аргументке сүйенген, қолдану аясы көрсетілген, негізгі ойды бекітетін бөлім. Мұнда негізгі бөлімде қойылған сұрақтың мәні нақтыланып, мазмұнның маңыздылығы ашылады.

Қорытындыда жиі қолданылатын тәсілдер:

  • қайталау (негізгі ойды жинақтап бекіту);
  • иллюстрация (мысал арқылы түйіндеу);
  • цитата (ойды дәл әрі ықшам жеткізу);
  • әсерлі тұжырым (оқырманға ой салатын қорытынды сөйлем).

Эссе жазудағы дәлелдеу аппараты

Дәлелдеу — белгілі бір тұжырымға сүйене отырып, оған қатысты шынайы пайымды анықтауға қолданылатын логикалық тәсілдер жиынтығы. Дәлелдеу сеніммен байланысты болғанымен, онымен тең емес: аргументтеу ғылымға және қоғамдық-тарихи тәжірибеге негізделеді.

Сенім — жорамал сипатындағы, нақты дәлелденбеген білімге сүйенетін ұстаным.

Дәлелдеудің құрылымы

  • Тезис

    Дәлелдеуді қажет ететін тұжырым.

  • Аргумент

    Тезистің ақиқаттығын негіздейтін дәлелдер.

  • Қорытынды

    Фактілерді талдауға сүйенген ой түйіні.

Бағалаушы тұжырым — біздің сенімімізге, нанымымызға және көзқарасымызға негізделген пікір.

Аргументтердің негізгі топтары

1) Тексерілген фактілер (нақты материал)

Фактілер — белгілі бір тенденцияны айқындайтын деректер қоры. Сол қордың негізінде әр сала бойынша заңдылықтарды және нақты жағдайға сол заңның ықпалын анықтауға болады.

2) Анықтамалар

Анықтамалар тезиспен байланысты ұғымды нақтылап, оны аргумент ретінде қолдануға мүмкіндік береді.

3) Ғылым заңдары және бұрын қолданылған теоремалар

Жалпыға белгілі заңдар мен дәлелденген теоремалар тезисті негіздеудің сенімді тірегі бола алады.

Тезис пен аргументтің логикалық байланысы

Тезис пен аргументтердің өзара логикалық сабақтастығын сақтау үшін олардың байланысу тәсілдерін білу қажет. Бұл байланыстар тура, қосымша және айрықша бөліп көрсететін түрлерде көрінуі мүмкін.

Тура аргумент

Тезистің шындығы аргументтен анық көрініп тұрады. Мысалы: «Біз бүгін сабаққа баруға тиісті емеспіз, себебі бүгін — жексенбі».

Тура дәлелдеуде индукция, дедукция, аналогия, сондай-ақ себеп–салдар байланыстары қолданылады.

Автор туралы мәлімет

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жаланаш ауылы, Жамал Ермегияев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Нұрсадықова Гүлан Нұрлыбайқызы.