Белгісіздік есімдіктерін қатыстыра отырып сөйлем құрату

Сабақтың тақырыбы

Болымсыздық және белгісіздік есімдіктері (слайд арқылы).

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Белгісіздік және болымсыздық есімдіктері туралы кең түсінік беру, олардың ерекшеліктерін таныту.

Дамытушылық

Оқушылардың алған білімдерін жетілдіру, сөздік қорын молайту, ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Оқушыларды адалдыққа, адамгершілікке және ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың сипаттамасы

  • Түрі: аралас сабақ.
  • Әдістері: миға шабуыл, талдау, ребус құрау, сұрақ-жауап, сөзжұмбақ шешу.
  • Көрнекілігі: бағалау парақтары, үлестірмелі парақшалар, интерактивті тақта.
  • Жұмыс формалары: жеке, топтық және сынып ұжымымен жұмыс.

Негізгі ұғымдар

Болымсыздық есімдігі

Жоққа шығару, болымсыз мағына білдіретін есімдіктер.

Белгісіздік есімдігі

Затты, сындық белгіні немесе сан-мөлшерді белгісіз түрде жорамалдап, тұспалдап көрсететін есімдіктер.

Жаңа сабақ: түсіндіру бөлімі

Болымсыздық есімдіктері

Болымсыздық есімдіктеріне: ештеңе, ештеме, ешбір, ешқашан, ешқандай, ешқайдан, ешқайда, ешқайсысы, дәнеңе, дәнеме және т.б. сөздер жатады.

Қызметі

Ешкім, ешқайсысы, дәнеңе, ештеңе — көбіне зат есімнің орнына жұмсалады.

Ешқашан, ешқайда, ешқайдан — үстеу мәнінде, мезгілдік не мекендік мағынадағы сөздердің орнына қолданылады.

Мысал

«Бұл жерде ешкім сырымды білмейді, айтып не етейін?»

Мұнда ешкім есімдігі кім? сұрағына жауап беріп, адам мәнінде қолданылған және сөйлемде бастауыш қызметін атқарады.

Жазылу ерекшелігі

Болымсыздық есімдіктері көбіне еш сөзі мен бір, кім, қашан, қандай, қайдан, қайсысы тәрізді есімдіктердің бірігуі арқылы жасалады. Сондықтан олар бірге жазылады.

Ал еш сөзі басқа сөздермен (мысалы, зат есімдермен) тіркескенде бөлек жазылады.

Мысалы: «Сенен басқа еш жерден таба алмадым орнымды» (Абай).

Белгісіздік есімдіктері

Белгісіздік есімдіктеріне: біреу, кейбіреу, бірдеме, әркім, әрне, әлдекім, әлдене, кімде-кім, бір, қайсыбір, кейбір, қайсыбіреу, әр, әрбір, қайбір, бірнеше, әлденеше, біраз, әрқалай, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқашан, әлдеқайдан, әрқашан сияқты сөздер жатады.

Анықтама

Затты, сындық белгіні немесе сан-мөлшерді белгісіз етіп жорамалдап, тұспалдап көрсету мәнін білдіретін есімдіктің түрі — белгісіздік есімдігі.

Мысалы: «Бұндайды біреу күшін, біреу түсін» (Абай). Бұл сөйлемдегі біреу есімдігі белгісіз бір адам мағынасында қолданылған.

Жазылу ерекшелігі

әлде, әр, кей, қай, бір сөздері басқа есімдіктермен (біреу, кім, не, қашан, қалай, қайда т.б.) тіркескенде бірге жазылады.

Ал басқа сөз таптарымен (мысалы, зат есіммен) тіркескенде бөлек жазылады.

Тақырып слайд арқылы түсіндіріледі. Түсіндіру аяқталғаннан кейін оқушылар жаттығу жұмыстарын орындайды.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Сәлемдесу.
  2. 2 Оқушыларды түгелдеу.
  3. 3 Сыныпты үш топқа бөлу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • Миға шабуыл.
  • Сатылай кешенді талдау.
  • Тест тапсырмалары.

III. Жаңа сабақ

Оқушыларға болымсыздық және белгісіздік есімдіктері тақырыбы түсіндіріледі (слайд арқылы).

IV. Оқулықпен жұмыс

203-жаттығу: мәтінді оқып, есімдіктерді мағыналық түрлеріне қарай ажырату.

V. Шығармашылық тапсырмалар

Ребус құрау: үш топ ребус құрастырады.

205-жаттығу: өлең шумақтарын мәнерлеп оқу; белгісіздік есімдіктерін қатыстырып сөйлем құрау.

VI. Есімдіктерді септеу

Үш топ ешкім, әркім, кейбіреу есімдіктерін септейді.

VII. Сөзжұмбақ шешу

Тақырып бойынша сөзжұмбақ шешу арқылы білімді бекіту.

VIII. Сабақты қорыту

Негізгі ұғымдарды қайталау, сұрақ-жауап арқылы қорытынды жасау.

IX. Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы: 206-жаттығу. Тақырыпты оқу, анықтаманы жаттау.

Бағалау: оқушылардың берген жауаптары мен тапсырма орындауына қарай бағалау.