Катюша әні
Сценарий: «Менің елім» әскери-патриоттық әндер байқауы
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік іс-шара. Сахна мерекеге сай безендіріліп, әуен баяу ойнап тұрады.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін «Менің елім» атты әскери-патриоттық әндер байқауына қош келдіңіздер!
Жүректі тербеп, көңілде сөнбей, ешқашан өлмейтін құдірет не? Әрине, ол — ән. Ғұмырлы ән — халықтың жаны. Ұлан-ғайыр даланы әсем әуенімен тербеткен халқымыз қуанса да жыр төгіп, жабықса да әнмен өзін жұбатқан. Әннің құдіреті — жұртты жұмылдырып, рухты асқақтатуы.
Әр дәуірдің патриоттық әндері — өз уақытындағы ұрпақтың Отан үшін оққа да, отқа да түсуіне себепкер болған идеологиялық қуат. Бір кезеңде ата-әжелеріміз «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!», «Алға, комсомол!» деп екпіндете шырқады. Мұндай әндер үгіт-насихат ықпалын күшейтіп, жастардың жігерін жандырып, азаматтық белсенділікті арттырды.
Әскери-патриоттық әндер кеше де, бүгін де, ертең де ерекше бағалы. Байқаудың мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыру, аталарымыздың ерлігін насихаттау, Отанға құрметті күшейту, өнерлі оқушыларды анықтап, сахна мәдениетіне баулу.
Жүргізушілер шығады
1-жүргізуші
Иә, біз — бейбіт елде, байтақ жерде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Бірақ осы күнге жеткізу үшін ата-бабаларымыздың «Ақтабан шұбырынды» зобалаңын көргенін, ашаршылықта қынадай қырылғанын, зиялылардың жазықсыз репрессияға ұшырағанын, Ұлы Отан соғысында кеудесін оққа тосқанын ұмытпауымыз керек.
2-жүргізуші
Азаттық жолындағы тарихымыз «Елім-ай», «Атамекен», «Жас қазақ» секілді әндер арқылы да бізге жетті. Бүгінгі міндет — егемен елдің ертеңін сеніп тапсырар намысты, қайсар, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан патриоттық әндеріміздің көбейе түсуі аса маңызды.
1-жүргізуші: «Ер елсіз болмайды, ел ерсіз болмайды» демей ме дана халқымыз. Бұл сайыс қан майданда қол бастап, ел намысын жауға таптатпаған батырларға арналады.
2-жүргізуші: Олай болса, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін «Менің елім» атты әскери-патриоттық әндер байқауын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
1-жүргізуші: Шарамызды бастамас бұрын байқауға қатысушы үміткерлерімізді ортаға шақырамыз. (Үміткерлер ортаға шығады.)
2-жүргізуші: Осы байқауға төрелік жасайтын қазылар алқасымен таныстырып өтейік. (Қазылар құрамы жарияланады.)
Бағалау тәртібі
-
Қазылар алқасы орындау шеберлігі мен сахна мәдениетіне қарай бағалайды.
-
Ең жоғары ұпай — 10 балл.
-
Жүлделі орын алған 3 оқушы аудандық сайысқа жолдама алады.
Бағдарлама: әндер мен қатысушылар
Орындау
Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған, Сейдолла Бәйтерековтың әні — «Қазақ елі».
Орындайтын: ________________________
Орындау
8 «А» сынып оқушысы Жолдасов Мирас орындауында: Б. Ауданбаевтың сөзіне жазылған Айжігіт Асановтың әні — «Қазақстан сарбаздары».
Орындау
Рүстем Көшебаевтың сөзіне жазылған Оралхан Садуақасовтың әні — «Ән сал, сарбаз».
Орындайтын: ________________________
Орындау
«Атамекен» әні.
Орындайтын: ________________________
Орындау
«Туған жер» әні.
Орындайтын: ________________________
Орындау
«Алға, Қазақстан» әні.
Орындайтын: ________________________
Орындау
«Катюша» әні.
Орындайтын: ________________________
Қорытынды бөлім
Осымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткен «Менің елім» атты әскери-патриоттық әндер байқауы өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы дайын болғанша 6-сынып оқушыларының ән шашуын қабыл алыңыздар! (Ән шашу.)
2-жүргізуші: Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Отан үшін ерлікпен қаза тапқандарды ел әрдайым есінде сақтайды. Өйткені олар біздің бақытымызды қорғады, ел үшін құрбан болды. Отан даңқы — ерлік пен қаһармандықтың даңқы. Біз азаттық үшін күрескен ерлер мен батырларды ешқашан ұмытпаймыз. Қарттарды, майдангерлерді қадірлейік — олардың есімі ел жадында мәңгі сақталады.
1-жүргізуші: Үміткерлерімізді марапаттау үшін сөз қазылар алқасының төрайымы Дүйсенова Айнұр апайға беріледі.