Сендердің барлығыңның есімдерің өте әдемі

Оқу іс-әрекетінің тақырыбы

«Менің әйбат есімім»

Сабақтың мақсаты

  • Адам есімдері туралы, есімді толық әрі еркелетіп айтуға болатыны жөнінде түсінік беру.
  • Балалардың өз есіміне деген жағымды сенімін дамыту.
  • Өзге адамдарды есімімен атау әдетіне тәрбиелеу.

Әдістер

Сұхбат Түсіндіру Әңгіме Ойын

Құрал-жабдықтар

  • Хрестоматия
  • Айна
  • Күн мен көбелектің макеті/суреті
  • Альбом

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбері

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі саяхатымызда «Өзін-өзі тану» әлемінде Махаббат періштесі бізге есімдер туралы әңгімелейді. Сендердің есімдерің өте әдемі. Қане, ортаға шығып, шаттық шеңберін құрайық та, есімдерімізді дауыстап айтайық.

Өлең жолы:
Тез тұра ғой, өтінем,
Кім болады есімің?

Балалар есімдерін айтады, ал тәрбиеші барлық балалардың есімдерін қайталап шығады. Бүгін шынымен де сендердің есімдеріңнен көңілді шеңбер құрдық!

Тыныштық сәті: «Табиғатқа саяхат»

Бұл релаксациялы босаңсу сәті. Барлығымыз ыңғайланып отырып, көзімізді жұмамыз. Керемет шипалы ауамен терең тыныс алып, тыныс алуыңды бақыла.

Дем алу

Демді ішке тартқанда, бойыңа енген шипалы ауа денеңнің әр бөлігіндегі ауыртпалықты, ашу-ыза мен мазасыздықты жинап жүргенін елестет. Демді шығарғанда, сол жағымсыз эмоциялар сыртқа қарай бағытталып, жоғалып бара жатқанын сезін.

Елестету

Өзіңді табиғат аясында жүргендей елестет: жапырақтың иісін сез, құстардың әнін тыңда, орманда қыдыр. Үңгірге жақындайсың. Қасында сарқырап су ағып жатыр. Су сылдыры мен орман тыныштығын тыңда.

Көгілдір аспан бойыңа тыныштық ұялатады, ал жарқыраған күн сәулесі жылуын береді. Өзеннің сылдыры мен құстардың әсем үні жүрегіңді баурап, керемет сезім сыйлайды. Ешқандай кедергі сенің көңіл күйіңді бұза алмайды. Сенде бәрі жақсы болады.

Ішіңнен қайтала: «Мен қандай әйбатпын, мен бақыттымын».

Енді көзімізді жаймен ашып, бір-бірімізге қарап күлімдейік.

Сұрақ: Қандай күйде болдыңдар? Барлығын сезіне алдыңдар ма?

Әңгімелесейік: Айна және есім

Балалар, кірпі, керік және қонжық орманнан қандай зат тауып алғаны естеріңде ме? Дұрыс, олар айна тауып алған болатын.

Айнаға қараңдаршы. Кімді көріп тұрсыңдар? Сендердің есімдерің айнадан көрінеді ме?

Айнадан өзімізді, бет-әлпетімізді көреміз, бірақ есімімізді көре алмаймыз. Есімімізді тек естиміз.

Әрбір адамның есімі болады. Адам дүниеге келгенде оған ең жақын жандары — ата-анасы, ата-әжесі, туыстары — есім береді. Сонымен бірге адамның тегі және әкесінің аты болады.

Есім таңдарда үлкендер қадірлі, сыйлы адамдардың есімін немесе табиғаттағы сұлулық пен әсемдікті теңеу етіп қояды. Үлкендер бір-бірімен сөйлескенде кейде өз есімімен бірге әкесінің атын да атайды.

Мысал: Менің есімім Айнұр болса, әкемнің аты бойынша Серікхан қызымын.

Араларыңда өз есімімен бірге әкесінің атын айтып бере алатын кім бар?

Егер адам мейірімді болып, игі істер жасаса, оны ел құрметтейді. Ал жаман іс жасаса, «әкесінің атына кір келтірді» деп айтады. Сондықтан әрқашан өз есімдеріңді қадірлеңдер, таза ұстаңдар, абыройын түсірмеңдер.

Ойын: «Ерке есім»

Сендердің еркелетіп айтатын есімдерің бар ма? Қазір бірге анықтаймыз. Тәрбиеші күннің және көбелектің макетін (немесе суретін) пайдаланады.

Ойынның шарты

Барлығың күннің айналасына жиналасыңдар. Көбелек қай сәулеге қонса, сол жақтағы баланың есімін еркелетіп атаймыз.

Мысалдар

  • Сәуле → Сәулетай, Сәулежан
  • Дәурен → Дәуренжан
  • Сондай-ақ ата-анаң мен ата-әжең атайтын еркелету сөздерін қолдануға болады.

Ойын барысында қатысып отырған барлық балалардың есімдері аталады.

Тыңдайық – ойланайық

Тәрбиеші хрестоматиядан Т. Жарқынбаевтың «Мақұлжан» әңгімесін оқып береді, кейін талқылау жүргізіледі.

Талқылау сұрақтары

  • Төлеуді қандай бала деп ойлайсыңдар?
  • Төлеуді неге «Мақұлжан» деп атады?
  • Жақсы істеріңе қуанып, үлкендер сендерді басқа сөздермен атаған кез болды ма (ақылшы, көмекші т.б.)?

Қорытындылайық

Әркімнің өз есімі бар. Бүгін біз есімді құрметтеу, қадірлеу керектігін түсіндік. Еркелетіп айтылатын әр есім гүлге ұқсайды.

Гүлдердің бәрі әдемі: раушан да, қызғалдақ та, бәйшешек те — әрқайсысы өзінше керемет және адамға қуаныш сыйлайды. Біздің есіміміз де сондай керемет!

Тәрбиеші балаларға гүл суреттерін таратады. Балалар гүлдерді түрлі түсті бояумен бояйды.

Жүректен жүрекке шеңбері

Бәріміз қол ұстасып, «жүректен жүрекке» шеңберіне тұрамыз да, бірге қайталаймыз:

Есімімді сүйемін!
Оны аялай білемін!

Үйге тапсырма

  • Есімдерің кімнің құрметіне қойылғанын үлкендерден сұраңдар.
  • Үйде үлкендер сендерді еркелетіп қалай атайтынын еске түсіріңдер.

Балалар, рақмет! Сау болыңдар!