Өлеңнің мазмұнын айту

Пәні

Әдебиеттік оқу (2-сынып)

Мұғалімі

Түменбаева Құндызай Найманбайқызы

Сабақтың тақырыбы

Асқар Тоқмағамбетов — «Бидай мен қаңбақ»

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Типі: Жаңа білім беру

Қысқаша мазмұны

Сабақта мысал өлеңді мәнерлеп оқу, мазмұнын жүйелі айту, негізгі ойын анықтау және кейіпкерлер арқылы берілген тәлім-тәрбиелік ойды талдау жұмыстары жүргізіледі. Оқушылардың ой-өрісін дамыту, өз пікірін ашық айту және дұрыс қорытынды жасау дағдылары қалыптастырылады.

Сабақтың мақсаты

  1. 1 Өлеңді мәнерлеп оқуға, мазмұнын жүйелі айтуға, негізгі ойын табуға және өлеңнің түрін (мысал өлең) анықтауға үйрету.
  2. 2 Ой-өрісті дамыту: өз ойын ашық айтуға, пікірін дәлелдеуге және дұрыс қорытынды жасауға дағдыландыру.
  3. 3 Мақтаншақтықтан аулақ болуға тәрбиелеу, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.

Көрнекіліктер

  • Электронды оқулық
  • Асқар Тоқмағамбетовтің суреті
  • Бидай мен қаңбақтың суреттері
  • Сөзжұмбақ
  • Суреттер мен сұрақтар жазылған слайдтар

Әдіс-тәсілдер

Ой толғау Түсіндіру Ассоциация Өзіндік жұмыс

Негізгі идея

«Бидай мен қаңбақ» мысалы арқылы еңбек пен пайда, тұрақтылық пен жеңілтектік, кішіпейілділік пен мақтаншақтық салыстырылады. Оқушылар кейіпкерлердің әрекеті мен сөзін талдай отырып, адамға қажетті мінез-құлық туралы тұжырым жасайды.

Сыныпқа арналған ойландыру сұрағы

«Дүниедегі ең ақылды, ең күшті кім?»

Жауап: Адам.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқу құралдарын дайындау.
  • Психологиялық дайындық.

Психологиялық дайындық өлеңі

Үлкенге де сіз,

Кішіге де сіз.

Бар адамды құрметтеп,

Бас иеміз біз.

Мұғалімнің сұрағы: «Балалар, дүниедегі ең ақылды, ең күшті кім?» — оқушылардың жауабы: «Адам». Сабақ соңында әр оқушының белсенді қатысуына ынталандыру жасалады.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Жеңіс Қашқыновтың «Ұнатам күзді мен» өлеңін оқыту, мазмұны бойынша пікір айту және қосымша сұрақтар арқылы талдау.

Талдау сұрақтары

  1. Даланың түсі қандай?
  2. Алма қалай піседі?
  3. Аспанды не қаптады?
  4. Жел қандай?

Салыстыру және қорытынды

  1. Тырнасы не істеді?
  2. «Күз» өлеңімен «Ұнатам күзді мен» өлеңінің ұқсастығы мен ерекшелігі неде?
  3. Күздің басы мен соңы қай өлеңнен байқалады?
  4. Өлең қандай көңіл күй туғызды?

III. Жаңа сабақ

1) Тақырыпты сөзжұмбақ арқылы ашу

Сабақ барысында тапсырмалар слайд арқылы көрсетіледі. Сөзжұмбақ сұрақтары:

  1. Адамдар әрқашан не істеуі керек?
  2. «Күн шыққанда» өлеңінің авторы кім?
  3. «Байлық» мәтінінің авторы кім?
  4. Ұшарын жел, қонарын сай білетін шөп?
  5. «Денсаулық — зор ...» (байлық).

2) Жұмбақ арқылы негізгі кейіпкерлерді табу

Ұзын мұртты сарылар,
Қойынында наны бар.

Жауабы: Бидай

Шеңбер жасап өседі,
Желмен бірге көшеді.

Жауабы: Қаңбақ

3) Автор туралы қысқаша мәлімет

Асқар Тоқмағамбетов — мысал өлең жанрында да қалам тербеген көрнекті ақын. Ол Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында дүниеге келген (қазіргі атауы — Сырдария ауданы). Қаламызда ақынның есімімен аталған үлкен мәдениет үйі бар.

Өлкемізден көптеген ақын-жазушылар шыққан: З. Шүкіров, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Тәжібаев және т.б. Бүгінгі сабақта ақынның «Бидай мен қаңбақ» мысал өлеңі оқылады.

IV. Оқулықпен жұмыс

  1. Мысалды мұғалімнің мәнерлеп оқуы.
  2. Оқушыларды рөлге бөліп оқыту (кейіпкерлердің бейнесін көрсету).
  3. Сұрақтар арқылы мазмұнды тереңдету.

«Бұл жолдар қай кейіпкерге қатысты?»

Бидайға ма, Қаңбаққа ма? Нақтылап дәлелдеңдер.

«Онда қандай салмақ болсын!»

«Уф десе ұшасың, Суф десе қонасың.»

«Ұшарыңды жел біліп, Қонарыңды сай біліп, Сайран салып жүргенің.»

«Көктемде шығып, Күз болса бұғып.»

«Жиғанымыз — дән, абырой да, даңқ та.»

«Ерлік те, жеңіс те — барлығы осы егісте.»

Мазмұн сұрақтары

  • Қаңбақ бидайға не деп тіл қатты?
  • Қаңбақ бидайдан қандай жауап алды?
  • Дұрысын айтқан кім: бидай ма, қаңбақ па?

Түсіндіру сұрақтары

  • Бидай бізге не үшін керек?
  • Қаңбақ деген не?

V. Топпен жұмыс

Тапсырмалар топ басшылары арқылы ұйымдастырылады.

I-топ

Өлеңнің мазмұнын жүйелі баяндау

II-топ

Өлеңдегі негізгі ойды анықтау

III-топ

Кейіпкерлерді адам мінезімен салыстыру

Бидай — қандай адамға ұқсас? Қаңбақ — қандай адамға ұқсас?

VI. Ой толғау (ассоциация)

Оқушылар бүгінгі сабақта білгенін және бұрыннан білетінін жинақтайды. Әр топқа парақ таратылады, маркер арқылы ассоциация құрылады.

I-топ тақырыбы

Күз

II-топ тақырыбы

Бидай

III-топ тақырыбы

Қаңбақ

VII. Дәптермен жұмыс

Жұмбақтарды дәптерге жазып, шешуін табу.

VIII. Қорытынды

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі мен жауаптарының мазмұндылығы ескеріле отырып бағаланады.

Тәрбиелік түйін

Еңбек еткеннің ырысы артады; мақтаншақтық пен жеңілтектік адамның қадірін түсіреді.

IX. Үй тапсырмасы

Топтық тапсырмалар

  1. Өлеңнің толық мазмұнын айту.
  2. Нанның қалай жасалатынын әңгімелеу.
  3. Өмірде бидай мен қаңбаққа ұқсас адамдар болатынын мысалмен түсіндіріп, қысқаша сипаттама жазу.

Жеке тапсырма

Өлеңді рөлге бөліп, мәнерлеп оқып келу.