Анасын сүйгеннің баласын сүй

Тәрбие сағаты

Ана — бәйтерек, сен оның жапырағысың

Бұл тәрбие сағаты ананың еңбегін қадірлеуге, анаға деген сүйіспеншілік арқылы елге, жерге деген құрмет пен махаббатты күшейтуге бағытталады.

Сабақтың мақсаты

Ана еңбегін бағалау, анаға құрмет көрсету, ізгілік пен жауапкершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Слайдтар, нақыл сөздер жазылған плакаттар, ән-өлеңдер, шығармашылық тапсырмалар.

Негізгі ой

Ана — алып бәйтерек; бала — соның мәуелі бұтағы, жапырағы. Ананы аялау — өмірді аялау.

Кіріспе сөз: ананың орны

Тәрбие сағаты Қадыр Мырзалиевтің шумақтарымен ашылады:

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды,
Сен деп жаздым алғаш өлең, дастанды.
Қуандым ба — өзің бар деп қуандым,
Жыладым ба — өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталды,
Жанарыңнан көрдім алғаш қашанда нұр.
Еркелесем — бір өзіңе еркелеп,
Жасқансам да — бір өзіңнен жасқандым.

Әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап мейірімі мол, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — Ана. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бауырына басып, біз үшін жан ұшыра шырылдайтын да — Ана.

Ана әрдайым: «Дұрыс жүр, таза жүр, адал бол» деп тілек айтады. Ана — жел жағымызға пана, бәріміз үшін дара да дана тұлға. «Ана» деген сөзді айтқанда, толқымайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ.

Әрбір ана отбасының оты өшпесін, бақыты көшпесін, шаңырағы құламасын, сәбиі жыламасын, соғыс болмасын, қызыл гүл солмасын деп тілейді.

Әйел — тек аяулы ана мен нәзік жан ғана емес. Ол — қоғам өміріне белсене араласатын қызметкер, ғалым, өнер иесі, елге тірек азамат. Халқымыз: «Ат биеден туады, алып анадан туады» дейді. Дүниеде анасыз адам жоқ: жазушы да, ғалым да, көсем де, әнші де, биші де — бәрі анадан туып, ананың мейірімінен нәр алып өседі.

Елін, жерін сүйетін азамат болғың келсе — алдымен ананы аяла.

Мереке қарсаңындағы арнау

Бұл кездесу 8 наурыз мерекесіне орай барлық әйел-аналарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылады. «Ана — алып бәйтерек. Сол бәйтеректің саясына топтасып, мейірімін сезіне білейік».

Ой қозғау: Наурыз айындағы атаулы күндер

Сұрақ

Наурыз айында қандай мерекелік, атаулы күндер бар?

  • 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні
  • 14 наурыз — Амал күні
  • 22 наурыз — Ұлыстың ұлы күні (Жаңа жыл)
  • 23 наурыз — Достық, бейбітшілік және келісім күні
  • 27 наурыз — Халықаралық театр күні
  • 30 наурыз — Жерді қорғау күні

Неге 8 наурыз — халықаралық күн?

1857 жыл, АҚШ: киім және тігін фабрикасының жұмысшы әйелдері еңбек жағдайын жақсартуды, жұмыс уақытын қысқартуды және еңбекақы теңдігін талап етіп, манифестацияға шықты.

1910 жыл, Копенгаген: социалист әйелдердің халықаралық конференциясында Клара Цеткин 8 наурызды әйелдер күні ретінде атап өтуді ұсынды.

1913 жыл, Петербург: 8 наурыз алғаш рет ресми түрде атап өтілді.

1945 жыл, Париж: әйелдердің халықаралық конгресі өтіп, халықаралық ұйым құрылды. Әйелдер әлемдегі бейбітшілік үшін үн қосты.

Түйін

Ана — бейбітшілік. Бұл — егіз ұғым. Ана бар жерде өмір бар, үміт бар, мейірім бар.

Ортақ орындау

Хор: «Ана туралы жыр»

Сұрақ-жауап: «Дүниедегі ең асыл жан кім?»

Сұрақтар

  • Дүниедегі ең асыл жан кім?
  • Қызығыңды да, бұзығыңды да көтеретін кім?
  • Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
  • Үнемі жаныңда қорғаштап, демеу беретін кім?
  • Үйдегі алтын қазық кім?

Жауап

Ана.

Анаң бақытты болсын десең — ең әуелі өзіңді сақта, денсаулығыңа жауапты бол, білімге ұмтыл, тәртіпті бол, үлкенді сыйла. Ата-анаға бұдан артық бақыттың керегі жоқ.

Өсиет

Ауырмауға тырыс. Суықтан, артық тамақтан, жаман әдеттен, дүниеқоңыздықтан, санасыз ортадан алыс бол.

Ізгі іс

Сабақты жақсы оқы, тәртіпті бол, уәдеңде тұр, жан-жағыңа қамқор бол. Бұл — анаға көрсеткен құрмет.

Құрмет

Ананың жарты жаны — баласымен бірге. Сол себепті әр қадамың — ана жүрегіне әсер етеді.

Өлең жолдары мен ән

Ана — жасыл бағым жайнаған,
Біз бағында асыр салып ойнаған.
Пәк жүрекпен жыр жазады перзентің,
Бар бақытты бір өзіңе сыйлаған.

Ана — адамзаттың данасы,
Ана — сәбилердің панасы.
Ана — қайнар ыстық бұлағың,
Ана — өмірдегі қамқорың.

Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған,
Бүкіл әлем аналардың үмітінен таралған.
Сен болмасаң, туар ма еді жүрегімде
Биік мақсат, ізгі арман?

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп, қалай түн қаттың.
Өміріме нәр береді ақ сүтің,
Кең құшағың — аялаған гүл бақтың.

Ән

«Анаға сәлем» — орындайтындар: Айдос, Ринат, Құрманғазы

Аналарға тағзым: тарих пен өнердегі бейнелер

Әйел есімі көне заманнан бері құрметке ие. Бүгінде әйелдер шын мәнінде ерлермен тең құқықты. Тіршіліктің нәрі болған әйел-ана — қоғамның тірегі.

Эпостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Баян; тарихтағы Домалақ ана, Айша бибі; Абайды туған Ұлжан; ел билеген Айғаным; қол бастаған Бопай; ел қорғаған Гәуһар ана — бәріне ортақ қасиетті атау бар. Ол — Ана.

«Бұл кім?» танымдық бөлімі (слайдпен)

Слайдтан суреттер көрсетіліп, тұлғаларды тану арқылы олардың еңбегі мен ерлігі туралы қысқаша айтылады.

  • Хиуаз Доспанова — Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш офицер қызы.
  • Бибігүл Төлегенова — әнші, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері.
  • Дина Нұрпейісова — Құрманғазының шәкірті, көрнекті күйші-композитор.
  • Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова — қазақтың батыр қыздары.
  • Күләш Бәйсейтова — 24 жасында КСРО халық әртісі атағын алған, қазақтың бұлбұлы атанған әнші.
  • Айман Мұсақожаева — әлемге танылған скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі.
  • Фариза Оңғарсынова — халық жазушысы, мемлекеттік сыйлық лауреаты.
  • Сара Назарбаева — «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті.
  • Әмина Өмірзақова — кино және театр өнерінің жарқын жұлдызы, халық әртісі, мемлекеттік сыйлық лауреаты.
  • Ләззат Асанова — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 20 жасар құрбаны.
  • Злиха Ақшауова — мектеп директоры.

Тәрбиелік көрініс: ананың құдіреті

Көріністе ананың алдында талай қаталдықтың да жұмсаратыны, ананың мейірімі тіпті «Темірді де жібітетін» құдірет екені айтылады. Ана — кешірімнің, сабырдың, мейірімнің биік өлшемі.

Арнау

Не деген құдірет едіңіздер, аналарым!
Сыйынатын болса өмірде құдірет —
Сыйынар едім ана деген тәңірге.
Ананы да, мені де әлпештеген,
Қайтпас қайрат, дариядай ақыл берген,
Ниетің қабыл болсын, аналарым!
Өркендеп өсе берсін балаларың.
Барша ана, құтты болсын мерекеңіз!

Даналық сөздер: мақал-мәтелдер

  • Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің.
  • Атасыз үй — батасыз, анасыз үй — панасыз.
  • Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
  • Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың.
  • Анасын сүйгеннің баласын сүй.
  • Алып анадан туады.

Ойландыру: «Жұмбақ кейіпкер»

Оқушылар «анасының тілін алмаған баланың кейін өкінішке ұрынуы» туралы оқиғаны тыңдап, өз ойларын ортаға салады. Талқылаудың өзегі — тыңдай білу, құрмет, жауапкершілік және кешірім.

Шығармашылық тапсырма: ана портреті

Оқушылар аналарының портретін салады: біреуі анасын гүлге, біреуі құсқа, біреуі шуаққа теңейді. Әр оқушы салған жұмысы туралы қысқаша айтып, суретін анасына табыстайды.

Қорытынды

Мен аналарды бәйтерекке, ал сендерді сол бәйтеректің жапырақтарына теңер едім. Жапырақ жайқалсын десек — тамырды құрметтейік.

Аналарымыз аман болсын!