Кітапхана қоры - кітап
Сабақтың тақырыбы: Х дыбысы мен әрпі
Бұл сабақта оқушылар Хх дыбысы мен әрпін меңгеріп, х әрпі бар сөздерді дұрыс оқуға және сауатты жазуға үйренеді. Сонымен қатар кітапхана туралы түсініктері кеңейіп, кітапты күтіп ұстау мәдениеті қалыптасады.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
- Хх дыбысы мен әрпін таныстыру.
- Х әрпі бар сөздерді дұрыс оқып, сауатты жазуға үйрету.
- Кітапхана туралы түсініктерін кеңейту.
- Сауатты, әдемі, көркем жазуға дағдыландыру.
Дамытушылық
- Ой-өрісін және тіл байлығын дамыту.
- Тапқырлық пен ізденімпаздық қабілеттерін жетілдіру.
Тәрбиелік
- Кітапты күтіп ұстауға тәрбиелеу.
- Кітапханашы еңбегін бағалауға баулу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі — қызығушылықты ояту
Бүгін сыныпқа саяхатшы Дара қонаққа келеді (бейнетаспа көрсетіледі). Ол кітапханадан алған қызықты кітаптарын оқып болып, оларды қайтармақ. Дара жолда кездесетін кедергілерді жеңу үшін оқушылардың көмегіне мұқтаж.
1-топ
Білімділер
Ұраны: «Қандай сынақ болса да беріспе, әрқашанда үміткерміз жеңіске.»
2-топ
Талаптылар
Ұраны: «Жарыс десе жанамыз, бүгінгі күн жарыста алғырлықпен аламыз.»
Тапсырмаларды өте үздік орындаған топ қызыл кітапқа, ал жақсы орындаған топ көк кітапқа ие болады. Қызыл кітап көп жиналған топ — Дараға ең жақсы көмектескен топ.
II. Өткенді пысықтау
Дараның кітаптарын үстел үстіне жинау үшін, алдымен үй тапсырмасын қайталап аламыз: Я, Ю дыбыстарын еске түсіреміз, «Жарыс» мәтінін оқимыз және түсінік айтамыз.
1-тапсырма
Үлестірмелі қима қағаздардағы сөздерді оқып, буынға бөліңдер:
2-тапсырма
1-топ (Білімділер)
«Жарыс» мәтінін оқу
2-топ (Талаптылар)
Сұрақтарға жауап беру
Кітаптарды үстелге жинадық. Енді Дара оларды қайда салады? Жолдорбаға.
III. Мағынаны тану — Х дыбысымен танысу
Кітаптарды жолдорбаға салу үшін, алдымен жолдорбаны босатамыз: ішіндегі суреттерді атап, қайталап айтамыз (бейнетаспа: «Сиқырлы кітап»). Осы арқылы бүгінгі сабақтың тақырыбы ашылады.
Негізгі ұғымдар
- Х — дауыссыз дыбыс, себебі айтылғанда ауа кедергіге ұшырайды.
- Х әрпінің баспа және жазба түрімен танысамыз.
- Х дыбысының сөз ішіндегі орнын анықтаймыз: басында, ортасында және кейде соңында кездеседі.
Мысалдар: хат, шахмат, шах.
Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»
Х әрпі бар сөздерді жылдам ойлап айту арқылы жолдорбаның тапсырмасын орындаймыз. Жолдорбаның іші босатылып, кітаптар ретімен орналастырылады — Дара жолға шығуға дайын.
Көпір күзетшісінің тапсырмасы — оқулықпен жұмыс
Кітапханаға бару үшін көпірден өту керек. Ол үшін бағандағы сөздерді тізбектеп оқып, х дыбысының астын сызамыз және оның сөздің қай жерінде тұрғанын анықтаймыз.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Х дыбысы сөздің қай жерінде орналасады?
- Осы сөздердің ішінде түсініксізі бар ма?
- Мағынасын сөйлеммен түсіндіріп көрейік.
Сөздік жұмысы (анықтамалар)
- Хат
- Хабар жіберу үшін жазылған немесе жөнелтілген жазбаша мәтін.
- Хор
- Музыканы қосылып орындайтын әншілер тобы.
- Хан
- Ел билеуші.
- Саяхат
- Алыс жерге, ел аралауға шыққан сапар.
- Дәріхана
- Дәрі-дәрмек даярлап және оны сататын орын.
- Хабар
- Жаңалық.
- Халат
- Үй ішінде күнделікті киетін жеңіл киім.
- Хадис
- Діни кітаптарда айтылатын қасиетті сөздер мен өсиеттер.
- Шахмат
- Ойын.
- Хаттама
- Жиналыстың (мәжілістің) барысы туралы жазылған қысқаша мазмұндама.
- Ұстахана
- Темірден әртүрлі заттар жасап шығаратын шеберхана.
- Шеберхана
- Әртүрлі материалдардан бұйым жасайтын орын.
Күзетшінің тапсырмасы орындалды — Дара көпірден өтіп, кітапханаға жақындай түсті.
IV. Кітапханаға жету — топтық тапсырмалар
Енді Дара кітапханаға да жетті. Топ басшыларына арнайы тапсырмалар беріледі.
1-топ басшысы
Сурет бойынша әңгімелеу
2-топ басшысы
Кітапханадан алынған кітапты күтіп ұстау ережелерін айту
Мәтін: «Біздің кітапхана»
Мынау — біздің кітапхана. Кітапханада көптеген газет-журналдар да бар. Кітапхана қоры — кітап.
Оқушылар кітапханаға жиі келіп тұрады. Біздің кітапхана екінші қабатта орналасқан. Онда орыс, қазақ, ағылшын және басқа тілдерде кітаптар бар.
Кітапхананың іші өте таза, жылы, әдемі. Мұнда мәдениетті, инабатты, өз ісін жақсы білетін кітапханашы жұмыс істейді.
Кітапханада керекті журналды немесе кітапты пайдаланып, сабаққа дайындалуға болады. Мұнда оқуға қолайлы жағдай жасалған.
Кітапханада тыныштық сақтап, тәртіп бұзуға болмайды.