Рақат түн дырду мен дабыр қалып, Жазылған жыр жүректің шамын жағып

Тәрбие сағаты: 8-сынып

Тақырыбы: Фариза Оңғарсынова шығармалары

Мақсаты: Оқушыларға ақын-жазушы Ф. Оңғарсынова туралы кең мағлұмат беріп, шығармаларымен таныстыру.

Көрнекілігі: слайдтар, Фариза апамыздың суреті, кітаптары.

Жүргізуші сөзі

Қайырлы күн, қадірменді өнерсүйер қауым! Бүгінгі тәрбие сағатымыз халқымыздың мақтанышы, жерлесіміз, ақын-жазушы Фариза Оңғарсыноваға арналады. Тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

«Жаным – дала»

Фариза Оңғарсынова

Жаным – дала, көгінен бұлт арылмай,
Батпан зілдер басса да жүр тарылмай,
Шілдерлеулі көңілді зулат, жырым,
Баяғының құс қанат тұлпарындай.

Естімейді қалғыған шаққа жаным,
Ұмтылыста, жүйткуде бақ, талабым.
Талма шақта талысып кетсем, жырым,
Сен қақырат мәңгілік қақпаларын.

Жол – дария тұрмайды ағын ұрмай,
Жоғалма, жыр, жылдарға тамырың жай.
Дәуірлердің дауылы дақ салмаған
Ата мұра қобыздың сарынындай.

Жүрек жазбай жұптасқан ғұмырласым,
Жыр-әуезім суарған мұңым, жасым.
Ойсыздықтан өрекпіп тойғандардың
Құлағына қайғы боп ызыңдасын.

Рақат түн дырду мен дабыр қалып,
Жазылған жыр жүректің шамын жағып.
Ерлігі мен елдігі қалғығанды
Аттан салып оятсын, дабыл қағып.

Дүниеден іздеумен нұрлы бесін,
Талпыныстан танбаған жыр күресім.
Адамдық пен адалдық семсеріндей
Жағымпаздың ту сыртын тілгілесін.

Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп,
Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп.
Жүректердің құрсауын ағыт келіп,
Зорлықтардың зардабын шеккендерге
Әділеттен сыбаға алып беріп!

Өлеңнің рухы туралы

Бұл өлең жолдарынан ақынның жан тебіренісін айқын аңғаруға болады. Оның жырлары өзіне мұңдас та, сырлас та болғаны анық.

Әділеттілікті жаны сүйетін ақын жүрегінен шыққан отты жырларын өмірдің қиындықтары мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің құралы ретінде қолданады. Қағаз бетіне ойының барын бүкпесіз төккен ақынның өлеңдері терең мағына мен айқын ұстанымды қамтиды.

Өмірбаян: негізгі деректер

  • 1939 жылдың 5 желтоқсанында Атырау облысы, (бұрынғы) Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген.
  • 1961 жылы Атырау мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген.
  • Балықшы ауданындағы Еркінқала және «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен (қазіргі Ф. Оңғарсынова атындағы мектеп).
  • 1966–1968 жылдары Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеген.
  • 1968–1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Атырау, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі болған.
  • 1970–1978 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.
  • 1978 жылдың желтоқсанынан бастап «Пионер» журналының бас редакторы болып қызмет еткен.
  • 1978–1996 жылдары республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы болған.
  • 1996–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болған.

Туған жерге сағыныш

Фариза апамыз туған ауылын ешқашан жадынан шығармай, бұл сағынышын өлең жолдарында да жиі өрнектейді. Сағымдай алыста қалған балалық шағы өткен мекенін көз алдына елестетіп, жүрек тербелісін жырға айналдырады.

Келесі бөлім: 8-сынып оқушысы Қариполла Жадыра «Туған ауыл» өлеңін оқиды.

«Туған ауыл»

Өлең оқу: Қариполла Жадыра (8-сынып)

Мен туған ауыл – Ай мекен,
Еске алмай жүрер күнім кем.
Баяғы достар қайда екен,
Бірге ойнап, бірге жүгірген?

Жатаған ескі үй анау,
Мені алаң еткен шет жерде.
Бұл маңайлар да, құдай-ау,
Қалаға айналып кеткен бе?

Жүрегім ұқсап балғаға,
Бір сезім жанды өртеді.
Жүгірген салқам сары бала
Миядан шығар сол тегі.

Бақтан ғой дедім, таныс тым,
Ақсары ұяң сол бір жүз.
Талындай жалғыз қамыстың
Өзім-ау, ана қоңыр қыз.

Қалқалап көзін сол жаққа
Тұрар ма қарап жан анам...
Енді анау шарбақ, сол қақпа —
Алаңдай базар тараған.

Ұқсамайды енді құзға түк
Баяғы шыңдай қыр-жота.
Көкірегін кештің сыздатып,
Боздайды бейуақ бір бота.