Құлағы ұзын
Мақсат: балаларды қоянмен таныстыру, қоян туралы түсінігін қалыптастыру, сурет арқылы дене мүшелерін атауға және 1–2 сандарын санауға үйрету. Зейінін және есте сақтау қабілетін дамыту.
Ұйымдастыру кезеңі
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы, бізге бүгін қаншама қонақ келіп отыр. Амандасайық!»
Балалар: «Сәлеметсіздер ме!»
Табиғатты бақылау (терезе маңы)
Жыл мезгілі
— Қазір жылдың қай мезгілі? Қыс.
Ауа райы
— Далада не жауды? Қар.
Түс
— Қардың түсі қандай? Ақ.
Құстар
— Тағы не көріп тұрсыңдар? Ағаштар, құстар.
Тәрбиеші: «Иә, бұл құстар — қарғалар.»
— Қарға қалай дыбыс шығарады?
«Қарқ-қарқ»
Тосын сәт: қасқыр мен қоян
Осы кезде қасқыр қоянды қуып топқа кіріп келеді. Қоян балалардың артына тығылады.
Қасқыр:
«Мен қояндарды ұнатамын. Мен оны жеймін.»
Тәрбиеші:
«Балалар, біз қасқырға қоянды жегіземіз бе?»
Балалар: «Жоқ! Жоқ!»
Тәрбиеші: «Қане, қасқыр, табаныңды жалтырат!»
Балалар аяқтарын тарсылдатып, қасқырды қуып жібереді.
Тәрбиеші: «Қоян, қорықпа. Бері шық. Біздің балалар қасқырды қуып жіберді.»
«Балалар, бұл кім?» — «Бұл қоян.»
«Иә, бұл бізге жаңа жылдық шыршадан келген қоян. Енді оны жақынырақ танысайық.»
Сурет бойынша әңгімелеу: қоянның дене мүшелері
Түсі және бейімделуі
— Суреттегі қоянның түсі қандай?
Ақ.
Тәрбиеші: «Қыста қоянның түсі қардың түсіндей ақ болады.»
Санау (1–2)
«Қане, қоянның көзін санайық: бір, екі.»
«Құлағын санайық: бір құлақ, екі құлақ.»
Мұрны
— Мұрны қайсы? (Балалар көрсетеді.)
Құлағы
— Құлағы қандай? Ұзын.
Аяқтары
— Аяқтары қайда? (Балалар көрсетіп, санайды.)
Қимыл-қозғалыс
«Орнымыздан тұрып, қоян қалай секіреді, көрсетейік.»
Жаттығу:
Балалар қоян болып секіреді.
Тірі қоянмен танысу
Тәрбиеші: «Енді тірі қоянды көргілерің келе ме?» — Балалар: «Иә, көргіміз келеді.»
«Ендеше, көздеріңді екі қолдарыңмен жауып, жұмып тұрыңдар.»
Тордағы қоян әкелінеді. «Ал енді көздеріңді аша қойыңдар!»
Сипап көру және сипаттау
«Бұл — орманда кездесетін кәдімгі қоян. Оның жүні үлпілдек әрі жұмсақ.»
Балалар қоянды абайлап сипап көреді.
Қорегі
— Қоян не жейді?
Сәбіз.
Тәрбиеші: «Қоянның сүйікті тағамы — сәбіз, қырыққабат, көк шөп. Ол су да ішеді.»
«Қане, қоянға сәбіз берейік.» (Балалар қоянға сәбіз береді.)
Ән және қорытынды
«Енді қоянға арналған әнімізді айтып берейік.» (Балалар ән айтады.)
Қорытынды сөз
«Жарайсыңдар, балалар! Бүгін сендер қоянды қасқырдан аман алып қалдыңдар. Тордағы қоянмен танысып, оған арнап ән де айттық.»
«Енді осы қызықты сәтімізді теледидардан мультфильм көрумен жалғастырайық: “Қап, бәлем!”»
Күтілетін нәтиже
Білуі
Қоянның дене мүшелерін таниды және атай алады.
Меңгеруі
Дене мүшелерін санап көрсетеді; салыстыра отырып ажыратуды меңгереді.
Жасай алуы
Қоянның қимылын көрсетіп, қайталай алады.