Құрметті қонақтар, оқушылар

Тәрбие сағатының тақырыбы

Отан – отбасынан басталады.

Мақсаты

  • Отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті туралы түсінік беру, бақытты жанұяның моделін құрастыру.
  • Отбасы – Отанның бір бөлшегі екенін ұғындыру, оқушылардың бақытты жанұяға қызығушылығын арттыру.
  • Жанұядағы сыйластыққа, адамгершілікке, инабаттылыққа, ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу; үлкенді үлгі тұтып, кішіні мақтан етіп, отбасының бірлігін сақтауға баулу.

Әдістері

Топтастыру Эйлор дөңгелегі Екі жақты күнделік РАФТ стратегиясы

Көрнекілігі

  • Нақыл сөздер мен сұрақтар жазылған бетшелер
  • Жүрекшелер және өзге де таратпалар

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті қонақтар, оқушылар! Бүгінгі «Отан – отбасынан басталады» атты тәрбиелік шараға қош келдіңіздер. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – отбасының бірлігін сақтауға, ата-ананың алдындағы парызды сезінуге, жанұядағы сыйластық пен адамгершілікке, инабаттылыққа, татулық пен ұйымшылдыққа баулу.

Біз бүгін ғажайып бір әлемге саяхат жасаймыз. Ол – өз алдына шағын мемлекет. Оның аты – «Бақытты жанұя». Осы сапар барысында бірнеше сатыдан өтіп, барлығымыз бірігіп бақытты жанұяның моделін құрастырамыз. Ендеше, белсенді қатысайық!

Отбасы деген не?

Адамзат бесігі

Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя, баланың алғашқы тәрбиесі мен жылуы басталатын орта.

Үлгі-өнегенің бастауы

Ата-ананың өзара қарым-қатынасы, мінезі мен мәдениеті – балаға күнделікті үлгі.

Жағымды қасиеттерге баулиды

Отбасы баланы мейірімге, жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке және сыйластыққа тәрбиелейді.

Отбасы – таным бесігі, үлгі-өнегенің бастауы. Баланың бас ұстазы – ата-ана. Олар баланы өмірдің қыры мен сырын ұғынуға жетелеп, жағымды қасиеттерге баулиды.

«Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі»

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»

Бала отбасында әкеден – ақыл, анадан – мейір алады. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, ал бала – жағасындағы құрақ» деген теңеу отбасының тұтастығын айқындайды. Әке, ана, бала – отбасы ошағының үш тағаны.

Тәрбие қашан басталады?

«Бала тәрбиесі – бесіктен» деген сөз бекер емес. Ертеде бір кісі баласы алты айға толғанда бір данышпаннан: «Балама тәрбиені қашан және қалай бастаймын?» – деп сұрапты. Сонда данышпан: «Егер балаң алты айлық болса, тәрбиені бастауға сен алты ай кешіктің», – деген екен.

Негізгі ой

  • Ата-ана балаға еңбектің қадірін ерте түсіндіруі керек.
  • Бос уақытын, орта әсерін және мінез-құлықты бақылап, барлығын жылы сөзбен түсіндіру маңызды.
  • Бала да өзін толғандырған мәселелерді ата-анамен ақылдасып шешуі, ата-ананың жамандық тілемейтінін ұмытпауы қажет.

I қадам: Сұрақтар арқылы ой қозғау

Ендеше, осы аталған құндылықтар өз отбасымыздан табыла ма? Бақытты жанұяға жетудің алғашқы сатысында ата-аналар ситуациялық сұрақтарға жауап береді. Ал оқушылар жазбаша сұрақтарға жауап береді. Оқушылардың жауаптарының қорытындысы психологқа тапсырылады.

Ситуациялық сұрақтар қоры (ата-аналарға)

  1. «Ура, мама, мен бес алдым!» – деп бірінші сынып оқушысы қуана жүгіріп келеді. Бірақ жылдар өте мұндай қуанышты сөздер сирей бастайды. Неліктен?
  2. Мектепте озат оқушы үй шаруасына араласқаннан гөрі бос отырғанды жақсы көреді. Оны қалай қызықтыруға болады? Сіздің пікіріңіз?
  3. Қызы мектептен келіп: «Сізге маңызды бір нәрсе айтқым келеді», – дейді. Анасы: «Сенсіз де басым ауырып тұр, мазамды алма», – деп жауап береді. Сіз қалай жауап берер едіңіз?
  4. Балаңыз мектептен әдеттегіден кеш келді. Қалай қарсы аласыз?
  5. Балаңыздан дүкенге барып келуін өтіндіңіз. Ол «Ән тыңдап отырмын» деп бас тартты. Сіздің әрекетіңіз?
  6. Үй шаруасына көмектесуді тапсырдыңыз, ал ол «Сабағым көп» деп жасағысы келмеді. Сіздің әрекетіңіз?
  7. Өзіңіз шаршап, жайсыз сезініп тұрсыз. Балаңыздың достары қонаққа келетінін естідіңіз. Сол сәттегі шешіміңіз?
  8. Балаңыздың әр ортада жиі өтірік айтатынын байқадыңыз. Қандай әрекет жасайсыз?
  9. Балаңыз соңғы кезде мұғалімдер туралы жағымсыз пікірді көп айта бастады. Не істер едіңіз?
  10. Балаңыздың досы сізге ұнамайды. Бұл достыққа өз тарапыңыздан әсер етесіз бе?
  11. Балаңыз күнде сабаққа барғысы келмей, көңіл күйі төмендеп жүргенін байқадыңыз. Қандай тәрбие тәсілін қолданасыз?
  12. Жоғарғы сыныпта оқитын ұлыңыздың темекіге әуес болып жүргенін білдіңіз. Оны дұрыс жолға қалай саласыз?
  13. Бала мектептен қатты ашуланып келді, сынып жетекшісіне ренжігенін айтты. Сіздің әрекетіңіз?
  14. 9-сыныпта оқитын кенже балаңыз сыныптасының туған күніне баруға сұранды. Мұндай мерекені мектеп оқушысы үйде тойламауы керек дегенді естисіз. Рұқсат бересіз бе, әлде бас тартасыз ба? Неліктен?

II қадам: Ұлттық ойын

Қатысушылардың ынтымағын арттыру және сергіту мақсатында ұлттық ойын ұйымдастырылады.

III қадам: Талдау және мақал-мәтелмен бекіту

А) «Екі жақты күнделік» тапсырмасы (ата-аналарға)

Оқиға

Сіздің пікіріңіз

Менің балам бастауыш сыныпта өте жақсы оқыды, мұғалімдер үнемі мақтайтын. Мен баламды бетінен қақпадым. Әкелген «5» бағаларына әрдайым ақша беріп отырдым, елден ерекше киіндірдім. Себебі ол менің жалғыз ұлым еді. Өсе келе соңғы сабақтан қашып кететін болды, күнде ақша сұрайды. Бір күні сынып жетекшісі келіп, баламның мектептегі өрескел қылықтарын айтты. Әкесі қатал еді: ұрып, ұрысты. Бірақ соңғы кезде балам маған өкпелі сияқты: бұрынғыдай еркелемейді, ашылып сөйлеспейді. Не істерімді түсінбей отырмын. Қандай ақыл айтар едіңіздер?

Осы бағанға талдау жасап, қолдау көрсету тәсілдерін, шекара мен жауапкершілікті қалыптастыру жолдарын жазыңыз.

Мақсат: марапат пен материалдық ынталандырудың шегін, тәртіп пен жылы қарым-қатынастың тепе-теңдігін талқылау.

Ә) «Эйлор дөңгелегі» тапсырмасы

«Әке», «ана», «бала» ұғымдарына қатысты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жинақтап, ортақ құндылықтарды көрсету.

  • Әкеге қатысты мақал-мәтелдер
  • Анаға қатысты мақал-мәтелдер
  • Балаға қатысты мақал-мәтелдер
  • Үшеуіне ортақ: бірлік, мейірім, жауапкершілік

IV қадам: «Бақытты жанұя» моделін құрастыру

Құрметті қонақтар! Енді біз аңсаған «Бақытты жанұя» моделін жасау сәтіне келдік. Бұл тапсырманы бүгінгі қонақтарымыз – ата-аналар мен балалар бірігіп орындайды.

Талқылау сұрағы

Сіз үшін бақытты отбасының негізгі шарттары қандай? Қандай құндылықтарды бірінші орынға қоясыз?

Сыйластық Мейірім Жауапкершілік Еңбек Түсіністік Бірлік

V қадам: «Жүректен жүрекке»

Қатысушылар жүрекше қағазға тілек жазып, ата-аналар балаларына, ал балалар ата-аналарына және ұстаздарына ұсынады. Бұл кезең жылы сөздің құнын арттырып, өзара жақындықты күшейтеді.

VI қадам: Мектеп пен отбасы байланысы

Қосымша айтарымыз: бала тәрбиесінде ата-ананың ғана емес, ұстаздардың да рөлі зор. Сондықтан, құрметті ата-аналар, балаларыңыздың мұғалімдерімен және мектеппен үнемі байланыста болуыңызды сұраймыз. Ынтымақтаса әрекет еткенде ғана бала тәрбиелі де тәртіпті болып өседі.

«Балаға берілген дұрыс тәрбие – бұл бақытты қарттық, ал нашар тәрбие – біздің болашақтағы сорымыз, біздің көз жасымыз».

А. С. Макаренко

Автор туралы

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақжайық орта жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернаттың тәрбиешісі — Хамзина Динара Сабырғалиқызы.