Мектептегі оқушы - болашақ Қазақстан азаматы
«Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» (Мағжан Жұмабаев)
Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу-білім мен тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.
Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру — қоғамымыздың алға қойған басты мақсаттарының бірі. Мектеп тұлғаның рухани жан дүниесі мен адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына жүйелі, мақсатты тәрбие арқылы қол жеткізеді.
Халық даналығы: «Отан — отбасынан басталады». Демек, бала тәрбиесі — Отан мен ел мүддесі.
Ғаламдастыру дәуірінде өскелең ұрпақтың бойына өз халқының төл мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу — қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің болашағы — жас ұрпақты шыңдап өсіру, олардың білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету.
Өйткені еліміздің болашағы саналатын жас ұрпақ ұлттық сана-сезімі оянған, адамгершілігі мен рухани ойлау деңгейі жоғары, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, салауатты және жоғары патриоттық санасы қалыптасқан азамат болып тәрбиеленуі тиіс.
Мектеп — азамат қалыптастыратын орта
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беру — қазіргі міндеттердің бірі. Имандылық, ізгілік, адамгершілік, елжандылық секілді кісілік қасиеттердің көпшілігі мектеп қабырғасында қалыптасады.
Маңызды ой: Мектептегі оқушы — болашақ Қазақстан азаматы.
- ХХІ ғасыр табалдырығынан еркін аттай алатын;
- дүниежүзілік мәдениетті танып, өзін сыйлата білетін;
- рухани дүниесі бай, интеллекті жоғары;
- білімді де білікті тұлға болып қалыптасуы қажет.
Тәуелсіздігіміздің тірегі — білімді әрі саналы, парасатты, жан-жақты мәдениетті, еліміздің еңсесін өркениетке жетелейтін патриот азаматтардың көп болуы. Еліміз тәуелсіз даму жолына түсе отырып, біртіндеп дамыған, гүлденген өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуды мақсат етеді. Мұны жүзеге асыратын — жас азаматтар мен мектеп оқушылары.
Бізге өз елінің тілін, тарихын, әдет-ғұрпын құрметтейтін, ел үшін білімі мен күш-жігерін аянбай жұмсайтын нағыз отаншыл азамат керек.
Тарих тағылымы және өлке тарихының мәні
Тарих — әрбір халықтың өткен өмірі мен жүріп өткен жолының айнасы іспеттес, тәрбиелік мәні зор әрі жас ұрпаққа аса қажетті ғылым. Қоғамдық өмірде тарихтың үлкен рөл атқаратыны туралы Н. Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде халық руханиятының бастауларын түсінудің маңызын атап өтеді. Сондай-ақ, қазақтың мынадай нақылын келтіреді:
Нақыл сөз: «Жеті атасын білмейтін ер — жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел — жетесіз».
Тарихты білу әр адамға қажет болса, өлке тарихын білудің маңызы одан кем емес. Туған өлкенің тарихын таныған адам өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы орнын, атқаратын қызметін дұрыс анықтай алады.
Әрбір адамның туған үйінен кейінгі алтын бесігі — оның алғаш оқитын мектебі. Балалық шақтың алаңсыз, қызық күндері; құрбы-құрдаспен күліп-ойнаған шақ; әр нәрсеге еліктеп, алыс арманға қол созған кезең — есейгенде де жадта сақталады. Сондықтан мектеп өмірінің тарихы — жүздердің, мыңдардың өсіп-есіп, адам болып қалыптасу хикаясы. Ол білім ордасымен және сан қилы тағдырлармен тікелей байланысты.
Атырау қаласы, Еркінқала орта мектебінің оқушысы Наркес Ағзамқызы
Жетекшісі: тарих пәні мұғалімі Тойған Өтепова