Байтұрсынның баласы

Сабақтың тақырыбы

«Ақсақ киік» — Сәкен Сейфуллин.

Сабақтың мақсаты

Ақын шығармашылығымен таныстыра отырып, өлеңнің мазмұнын, эстетикалық және экологиялық мәнін меңгерту.

Сабақтың міндеттері

  • Топ ішінде ынтымақтастықпен жұмыс істеу.
  • Бір-бірімен ой бөлісіп, өлеңді талдап, салыстыру.
  • Жұмыс барысында пікірін дәлелдеп, жауап беру.

Әдістер

Сұрақ-жауап, талдау, топтастыру, түсіндіру, шығармашылық жұмыс, деңгейлік тапсырмалар.

Түрі

Жаңа сабақ.

Көрнекілік және байланыс

  • ҚР физикалық картасы, слайдтар, кеспелер
  • Пәнаралық байланыс: дүниетану, музыка

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Психологиялық ахуал (хормен)

Мұғалім: Балалар, әрбір адам?

Оқушылар: Туысым, досым, жұрағат.

Мұғалім: Әрбір сабақ?

Оқушылар: Үйрену, ұғу, ұлағат.

Мұғалім: Әрбір ісің?

Оқушылар: Тірлік, тірек, адамдық.

Мұғалім: Әрбір сөзің?

Оқушылар: Шындық, бірлік, адалдық.

Тақырыпқа кіріспе: «Табиғат — менің өз үйім».

Табиғатсыз адамдардың күні жоқ,
Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

Топқа бөлу: Ауа, Су, Жер

Ауа — дем алу үшін, су — ішу үшін, жер — өмір сүру үшін.

I топ — «Ауа»

Ауаны тазартудың ең тиімді жолы — көгалдандыру.

II топ — «Су»

Сусыз жер — нусыз жер.

III топ — «Жер»

Жері байдың — елі бай.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Әдіс: «Интервью»

Тақырып: Сәбит Мұқанов — «Көкшенің көрінісі»

  1. С. Мұқанов кім? (аса көрнекті жазушы)
  2. Қай жылы дүниеге келген? (1900 жылы)
  3. Қандай еңбектерін білеміз? («Ботагөз», «Адасқандар», «Сұлушаш»)
  4. Жазушы Көкшенің көркін қалай суреттеген?
  5. Көкшені неліктен гауһар тастан жасалған күмбезге теңейді?
  6. Мәтіндегі қандай сөздер саған ерекше әсер етті?
  7. Сен өз туған жеріңді қалай суреттер едің?
  8. Мәтін несімен ұнады?
  9. «Көкшенің...» деген азат жолдан бастап кім жатқа айтады?

Бағалау

Әр кезеңде оқушылар түрлі-түсті дөңгелекшелерді таңдап, өзін-өзі бағалайды: көк — «5», жасыл — «4», сары — «3».

III. Жаңа сабақ

Экрандағы сұрақтарға дұрыс жауап берсек, бүгінгі тақырып ашылады.

  1. Ұлы ақын: Абай
  2. «Адамдық борышың» өлеңі авторының тегі: Құдайбердіұлы
  3. «Нағыз адам» әңгімесінің авторы: Сухомлинский
  4. Байтұрсынның есімі: Ахмет
  5. «Көктем» өлеңінің авторы: Қасым Аманжолов
  1. С. Торайғыров әңгімесінің тақырыбы: Кедей
  2. Ш. Мұртаза әңгімесінің тақырыбы: Интернат қоймасы
  3. «Ертегі» сөзінің соңғы әрпі: і
  4. Қабыкен Мұқышевтің өлеңі: «Көктем»

Бүгін біз киік жануары туралы Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңімен танысып, талдаймыз.

Сәкен Сейфуллин туралы қысқаша

  • 1894 жылы туған, 1938 жылы қайтыс болған.
  • Астанада С. Сейфуллин мұражайы бар.
  • Ақын, жазушы, қоғам қайраткері, репрессия құрбаны.

Еңбектері

  • «Тар жол, тайғақ кешу»
  • «Туған ел»
  • «Қызыл шұнақ»
  • және т.б.

Сұрақ: Қазақ халқында киік туралы қандай ұғым бар?
Жауап: Киік — киелі жануар.

Сұрақ: Киіктің лағын қалай атаймыз?
Жауап: Құралай.

Қосымша дерек: ақбөкен (киік)

Ақбөкен (киік) — жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары.

  • Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған.
  • Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды.
  • Жазда арқа түсі сарғыш, қыста ақшыл тартады.
  • Мамыр айындағы «Құралайдың салқыны» — киіктің баласын өргізетін кезеңімен байланысты.
  • Көбіне егіз, кейде үш лақ та туады.
  • Тез бейімделетін, өте ақылды жануар.
  • Бетпақдалада өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді, шөпті маусымға қарай таңдайды.
  • Шөпті жерден жұлып жеуге дағдыланған.

Музыкамен байланыс

Ж. Сейіловтың музыкасына, Қ. Салықовтың сөзіне жазылған «Жез киік» әнін тыңдау.

Өлеңді оқу

Өлеңді мәнерлеп оқу (мүмкіндігінше жатқа оқу). Мақсат — оқушының сезімін оятып, мәтінді терең түсінуге ықпал ету.

Кітаппен жұмыс: шумақтарды талдау

1-шумақ: Бетпақдала бейнесі

Арқаның бетпақ деген даласы бар, Бетпақ шөл, ойлы-қырлы панасы бар. Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген Жәндіктің киік деген баласы бар.

Түсінік: Бетпақдала — Сарыарқаның шөлейт аймағы. Киік шөлді жақсы көретіндіктен, осы өңірді мекендейді.

  • Елді мекен, өзен-көл сирек немесе жоқ.
  • Негізгі өсімдіктер: жусан, баялыш.
  • Жері құрғақ, шөбі сирек.

2-шумақ: Адам әрекеті және жауапкершілік

Мергендер дамыл алмай киік атқан, Ауылды қан сасытып топырлатқан. Киікті ойлай ма екен таусылар деп, Азайып бірте-бірте келе жатқан.

Мерген — мылтықпен не садақпен нысананы дәл көздейтін адам.

Өлеңде табиғатқа зиян келтіретін, пайда үшін киікті қырып-жоятын әрекет ашық айыпталады. Ақынның үні — экологиялық ар-ожданның үні.

3-шумақ: «Бөкен» атауы және аяныш

Киікті қазақ және дейді бөкен, Бетпақты бұл бейшара қылған мекен. Бөкенді атып мерген өлтіргенде, Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?

Бөкен — киіктің балама атауы. Ақын «жазасыз жан» тіркесі арқылы тіршілік иесінің құнын, жанның киесін алға шығарады.

4-шумақ: Сұлулық пен адамгершілік өлшемі

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім, Өзге аңға жануарды тең көрмедім. Көздері мөлдіреген ақ бөкенді Адамның баласынан кем көрмедім.

Киік — көздері мөлдіреген, ерекше сұлу жануар. Ақын оны адам баласымен тең қою арқылы оқырманды жанашырлыққа тәрбиелейді.

5-шумақ: Пайдакүнемдікке қарсылық

Кей адам әдет қылған киік атып, Мүйізін пайда қылып шетке сатып. Сандалған бір киікке ұшырастым, Бір жылы Бетпақ шөлде келе жатып.

Киік мүйізін сатып, пайда табу — табиғатқа жасалған қиянаттың бір көрінісі.

  • Киік мүйізінің құны жоғары болғаны айтылады.
  • Кей деректерде бір аулауда 50–70 бөкенге дейін ататыны баяндалады.
  • Киік саны азайғандықтан, қорғауға алынған (Қызыл кітап).

6-шумақ: «Ақсақ киік» образы

Сандалып келе жатты ақсақ киік, Бір тоқтап, анда-санда әлді жиып... Ақ бөкен — сахараның ботакөзі, Атты екен қандай адам көзі қиып...

«Сахараның ботакөзі» — киіктің мейірім шақыратын, аянышты әрі қасиетті бейнесін күшейтетін көркем теңеу.

Серігіту және тыңдалым

Киік туралы тек ақын-жазушылар ғана емес, сазгерлер де шығармалар жазған. Сабақ басында «Жез киік» әнін тыңдадық.

Енді Құрманғазы Сағырбайұлының «Ақсақ киік» күйін тыңдап, алған әсерлеріңді келесі тапсырмада қолданасыңдар.

IV. Шығармашылық жұмыстар (деңгейлік тапсырмалар)

Жалпы тапсырма

«Аңшы» тақырыбына эссе жазу.

I топ

  • «Киік» тақырыбына сипаттау мәтінін құрастыру.
  • Киіктің суретін салу.

II топ

  • Киікті атқан адамға көзқарасыңды білдіру.
  • Мергеннің суретін салу.

III топ

Тапсырма мұғалімнің таңдауына қарай жалғастырылады (пікірталас, постер, үндеу мәтіні, шағын сахналау).

V. Бекіту: «Бәйге» ойыны

Сұрақтар

  1. Бетпақдаланы неге шөл деп атайды?
  2. Киік қандай жерді мекендейді?
  3. Киікті басқаша қалай атайды?
  4. Киік мүйізінен не жасалады?
  5. Өлең сендерге несімен әсерлі болды?
  6. Өлең қалай аяқталады деп болжам жасайсың?

Талқылау өзегі

Өлеңнің әсерлі тұсы — ақынның табиғатты суреттеуі мен жанашырлығы, сондай-ақ адамдардың табиғатты қорғамауы, мергендердің жазықсыз аңды аяусыз атуы.

Ақын киіктің тағдырын нақты түйіндемейді: қансырап өлуі де мүмкін, мейірімді жандарға кездесіп жазылуы да мүмкін, жыртқышқа жем болуы да ықтимал. Бұл — оқырманды ойға қалдыратын көркем шешім.

VI. Қорыту

Өлеңге талдау (дәптермен жұмыс)

Тақырыбы

Киіктің аянышты тағдыры

Құрылымы

Шумақ саны — 6
Буын саны — 11

Идеясы

Экологиялық жағдайды ашына айту, табиғатты қорғауға үндеу.

Ой-толғау

«Табиғатты қорғау» ұғымын қалай түсіндік? Оқушылар өз ойларын ортаға салады.

Қорытынды бағалау

Балалардың жинаған ұпайлары есептеліп, қорытынды баға шығарылады.

VII. Үй тапсырмасы

  1. Қазақ халқының табиғатты қорғау туралы тыйым сөздерін жинақтау.
  2. Өлеңді мәнерлеп оқу (257–259-беттер).