Қимастарын қан майданға ұзатып, Қарс айырылған аналардың жүрегі

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Өткізуші
Ақмола облысы, Бурабай ауданы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Маширова Анар Қалымжанқызы
Тақырыбы
«Бейбітшілік – баға жетпес бағымыз»
Сабақтың түрі
Сахналық көрініс
Әдіс-тәсілдер
Мәнерлеп оқу, сахналық көрініс
Көрнекіліктер
Проектор, үшбұрышты хат, рюкзак, тылдағы аналар туралы фильм, слайдтар

Сабақтың мақсаты

Тарихи таным

Ұлы Отан соғысы, оның халыққа тигізген зардаптары және Ұлы Жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру.

Ерлікті дәріптеу

1941–1945 жылдардағы соғыста Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен ерен еңбегі мен қаһармандығын паш ету.

Тәрбиелік бағыт

Отан үшін жанын қиған батырлардың ерлігіне тағзым ете отырып, құрметтеуге тәрбиелеу; патриотизмге, елжандылыққа, батылдыққа баулу.

Сондай-ақ Отан тарихына деген сүйіспеншілікті арттыру, өз халқымыздың өткенін құрметтеуге баулу және әлем халықтары арасындағы достықты нығайтуға ықпал ету көзделеді.

Сабақ барысы: сахналық көрініс желісі

Ұйымдастыру кезеңі

Көрініс: «Соғыс қасіреті»

Күй ойнап тұрады. Үй ішіндегі тыныштықты радиодан естілген суық хабар бұзады. Көрініс арқылы бір сәтте бейбіт өмірдің қалай күйреп, халық тағдырының күрт өзгергені суреттеледі.

Немересі

«Әже, әже! Бүгін менен бақытты адам жоқ. Жаңа өмірдің баспалдағын дәрігер болып бастағым келеді».

Әжесі

«Талабыңа нұр жаусын, арманыңа жет, балам!»

Радио хабарламасы

«Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва. Бүгін, таңертеңгі сағат 4:00-де неміс фашистері Германия мен Совет Одағы арасындағы шабуыл жасамау туралы шартты опасыздықпен бұзып, біздің еліміздің аумағына басып кірді».

Осы тұста «Священная война» әні орындалады.

Немересі

Әкесін аттандыруға асықтырады, қоштасудың ауыр сәті басталады.

Әкесі

«Тыңда, балам, тыңда, күнім, болуға жара қолқанат. Кәрі анам, сәби інің — барлығы саған аманат».

Келін

«Кебін киген өледі, кебенек киген келеді…» деп жұбатқанымен, жанарын жас жуып қала береді.

«Кестелі орамал» әні орындалады.

Соғыстың басталуы: сөз бен дерек

Фильм: 1941 жыл

Жүргізуші соғыстың басталу сәтін өлең жолдарымен өрнектейді. Артынша 1941 жылға арналған деректі кадрлар көрсетіледі.

1-тыңдаушы

«Соғыс деген қайдан шықты? Авторы кім алғашқы? … Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?»

2-тыңдаушы

«Соғыс деген — аққан соры ақсүйектің де, құлдың да… Соғыс деген — зұлымдықтың айнасы».

3-тыңдаушы

Ел рухының асқақтығы, соңғы күшпен қорғану, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан жауапкершілік айтылады.

Тыңдаушылар сапқа тұру әдістерін көрсетіп, ән айтып майданға аттанады.

Қаһармандыққа тағзым

«Қасиетті жер үшін… Әлия, Мәншүк, Төлеген жаулардың көрін жойды» деген жолдар арқылы ерлік тұлғаларының есімі ерекше аталады.

Соғыс статистикасы және Қазақстанның үлесі

Нақты деректер

1418 күнге созылған, 60 елді қамтыған бұл соғыс 120 миллионға жуық адамға солдат шинелін кигізді. Майдан даласында миллиондаған адамның өмірі қыршыннан қиылды.

Қазақстаннан соғысқа 1 366 000 адам қатысты. Өкінішке қарай, олардың бәрі туған жеріне оралмады.

Фильм: 1943 жыл

Сахнада алау жанында отырған солдаттар «Темная ночь» әнін орындайды. Көрініс майдандағы адамның ішкі күйін, сағынышын, үмітін айқын жеткізеді.

Тыл тынысы: жеңісті жақындатқан еңбек

Аналар бейнесі

Қазақстан еңбекшілері майданға көмек ретінде 1600 вагон сыйлық жіберді: жылы киім, азық-түлік, қажетті жабдықтар.

Жауға атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстан қорғасынан жасалды деген дерек тыл еңбегінің ауқымын айқындайды.

Халық өздері қара су мен қара нанға қанағат етіп, бар жақсысын 1418 күн бойы майданға жолдады.

Ортада тылдағы әйелдер тоқыма тоқып, қолғап тігіп отырады. Аналар ел ішіндегі тіршіліктің бар жүгін көтеріп, қария мен баланың қамын қатар ойлайды.

Пошташы қыз

«Сүйінші, сүйінші! Хат келді!»

Үшбұрышты хат

Майданнан келген хат (дауыс жазбасы)

«Анашым, мен өмірді қимай барамын… Сіз 50 жастасыз, ал мен 24-темін… Мен өмір сүргім келеді, мама… Жыламашы… Мен Жеңіс үшін өмірімді қидым ғой… Бейбіт өмірдің қандай болатынын көргім келеді…»

«Ана туралы баллада»

Әлі есімде, біледі жұрт — біледі, ел басына қатер төнген жыл еді. Қимастарын қан майданға ұзатып, қарс айырылған аналардың жүрегі…

О, аналар, осындайсың бәрің де — осындайсың жасыңдағы, кәрің де. Сыйынатын болса өмірде құдірет, сыйынар ем ана деген тәңірге.

Ақ сүті оның өтеусіз жай қала ма? Борышты оған небір дарқан, дана да! Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге, әй, адамдар, жол беріңдер анаға.

Aна — үміт, ана — жігер, ана — азамат. Одан берік, одан нәзік жан бар ма?!

Жеңіс хабарын естіген күн

Фильм: 1945 жыл

Радио хабарламасы

«Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! 1945 жыл, 8 мамыр. Совет армиясы неміс басқыншыларын кері шегіндірді».

1945 жылдың 30 сәуірі күні кешкі сағат 18:30-да Жеңіс туы тігілді. Ту тіккен — Рақымжан Қошқарбаев. Төрт жылға жуық созылған қан төгіс аяқталды. 9 мамыр — Жеңіс күні.

Бұл жеңіс оңай келген жоқ: КСРО-ның 1710 қаласы қирады, 70 мыңнан астам село мен деревня өртелді. Соғыс даласынан 20 миллионнан астам адам оралмады, олардың ішінде 350 мыңы — қазақ.

1941–1945 жылдары ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етіп, 1 минут үнсіздік жарияланады.

Түйін және тәрбиелік үндеу

Ата-бабаларымыздың жанқиярлығының арқасында бүгінгі күні тәуелсіз ел болып, әлемге танылып отырмыз. Өз Әнұранымыз, Елтаңбамыз, әрқашан биікте желбірейтін көк Туымыз бар — бұл біз үшін зор қуаныш әрі үлкен бақыт.

Соңғы көріністе жауынгерлер елге оралады: залға соғыстан келген солдаттар кіреді, алдарынан гүл шоқтарын ұстаған қыздар шығады. Шара «Жеңіс күні» әнімен аяқталады.

Елімізде бейбітшілік орнасын. Аналардың зарлы үні мен сәбилердің жылаған дауысы естілмесін. Айбынды азаматтарымыз аман болсын.