Наурыз тойым

Наурыз – думан

Наурыз — жаңару мен бірліктің, береке мен молшылықтың мерекесі. Бұл думан — ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, өнер мен мәдениет арқылы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылатын мерекелік кеш.

Мақсаты

  • Оқушыларға ұлттық салт-дәстүрді таныстыру.
  • Қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінен тәлім-тәрбие беру.
  • Ұлтжандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу.
  • Сахнада және көпшілік ортада өзін-өзі ұстауға дағдыландыру.

Көрнекіліктер

Көрпе, жастық, қамшы, ұршық, бесік, үйшік, қамыс, кілемше, шырақтар және басқа да ұлттық бұйымдар.

бесік ұршық қамшы кілемше шырақ

Жүргізуші сөзі

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Наурыз-думан мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!

Жаңа жылды қарсы алу — барша халыққа ортақ дәстүрлі қуаныш. Әр халықтың өз мерекесі бар. Мұсылман жұртшылығы үшін жыл басы — Наурыз айының 22-сі. Ұлы қазақ халқы бұл күнді Наурыз деп атайды.

Ән:

«Наурыз әні»

Наурызға арналған өлең шумақтары

Назымгүл
Кеңінен елге таралған,
Негізі ерте қаланған.
Еңбек, шаттық — жыл басы,
Наурыздан бастап саналған.
Сағындық
Наурыз тойы тамаша,
Наурыз тойы жаңаша.
Табиғат та тамаша,
Тамылжып тұр жараса.
Наурыз тойы — салтанат,
Наурыз тойы — мархабат.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.
Шолпан
Наурыз келсе — құт келгені, халайық,
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық.

(Көрермендерге шашу шашылады.)

Мың бұралған арулар аңдап басып, ортаға толқи енеді. Аруларын сыйлаған халқымыздың көңілін көтеріп, қошеметпен қарсы алайық!

Би:

Қыздар тобы — «Қазақ биі»

Мерекелік тілек және ізгі ниет

Ұлы халқымыздың әлімсақтан тұрмыстық мерекесі болып келген жаңа жыл — Наурыз мейрамы құтты болсын, халайық!

Өткен жылда еліміздің іргесі аман, қазанымыз бүтін болды. Жаңа шаңырақтар көтерілді, өмірге нәрестелер келіп, ұрпақ өсіп-өнді. Егемендігіміз нығайып, тәуелсіздігіміз артты. Қазақ тілінің мәртебесі өсіп, өзге ұлт өкілдері де қазақша сөйлей бастады. Жақсылық жақсылыққа ұласа берсін!

Оқушылар, бізге қонақ келе жатқан сияқты...

Қыдыр баба батасы

Сахнаға Қыдыр баба шығады.

Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Қыруар малың өріске толсын,
Елдеріңнің іргесі берік болсын.
Жасқа құрмет, кәріге күтім болсын,
Сөздерің серттей берік болсын.
Еккендерің өнімді болсын,
Өмірлерің көңілді болсын.
Төрт түлік төлді болсын,
Баққандарың шөлді болсын.
Ақ көп болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Сапарларың оң болсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаныңды басырсын.
Әумин!

Жер ананың аластау рәсімі

Сахнаға Жер ана шығады.

Алас, алас — пәледен алас,
Алас, алас — баладан алас,
Алас, алас — жаманнан алас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Елімнен алас, жерімнен алас,
Алас, алас! Алас, алас!

Наурыз көже — берекенің дәмі

Наурыз тойдың межесі — әжелердің көжесі. Қане, дәм татып қойыңыздар...

(Қонақтарға көже үлестіріледі.)

Ән:

«Қазақы дастархан»

Жыр, ән және күй

Мейрамбек
Наурыз тойым! Құтты болсын, халайық!
Қане, достар, шырқап әнге салайық!
Сұлтанбек
Кеңінен елге таралған,
Негізі ерте қаланған.
Көнермей салт-дәстүріміз
Көп елдерге таралған.
Мөлдір
Құлақтан кіріп бойды алар —
Жақсы ән мен жақсы күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең — менше сүй.

Ән:

«Наурызым — нақыл жыр»

Шолпан
Көргенге қуаныш — таза ауасы,
Құлаққа естілгенде жаз әуені.
Жыл сайын тойланатын мәңгі бақи,
Наурызым құтты болсын, қазақ елі!
Назымгүл
Той дегенде қазақтың жаны кірер,
Бағаңды жас білмесе, кәрі білер.
Наурызың құтты болсын, нар ағалар,
Наурызың құтты болсын, бар інілер.
Мөлдір
Жылдың басы — Наурыз,
Жырдың басы — Наурыз.
Наурызға біз арнап,
Жырдан шашу шашамыз.

Би:

«Қара жорға»

Дәстүр көрінісі: бесікке бөлеу

Ертегі-аңыздарды қариялар айтады, келіндер сырмақ сырып, үй ішін сәндейді. Түскиіз оң қапталға ілінеді, шаңыраққа шаттық ұялайды.

Көрініс қатысушылары

Сахнада әже, келіншек, бала-шаға және сәби (қуыршақ).

Ән:

«Наурыз — біздің әніміз»

Би:

«Адай биі»

Қорытынды тілектер

Сағындық

Наурыз жырын жырлаймыз,
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге —
Ел дәстүрін сыйлаймыз.

Жақсы тілек

Жаңа жыл құтты болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң — жол болсын.
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлыс береке берсін!
Жұрт аман-есен болсын!