Тапсырманы ұжым болып талдағаннан кейін оқушыларға жеке жұмыс беру

Математика (1-сынып)

Тақырып: 10 саны және цифры. Бір таңбалы және екі таңбалы сандар. Сандар қатары.

Мақсаты

  • Оқушыларды 10 санының құрылуымен таныстыру, бір таңбалы және екі таңбалы сандар туралы ұғым қалыптастыру.
  • Өз бетінше тапсырма орындау дағдысын жетілдіру, логикалық ойлауды дамыту.
  • Ұқыптылыққа және тазалыққа тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Аралас сабақ.

Әдіс-тәсілдері

Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу, көрнекілік, проблемалық әдіс.

Көрнекіліктер

Суреттер, кесте (таблица).

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  • Сабаққа қажетті оқу құралдарын түгендеу.
  • Партада дұрыс отыруын қадағалау.

II. Өткен сабақты қайталау

Ауызша санауға сандардың құрамы туралы ойындар ойнатылады (мысалы, «Үйшік»). 10-ға дейінгі сандар қатары бойынша білімді қорытындылауға арналған жаттығулар орындалады.

Мысал тапсырмалар

  • 5-тен 7-ге дейін сана.
  • Сандар қатарын қалпына келтір.
  • Көршілерін ата.

1-ден 9-ға дейінгі сандардың құрамы бекітіледі. Ол үшін «Екі санмен ауыстыр», «Үйлерге орналастыр» сияқты тапсырмалар қолданылады.

III. Жаңа сабақ

Бір таңбалы сандар

0 1 6 8 9

Екі таңбалы сандар

10 13 21 63

Бір таңбалы және екі таңбалы сандар туралы түсінік беріледі. Оқушылардың дайындық деңгейіне қарай түрлі жұмыстар ұйымдастырылады: оқулықтағы сандармен танысып, кейін тақтадан бір таңбалы және екі таңбалы сандарды табу ұсынылады.

Оқушының өзі қорытынды жасайтын сұрақтар

  • 5, 7, 9 сандарын жазу үшін неше цифр қолданамыз?
  • 10 санын жазу үшін неше цифр қажет?
  • Тағы қандай екі таңбалы сандарды білесіңдер?

Осыдан кейін 10 — ең кіші екі таңбалы сан екені түсіндіріледі.

Он — білесің, басы ашық,
Тоғыздан соң келеді.
Саусақтарды санап шық,
Есебін сол береді.

Тоғызға бірді қосамыз,
Он санын енді тосамыз.
Қос таңбаны кім білмек?
Олар — бір мен дөңгелек.

Негізгі түсініктер

  • 10 саны 10 бірліктен тұрады.
  • 10 саны «басы мен аяғы бар», толық сан ретінде қарастырылады: 10-нан кейінгі сандарда санау жүйесінің келесі қайталану реті басталады.
  • Жай сандар бірігіп, күрделі сандарды құрайды (екі таңбалы сандар).

Оқулықпен жұмыс

Өрнектер

9 + □ = 10

□ + 9 = 10

10 − □ = □

10 − □ = □

□ + □ = 10

□ + □ = 10

10 − □ = □

№1 тапсырманы орындауда алдыңғы сабақтарда меңгерілген дағдыларға сүйенемін: қосу мен азайтудың өзара байланысы негізінде өзара байланысты өрнектер құрастыру. Тапсырма еңбекті көбірек қажет ететіндіктен, көбіне дәптерге орындатылады.

Жеке жұмыс

Дәптерге бір бағанға өзара байланысты өрнектерді жазып, сол өрнектерге сәйкес сурет салу.

  • №3 тапсырма ауызша орындалады.
  • №2 тапсырма мұғалімнің жетекшілігімен орындалады.

№4 тапсырма (сурет бойынша)

Бұл тапсырма сурет бойынша өрнек құрастыру және өрнектерді салыстыру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Алдымен оқушылар суретті талдайды, содан соң сұрақтарға жауап береді.

  1. 1) Сол жақтағы сурет

    Сиырлар мен бұзауларды санап, осыған сәйкес қандай өрнек құрастыруға болатынын анықтау.

  2. 2) Оң жақтағы сурет

    Жылқылар мен құлындарды санап, сәйкес өрнек құрастыру.

  3. 3) Салыстыру

    Оң жақтағы және сол жақтағы текшелер санын салыстыру: екі өрнек жазып, салыстыру таңбасын қою.