Ханның Жаманды сағынуы
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың ертегіні қаншалықты меңгергенін анықтау, бас кейіпкер бойындағы қасиеттерді нақтылау, Аяз би өмірі туралы қосымша деректермен таныстыру.
Тәрбиелік
Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге, сөз қадірін түсінуге, адамгершілікке, адал әрі әділ болуға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілетті, өзіндік пікір айту мен жоспар құру дағдыларын дамыту; сөйлеу тілі мен жазу мәдениетін, сыни тұрғыдан ойлауды жетілдіру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1)Оқушылармен амандасу.
- 2)Оқушыларды түгелдеу.
- 3)Зейінді сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын сұрау
«Аяз би» ертегісі бойынша түсінгендерін сұрақ-жауап арқылы тексеру және жауаптарды бағалау.
III. Пысықтау
A) «Араласқан жоспар»: ертегі оқиғаларын жүйелеу
Оқушылар оқиға желісін ретке келтіріп, ертегіге жоспар құрады.
Ә) Мақал-мәтелдерді жоспар тарауларымен сәйкестендіру
Берілген мақал-мәтелдердің мазмұнына қарай ертегі бөлімдерін сәйкестендіріп, жоспарды дұрыс ретімен орналастыру (ауызша), қажет тұстарын дәптерге жазу.
| Жоспар тармақтары | Мақал-мәтелдер |
|---|---|
| 1) Жаманның жақсы мен жаманды айыра білуі | Ащы мен тұщыны татқан білер. |
| 2) Жаманның сертке берік болуы | Сертке берік бол, досыңа серік бол. |
| 3) Жаманның Барсакелмеске баруы | Ақыл – ердің қорғаны. |
| 4) Құстың, шөптің, адамның «жаманын» табуға ханның уәзірлерін жұмсауы | Арсыз адам жала жауып аздырады. |
| 5) Хан тағына отырған Жаман | Ақылды жетер мұратқа, ақылсыз қалар ұятқа. |
| 6) Ханның Жаманды уәзір етуі | Кедейлігіне қарама, кісілігіне қара. |
| 7) Меңдінің Жаманды таңдауы | Ежелгі дос жаңа достан артық. |
| 8) Қырық уәзірдің хан мен Жаманды араздастыруы | Есірген хан елді ермек етер. |
| 9) Хан сөзін шеше алмаған уәзірлердің Жаманға келуі | Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш. |
| 10) Ханның Жаманды сағынуы | Жігітті намыс өлтіреді. |
Ескерту: мақал-мәтелдерді сәйкестендіру жұмысы пікірталасқа ашық; дәлел келтіру арқылы бірнеше нұсқаны талқылауға болады.
Б) Тарихи деректер: Аяз би кім?
Аңыз-деректер бойынша Аяз би ақылдылығы мен даналығының арқасында Мадан ханның бірнеше сынынан өтіп, уәзір болған. Ол ханның тұлпарын сиырдан, өзінің қара халықтан екенін айырып беріп, шартты жұмбақты шешкен; бай қызы Меңді сұлумен отау құрып, күншіл әрі ақылсыз қырық уәзірді өлімнен құтқарған. Ақырында Мадан мойындап, халық қалап, оны хан көтерген.
Аяз би Жаманұлы (шамамен 711–800 жж.) — қазақ халқының елге аты мәшһүр, аңызға айналған ақылгөй абызы, шешені, биі. Оның есімі «Аяз би» ертегісі және «Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл» деген қанатты сөз арқылы бүгінге жеткен.
Аяз бидің ғұмырнамасына қатысты деректер әркелкі. Шапырашты Қазбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме дейін» (1993) еңбегінде Аяз би мен серігі Құмырсқа батырды Майқы би дәуірінде өмір сүрген, Майқы Мәнұлының оң жағында отыратын сенімді ақылгөй билер ретінде сипаттайды. Бұл дерек бойынша Аяз би хижра жыл санауына сай 711 жылға дейін туып, 800 жылы дүниеден өткен, Майқы Мәнұлымен замандас болып шығады.
Ал зерттеуші Балтабай Адамбайұлы «Алтын сандық» (1989) кітабында Аяз биді Хиуа хандығы дәуірінде өмір сүрген тарихи тұлға деп көрсетіп, XI–XII ғасырларға жатқызады. Бұл — қосымша зерттеуді қажет ететін мәселе.
Тарихи аңыздарға қарағанда, Аяз би Арал теңізі жағасында өмір сүрген. Аралдан шамамен 200 шақырым жерде табылған Аяз қаласының орны да оның тарихи тұлға болуы мүмкін екенін меңзейді. Аңызда аталатын Барсакелмес — Арал теңізіндегі жер атауы.
В) Венн диаграммасы
«Аяз би» мен «қырық уәзір» бейнелерін салыстырып, ортақ және ерекше белгілерін анықтау.
Аяз би
- Ақыл-парасат
- Әділдік
- Қайырымдылық
Ортақ
- Хан ордасындағы қызмет, ықпал
- Шешім қабылдауға қатысу
Қырық уәзір
- Күншілдік
- Айлакерлік
- Жала, араздастыру
Г) Жаман мен Меңді сұлудың өзгелерден ерекше қасиеттері
Дәптерге екі кейіпкердің ерекшеліктерін салыстырып жазыңыз.
Жаман
- Тапқырлық, зеректік
- Сертке беріктік
- Әділ ой, парасат
Меңді сұлу
- Парасат, көрегендік
- Таңдау жасай білетін батылдық
- Адалдыққа құрмет
IV. Қорытындылау
A) Ойланайық
Ертегі неге «Аяз патша» емес, «Аяз би» деп аталған? Талқылауда «би» ұғымының мәніне, әділ шешім айтуға, ел ішінде бедел жинауға назар аударыңыз.
Ә) Жаңа сөздермен жұмыс
- Қанын жүктемеу
- Біреудің өліміне себепші болмау.
- Тәңірі жазса
- Құдай қаласа.
- Теңдік тауып
- Әділдік тауып.
- Нашарлар
- Кедей, тұрмысы төмен адамдар.
Б) Сабағат: жанрлық қорытынды
Ертегілер — ауыз әдебиетінің ең көне жанрларының бірі. Онда көбіне өмірде сирек кездесетін, кейде мүлде болмайтын оқиғалар баяндалады.
«Аяз би» — шыншыл ертегі түріне жатады: мұнда қиялдан туған ғажайып кейіпкерлерден гөрі, күнделікті өмірдегі қарапайым адамдар бейнесі басым. Шыншыл ертегі өмірді терең таныған адамның артықшылығын көрсетуге ұмтылады.
Ауыз әдебиетінің тағы бір саласы — аңыз. Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде онда шындық оқиға мен қиял-ғажайып элементтер араласа келеді. Көбіне аңыз негізі — тарихта болған батыр, ел басшысы немесе әділ би сияқты беделді тұлғалар.
V. Үй тапсырмасы
- 1)«Аяз би» ертегісін толық оқу.
- 2) Төмендегі тақырыптардың біріне өз қиялыңнан ертегі жаз: «Бала би», «Ғажайып адам», «Менің досымның басынан кешкендері».
VI. Бағалау
Қызылорда облысы, Шиелі кенті, №46 А.С. Пушкин атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Рүстемова Гүлмира.
Нақыл сөздің төркіні
Ел ішінде «Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл» деген нақылдың шығуы туралы да аңыз бар. Майқы би айналасына ақылды, дана билерді, шешендерді, батырларды жинап, олармен ақылдасып отырған деседі. Аяз би сияқты даналарға төрден, оң жағынан орын беріп, елдік мәселелерді бірге талқылаған.
Бір жолы Аяз би мен Құмырсқа батыр жарыса сөйлеп, Майқы бидің сөзін бөле бергенде, Майқы би оларды сабырға шақырып, төмендегідей өсиет айтқан екен:
Билер, бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзіме болма бұрыс.
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл.