Бала тілін дамытуда тілдің грамматикалық құрылымын қалыптастыру
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, МКҚК №2 «Айгөлек» балабақшасы
Тәрбиеші: Амираева Айгүл Жалғауқызы
Тақырып: Бала тілін дамытуда тілдің грамматикалық құрылымының маңызы
Жоспар
- Кіріспе: Балабақшада бала тілін дамытудың маңызы
-
Негізгі бөлім:
- Бала тілін дамытуда тілдің грамматикалық құрылымын қалыптастыру
- Іс-тәжірибемнен
- Қорытынды
Кіріспе: Балабақшада бала тілін дамытудың маңызы
Тіл — табиғаттың үлкен сыйы. Тіл арқылы адамзат тілдесудің кең мүмкіндіктеріне қол жеткізіп, қарым-қатынасты нығайтады және көзқарасын қалыптастырады. Әлемнің қыр-сырын танып-білуге жол ашатын да — тіл.
Сондықтан тілдің дамуына, әсіресе мектеп жасына дейінгі баланың тілінің дұрыс қалыптасуына ерте бастан ерекше мән берген жөн. Балабақшада тәрбиеленіп жүрген баланың тілі де, ой-өрісі де көбіне үйде жалғыз өсетін баламен салыстырғанда қарқынды дамиды. Себебі мұнда баланың тілін жаттықтыруға, ой-өрісін кеңейтуге жүйелі түрде көңіл бөлінеді.
Тіл дамуына ықпал ететін негізгі құралдар
- Жас ерекшелікке сай қызықты өлеңдер, тақпақтар, жаңылтпаштар
- Дыбыстарды дұрыс айтуға баулу, сөйлеу дағдысын бекіту
- Сөздік қорды жүйелі түрде байыту
- Айналадағы өмірді таныту арқылы қабылдау мен бағдарлауды дамыту
Осыны ескере отырып, баланың сөздік қорын байыту, іс-әрекетті білдіретін сөз тіркестерін айтуға жаттықтыру, тілдің грамматикалық құрылымын меңгерту, сөздерді байланыстырып айтуға және еркін сөйлеуге үйрету — басты назарда болуы тиіс.
Негізгі бөлім
Тілдің қоғамдық және тәрбиелік қызметі
Тіл — адамдардың бір-бірімен пікір алмасып, қарым-қатынас жасайтын негізгі құралы. Сондықтан тілдің қоғамдық әрі тәрбиелік қызметі айрықша. Грамматикалық тұрғыдан дұрыс сөйлеу мәдениетін игеру сәби шақтан басталып, біртіндеп жетілетін ұзақ үрдіс.
Балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасында оқу іс-әрекеттерінің едәуір бөлігі тіл дамытуға, көркем сөзге баулуға, мәнерлеп сөйлеуге және тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталады. Топта өткізілетін көптеген іс-әрекет осы мақсатпен сабақтасып жатады.
Балалардың тілін дамыту — тек жаңа сөз үйрету емес; үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін, орынды қолдануға дағдыландыру. Мектеп жасына дейінгі балалармен сөздік жұмысын жүргізу — тіл дамытудың негізгі міндеттерінің бірі.
«Қатынас» білім беру саласындағы бағыттар
Балабақшада 5 білім беру саласы бойынша жұмыс жүргізіледі. Соның ішінде «Қатынас» саласы балалардың елестету, есте сақтау, ойлау қабілеттерін және қызығушылығын дамытуға, өз ойын еркін жеткізуіне, қоршаған ортамен және айналасындағы адамдармен еркін қарым-қатынасқа түсуіне, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Мақсаттар
- Ойлау мен дұрыс сөйлеу қабілетін дамыту, сөздік қорын молайту, сөйлем құрап ойын жеткізуге үйрету
- Сөздің жалпылаушы мағынасын меңгерту, өз ойын еркін айту дағдысын қалыптастыру
- Ертегі әңгімелеуге, өлең, тақпақ, мақал-мәтел, жаңылтпаштарды айтуға үйрету
Міндеттер
- Дыбыстау мәдениетіне тәрбиелеу
- Грамматикалық дағдыларды қалыптастыру
- Сөздік қорын молайту
- Байланыстырып сөйлеуін дамыту
- Ақыл-ойын дамытып, тіл байлығын арттыру
Тілді дамытудың маңызын ашатын құрамдастар
Бала тілін дамытуда грамматикалық құрылымды қалыптастыру
Грамматикалық құрылым — ойды дәл жеткізудің тірегі. Ол баланың сөздерді дұрыс байланыстырып, мағыналық нақтылықпен сөйлеуіне мүмкіндік береді. Төмендегі бағыттар жүйелі түрде бекітілуі қажет:
- Сөздерді септік жалғауларымен, көпше және жекеше түрлерімен дұрыс үйлестіре қолдануға үйретуді жалғастыру.
- Сөздердің күрделірек жасалу түрлерін меңгерту: Мысалдар: ілік септігіндегі зат есімнің көпше түрі — ойыншықтардың, адамдардың, боталардың; етістік түрлері — жату, жүру, жүгіру.
- Жан-жануарлар мен олардың төлдерін зат есімнің жекеше және көпше түрінде айту біліктілігін дамыту.
- Жай сөйлем құрылымын жетілдіре отырып, салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдануға жағдай жасау.
- Сан есімдерді дұрыс қолдануға дағдыландыру.
Іс-тәжірибемнен: «Тәй-тәй» технологиясы арқылы тіл дамыту
Мен жұмыс істейтін «Ақбота» ортаңғы тобында ең алдымен баланың өз ана тілінде еркін сөйлеуіне, сөздік қорын байытуға және сұрақ-жауап арқылы әңгімелеу дағдысын дамытуға басымдық беремін. Оқу іс-әрекеттерін «Тәй-тәй» технологиясы негізінде ұйымдастырамын.
Тіл дамыту бойынша «Айгерім қуыршақ дастархан әзірлеп жатыр» тақырыбында ашық оқу іс-әрекетін өткіздім. Балалар үш орталықта жұмыс жасады. Орталықтарға бөлмес бұрын ашық алаңда сабақтың мазмұнын түсіндіріп, тапсырмалардың мақсатын нақтылап өттім.
Әдебиет орталығы
Ыдыстар туралы әңгімелесу ұйымдастырылып, дидактикалық ойын ойнатылды.
Өнер орталығы
Айгерімнің қонақтарына арналған майлықтардың жиегіне ою-өрнек жапсыру жұмысы орындалды.
Желілі-рөлді ойын орталығы
«Асхана» ойыны ойналып, балалар қамырдан домалақтап бауырсақ жасады.
Орталықтардағы жұмысты ұйымдастыру тәртібі
- Әр орталықта 7–8 баладан жұмыс жасайды.
- Белгілі уақыт аяқталған соң балалар орталықтар арасында ауысады.
- Ауысу алдында басталған жұмыстарын аяқтайды.
- Ауыстыру қоңырау сылдыры арқылы белгіленеді.
«Тәй-тәй» технологиясы біздің топта кеңінен қолданылады және балалардың белсенді сөйлеуіне табиғи орта қалыптастыруға көмектеседі.
Бала тілін дамыту — баланың жалпы ойын дамыту. Балалардың ауызекі сөйлеу тілін, сөйлеу мәдениетін арттыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Қоршаған ортаны, табиғатты бақылау және түсіндіру арқылы балалардың сөздік қорын үнемі жаңа сөздермен толықтырып отыру қажет деп есептеймін.
Балалардың сөйлеу қабілетін тереңдетіп, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту үшін олардың айтқан әңгімесіне, өзі құрастырған қысқа мәтіндеріне бағыт-бағдар беріп, тіл байлығы мен сөздік қорын жүйелі түрде дамытуға басымдық берген дұрыс.
Қорытынды
Мектеп жасына дейінгі кезең — тілдің негізі қаланатын шешуші уақыт. Грамматикалық құрылымды жүйелі түрде қалыптастыру баланың ойын нақты жеткізуіне, сөздерді орынды байланыстыруына және қарым-қатынас мәдениетін меңгеруіне мүмкіндік береді. Балабақшадағы мақсатты жұмыс, ойын мен орталықтар арқылы ұйымдастырылған әрекет, көркем сөз және күнделікті тілдік тәжірибе — осы міндетті тиімді жүзеге асыратын басты жолдар.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандарты. Астана.
- Тіл дамыту әдістемесі.
- «Отбасы және балабақша» журналы, №2, 2012 ж.