Зат есім қандай сөз табы
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- а) Сыныптағы оқушыларды түгелдеу.
- ә) Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Жұлдызды сәт» ойыны арқылы есім сөздерді қайталау
Есіңе түсір
-
1) Зат есім қандай сөз табы?
Есімдер тобы.
-
2) Зат есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді?
Жалпы, жалқы, деректі, дерексіз.
-
3) Жалпы және жалқы зат есімдер дегеніміз не?
Жалпы есім — біркелкі заттар мен құбылыстарды жаппай атайтын сөздер; жалқы есім — арнайы берілген есімдер мен атаулар.
-
4) Сын есім қандай сөз табы?
Есімдер тобы.
-
5) Сын есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді?
Сапалық және қатыстық сын есім.
-
6) Туынды сын есімдер қалай жасалады?
Жұрнақ арқылы: есім сөзден де, етістіктен де жасалады.
-
7) Сын есім құрамына қарай нешеге бөлінеді?
Дара және күрделі сын есім.
-
8) Сан есім қандай сөз табы?
Есімдер тобы.
-
9) Сан есім мағынасына қарай нешеге бөлінеді?
Есептік, реттік, болжалдық, топтау, жинақтық, бөлшектік — 6 түр.
-
10) Сан есім құрамына қарай неше түрге бөлінеді?
Дара және күрделі.
Дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызша беріліп отырады.
III. Жаңа сабақ: Есімдік және жіктеу есімдігі
Мәтін арқылы түсіндіру
Талғат биыл мектепті бітірді. Ол енді қалада оқиды. Мен оған хат жазып тұрамын. Мұндайда кім қуанбайды дейсіз?
Мәтіндегі қалың қаріппен берілген сөздер есімдіктер деп аталады. Мысалы, бірінші сөйлемдегі Талғат есімін екінші сөйлемде ол есімдігі алмастырып тұр. Үшінші сөйлемде де баяндаушы адам мен Талғаттың есімдерін мен, оған есімдіктері ауыстырып қолданылған. Төртінші сөйлемде зат есімнің орнына кім есімдігі жұмсалған.
Негізгі анықтама
Зат есім, сын есім, сан есімнің орнына жүретін сөз табы есімдіктер деп аталады. Есімдіктер кейде орынбасар сөздер деп те айтылады: олар заттың атын, белгісін, санын тікелей атамай, тек нұсқап, меңзеп көрсетеді және солардың орнына қолданылады.
Есіңде ұста Қазақ тіліндегі есімдіктер саны көп емес: шамамен 60–70 шақты.
Есімдіктердің мағыналық топтары (7 түр)
1) Жіктеу
мен, сен, сендер, сіз, сіздер, ол, олар, біз, біздер
2) Сілтеу
ол, сол, бұл, осы, анау, сонау, әне, міне, әнеки
3) Сұрау
кім? не? қалай? қашан? қандай? т.б.
4) Өздік
өз, өзім, өздері, өзіміз, өзінен, өзімнің, өздеріңіз
5) Жалпылау
бар, барша, барлық, бәрі, күллі, бүтін, тегіс, түгел
6) Белгісіздік
әр, қай, бір, біреу, әлде, кей (әркім, әлдебір)
7) Болымсыздық
ештеңе, ештеме, дәнеңе, ешкім, ешқашан, түк, дым
Талдау: «Біз» есімдігі және жақ ұғымы
Сұрақ-жауап
Сұрақ: Балалар, біз қандай билерді білеміз?
Жауап: Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би.
Қазыбек бидің сөзі (оқу және талдау)
Біз қазақ деген елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз.
Табысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімсіз жабысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір еріткелі келгенбіз.
Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұратын жеріңді айт.
Бұл үзіндідегі біз — бүкіл қазақ халқын білдіреді. Белгілі бір адамға не топқа қатысты жақтық ұғыммен байланыса қолданылатын есімдіктің түрі жіктеу есімдігі деп аталады.
Жіктеу есімдігі: жақтары және түрлері
Жіктеу есімдіктерінің үш жағы болады және жекеше, көпше түрде қолданылады: мен, сен, сіз, ол, біз (біздер), сендер, сіздер, олар.
| Жақ | Жекеше түрі | Көпше түрі |
|---|---|---|
| I жақ |
Мен (айтушымын, сөйлеушімін) |
Біз (біздер) (айтушылармыз, сөйлеушілерміз) |
| II жақ (анайы) |
Сен (айтушысың, сөйлеушісің) |
Сендер (айтушыларсыңдар, сөйлеушісіңдер) |
| II жақ (сыпайы) |
Сіз (айтушысыз, сөйлеушісіз) |
Сіздер (айтушыларсыздар, сөйлеушілерсіздер) |
| III жақ |
Ол (айтушы, сөйлеуші) |
Олар (айтушылар, сөйлеушілер) |
| Жақ | Жекеше (мысал) | Көпше (мысал) |
|---|---|---|
| I жақ | оқушымын, сұрадым | оқушымыз, сұрадық |
| II жақ (анайы) | оқушысың, сұрадың | оқушысыңдар, сұрадыңдар |
| II жақ (сыпайы) | оқушысыз, сұрадыңыз | оқушысыздар, сұрадыңыздар |
| III жақ | оқушы, сұрады | оқушылар, сұрады |
Екі кестені салыстыра отырып, жіктеу есімдіктерінің етістікпен байланысын (жіктік жалғаулар арқылы) түсіндіруге болады.
Қорытынды ой
Есімдік — есім сөздердің орнына жүретін, затты тікелей атамай, оны нұсқап көрсететін сөз табы. Ал жіктеу есімдігі — сөйлеуші, тыңдаушы және бөгде тұлғаны білдіріп, жақтық мағынамен тығыз байланыста қолданылатын есімдіктер.