Тапсырмаларымды жақсы орындадыңдар балалар
Күзгі жапырақтар
Білім беру саласы: Шығармашылық · Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Жапсыру
Мақсаты
- Балаларға күз мезгілі туралы түсінік беру.
- Күзде ағаш жапырақтарының неліктен сарғаятынын әңгімелеу.
- Балалардың ой-өрісін дамыту.
- Ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Қажетті материалдар
- Жапырақтар
- Түрлі түсті шарлар
- Желім
- Ақ қағаздар
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, түсіндіру, көрсету, ойындар.
Шаттық шеңбері
Армысың асыл күн!
Армысың асыл досым!
Жылуыңа – жылу қос,
Міне менің қолым!!!
Сабақтың барысы
Кіріспе сұрақтар
- Балалар, бүгінгі сабаққа көңіл күйлерің қалай?
- Балабақшаға келгенде ауа райы қандай болды?
- Қазір жылдың қай мезгілі?
Жақсы, балалар, ендеше сабағымызды бастайық.
Сюрприз сәті
Музыкалық әуен ойналады. Қолында түрлі түсті шарлары бар сайқымазақ кіріп келеді.
– Балалар, бізге қонаққа кім келді?
– Сайқымазақ.
– Дұрыс айтасыңдар! Бүгін сайқымазақ бізге тапсырмалар алып келіпті. Орындаймыз ба?
Өлең
Сары жапырақтар жауғанда,
Күзде жауын, бұлт, тұман.
Сары жапырақ жауады,
Сары құйын ұйытқан.
Сапырады ауаны,
Тапталады табанға.
Судыр-судыр жапырақ,
Өрттей сары бояуға
Малынғандай атырап.
Талқылау
Балалар, тақтадағы суретке қараңдаршы: не көріп тұрсыңдар? Күз мезгілінде қандай табиғи өзгерістер болады?
- Күн салқындайды.
- Ағаштардың жапырақтары сарғаяды.
- Жазда өсірілген гүлдер күзде қурап, сарғаяды.
- Кейбір жәндіктер жерге тығылады (мысалы, көбелек).
Негізгі идея
Ендеше, балалар, күздің сары және қызыл жапырақтарынан көбелек жасап көрейік.
Жапсыру жұмысы (нұсқаулық)
- Тақтадағы үлгіге мұқият қараймыз.
- Желімді жапырақтың бетіне жағамыз.
- Жапырақтарды ақ қағазға көбелек пішінін шығара отырып жапсырамыз.
- Желіммен жұмыс кезінде ұқыпты боламыз: үстімізге және үстел бетіне жақпаймыз.
Сергіту сәті
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар
Үлкен болып өседі.
Ойындар
Ойын: «Жапырақтарды жинау»
Музыкалық әуенмен балалар жерге шашылған жапырақтарды жинайды.
Ойын: «Шарларды жару»
Балалар сайқымазақ әкелген шарларды кезекпен жарады. Шардың ішіндегі тапсырмаларды орындайды.
Балалардың тақпақтары
Айсәуле
Алтын сары, қызыл, көк —
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Ажар
Күн шуаққа маужырап
Жатыр еді атырап.
Ағаштардан жапырлап
Ұшты кенет жапырақ.
Шыңғыс
Ұшты таудан жапырақ
Сары көбелек секілді.
Аспанда жай шатырлап,
Тамшы жерге секірді.
Ералхан
О, алақай, тамаша!
Шашу шашады жапырақ.
Бақтың іші алаша,
Аунар ма еді жатып ап!
Сайқымазақтың қорытынды сөзі
«Міне, керемет! Өте жақсы! Тапсырмаларымды тамаша орындадыңдар. Сендерге өте ризамын — қандай білімді балаларсыңдар!»
Сайқымазақ балаларға тәттілерін үлестіріп, қоштасып шығып кетеді.
Қорытынды
Нәтиже
- Сабаққа белсенді қатысып, сұрақтарға жауап бердіңдер.
- Жапырақтардан көбелекті ұқыпты әрі әдемі жасап шықтыңдар.
- Еңбектерің үшін жұлдызшалар таратамын.
Көрме
Балалардың жұмыстары бойынша шағын көрме ұйымдастырылады.
Оқу қызметімізге келген апайларға алғыс айтып, «Сау болыңыздар!» дейміз.
Мәлімет
- Қала
- Атырау
- Ұйым
- КМҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы
- Тәрбиеші
- Джумагазиева Алтыншаш (ортаңғы топ)