Сөз ілік септік жалғауы сөз тәуелдік жалғау

Сабақ жоспары

Сабақтың тақырыбы

Матасу

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: сөз тіркесінің матаса байланысу жолын түсіндіру, оларды сөйлем ішінен табуға үйрету.
  • Дамытушылық: оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, пән бойынша алған білімдерін жүйелі түрде қолдана білуге дағдыландыру.
  • Тәрбиелік: оқушыларды әдеби тілде көркем сөйлеуге, ана тілін қадірлеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Сабақтың әдістері

Сұрақ–жауап, түсіндіру, әңгімелеу, СТО элементтері

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, үлестірме қағаздар

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сөздік жұмысы

Сабақта кездесетін қиын сөздер:

Әуелгі
алғашқы, бірінші
Ғибрат
үлгі, өнеге
Игілік
жақсылық

Сабақ айдары

Абайдың отыз бірінші қарасөзінен:

Естіген нәрсені ұмытпауға төрт түрлі себеп бар: әуелі — көкірегі байлаулы, берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрат алу керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселдерінен қашық болу керек.

Ойды жинақтап, сабақты бастауға бағыт.

II. Үй тапсырмасын пысықтау

240-жаттығу

Мәтінді түсініп оқып, ішінен қиыса байланысқан 5 сөз тіркесін теріп жазыңдар. Үлестірме қағаздар таратылады.

Семантикалық карта

Тақырып бойынша негізгі ұғымдарды сәйкестендіру.

Графикалық диктант

Сөздерді тиісті орындарға қойып, байланысын анықтау.

1) Бағандар:

Сөздер ………… / Мен ………… / Сен ………… / Біз ………… / Сіздер …………

Айман, көрдіңіздер, естісек, келдім, ойлан, оқыған

2) Тіркестер:

мен — Ажар, сен — сіз, біз — үйренді…, жазсаң…, білгенмін…, барайық…, отырсаңыз…

Өткен материал бойынша сұрақтар

  1. 1Синтаксис нені зерттейді?
  2. 2Сөз тіркесі дегеніміз не?
  3. 3Сөздердің байланысу тәсілдерін ата.
  4. 4Есімді және етістікті тіркес дегеніміз не?
  5. 5Сөз тіркесінің байланысу түрлерін ата.
  6. 6Қиысу дегеніміз не?

III. Жаңа сабақ

Тақырып пен мақсат

Бүгінгі сабақтың тақырыбы — матасу. Сабақ барысында сөз байланысуының осы түрімен танысып, оны сөйлем ішінен ажырата алуға үйренесіңдер.

Кіршіксіз таза сақтаңдар, қазақтың тілін ғаламат.
Ананың тілі — ардақты аманат, саған, аманат.

Үлгі тіркестер: қазақтың тілі, ананың тілі.

Ереже

Бірінші зат есім (немесе заттанған сөз) ілік септікте, ал екінші сөз тәуелдік жалғауда келіп байланысса, мұндай сөз тіркесі матаса байланысқан сөз тіркесі немесе матасу деп аталады.

Түсіп қалу (ықшамдалу) құбылысы

Матасуда кейде бірінші не екінші компонент сөйлеуде түсіп қалып айтыла береді.

Ілік септік жалғауынсыз

  • Ақын(ның) өлеңдері
  • Ауыл(дың) тұрғындары

Тәуелдік жалғауынсыз

  • Көше(нің) шамдары
  • Біздің сынып(ымыз)
  • Өзіміздің балалар(ымыз)
  • Сіздің үй(іңіз)

Неге матасу — есімді сөз тіркесі?

Матасудың басыңқы сыңары көбіне зат есім болады немесе тәуелдік жалғауы жалғанып заттанған сөз болады: оқушының кітабы, баланың жақсысы, атаның айтқаны. Мұнда жақсы (сын есім) және айтқан (есімше) тәуелдік жалғауы арқылы заттанып тұр.

Сөз тіркесін құрамына қарай талдау (үлгі)

  1. Құрылымы
    [сөз + ілік септік] + [сөз + тәуелдік жалғау]
  2. Түрі
    Есімді сөз тіркесі
  3. Байланысу түрі
    Матасу
  4. Құрамы
    Дара сөз тіркесі
  5. Байланысу тәсілі
    Жалғау арқылы

IV. Сабақты меңгерту

Оқулықпен жұмыс

244-жаттығу

  • Мәтінді оқып, матаса байланысқан сөздерді тауып, дәптерге жазыңдар.
  • Бірінші сөйлемге морфологиялық талдау жасаңдар.
  • Екінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдаңдар.
  • «Кітабы» сөзіне фонетикалық талдау жасаңдар.

Өзіндік жұмыс

Сызба бойынша матаса байланысқан сөз тіркестерін құраңдар:

Зат есім + зат есім
Сын есім + зат есім
Сан есім + зат есім
Есімдік + зат есім
Үстеу + зат есім

Шығармашылық жұмыс

РАФТ әдісімен ойтолғау жазыңдар:

R
Тіл жанашырлары
A
Халық
F
Үндеу
T
Ана тіліміздің қоғамдағы рөлі

Жазған шығармаларыңды оқып, ішінен матасу үлгілерін табыңдар.

Топтық жұмыс

Тапсырмалар арқылы матасуды табу және дәлелдеу.

Әр топ мәтіннен матаса байланысқан тіркестерді бөліп көрсетіп, бірінші сыңардың ілік септікте, екінші сыңардың тәуелдік жалғауда тұрғанын дәлелдейді.

Диктант

Мәтін ішінен матаса байланысқан сөздерді табыңдар:

Қазақ тілі — әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

V. Сабақты қорыту

Венн диаграммасы

Қиысу

Жақ пен сан арқылы байланыс, бастауыш-баяндауыш қатынасы.

Ортақ белгілер

Сөздердің грамматикалық байланысуы, сөйлем ішінде қызмет атқаруы.

Матасу

Ілік септік + тәуелдік жалғау арқылы байланыс.

Жедел сұрақтар

Сұрақ

Матасу дегеніміз не?

Сұрақ

Мысал келтір.

VI. Үйге тапсырма

249-жаттығу

Мәтіннен матаса байланысқан 5 сөз тіркесін жазып, сөз құрамына талдап келіңдер.

VII. Бағалау

Оқушылардың жауаптары, жазба жұмыстары және топтық тапсырмалардағы белсенділігі негізінде бағаланады.