Наурыз баталары

Тәрбие сағаты туралы

Тақырыбы

Қош келдің, Наурыз!

Жұмыстың түрі

Ашық тәрбие сағаты

Мақсаты

  • Оқушыларға Наурыз мерекесінің мәнін түсіндіру.
  • Бауырмалдыққа, сыйластыққа тәрбиелеу.
  • Халық дәстүрлерін құрметтеуге баулу.

Көрнекілігі

Буклет Жеке суреттер Слайдтар Мерекелік дастархан Әсем безендірілген бөлме Цитаталар

Тәрбие сағатының барысы

Мерекелік көңіл күй, өлең-жыр, ұлттық ойындар және дәстүр сабақтастығы.

1) Топ жетекшісінің кіріспе сөзі

Тарихы мен мәні

Ертеден мерекеленіп келе жатқан мейрамдардың бірі — Наурыз. Бұл мереке жыл сайын 22 наурыз күні, күн мен түн теңеліп, қар еріп, көк қылтиып шығатын көктем мезгілінде тойланады.

Сондықтан халық Наурыз күнін жаңа жылдың басы — Ұлыстың ұлы күні деп танып, ізгі тілекпен, зор қуанышпен қарсы алған. Бұл күні жұрт бір-бірінің үйіне кіріп, наурыз көже ішіп, ән айтып, би билеп, ұлттық ойындар ойнап, думанды көңіл күймен өткізген.

Наурызда адамдар көрісіп амандасады: өкпе-реніш ұмытылып, татулық пен достық нығаяды.

Дәстүрлі ұғым: 21 наурыз түні Қыдыр ата ел аралайды дейді. Қыдыр ата — адамдарға құт-береке, бақ-дәулет дарытатын көрінбейтін ақсақал бейнесі.

2) Жүргізуші сөзі

Көктемнің келуі

Малдар төлдеп, қой қоздап, Сүттен бұлақ ағызған. Жаңа жылдың сипаты — Молшылыққа аңыз боп. Басталыпты Наурыздан — деп, Наурызды жыл басы санайды!

3) Тойға шақыру

Көңіл көтеру

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Той дабылын қағып тұрған — Мұнда біз бар. Естімеген — естіңдер, Тыңда мені, тыңдаңдар, Бір орында тұрмаңдар!

4) Оқушы өлеңі

Жыл басы

Белгісіндей өткен күн — Амал атты қалыпты. Наурыз — басы көктемнің, Сүйікті айы халықтың. Наурызда күлімдеп, Күн көзі жылынды. Өзгеше бүгін леп — Қыс тауға тығылды. Наурызды халқымыз Жыл басы деп санайды. Көнермей салтымыз, Көп елге тарайды.

5) Ән және ұлттық ойын

Қатысу, қимыл

Мерекелік шумақ

Ән айтылды күні бойы, Бұл мереке — бізге ойын. Көжесі көп, шелпегі көп, Жақсы көрем Наурыз тойын.

«Сақина салу» ойыны

Ойын жүргізуші сақинаны білдірмей қатысушылардың біріне береді. Табу барысында төмендегі санамақ айтылады:

Бір, екі — жердің беті. Сары шымшық, Тез ұшып шық!

Сақина ұсталып қалған оқушы жүргізуші айтқан шартты орындайды.

6) Абай — «Жазғытұрым»

Классика

Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

7) «Қош келдің, Наурыз!» әні

Ән

Көгілдір көктем, көктем бұл, Көгілдір көлшік қияқты. Жауқазындар көктем бір Төгіліп тұрған сияқты. Көгілдір көктем, көк барқыт, Шапанын жапты далаға. Жаңбырын төкті көк сарқып, Шөлдеп қапты жер-ана!

8) Наурыз көже туралы өлең

Дастархан

Наурыз тойы әдемі, Әжем еске түсіреді. Біздерге арнап әдейі Наурыз көже пісірді. Ашылды да кебеже, Дәм әзірлеу басталды. Әжем Наурыз көжеге Жеті түрлі ас салды. Бидай, күріш, тары бар, Бар сүр ет пен шұжығы. Ащы құрты тағы бар, Көже — елдің ырысы...

9) Танымдық тапсырма: «Наурыз көже» құрастыру

Сұрақ-жауап

Тақтаға Наурыз көжеге қосылатын тағам түрлерінің атауы жазылған карточкалар ілінеді.

Сұрақ

Наурыз көжені пісіру үшін әуелі қай тағам түрін қазанға саламыз?

Оқушының жауабына сәйкес карточка алынып, артындағы сұрақ оқылады. Жауап дұрыс болса, сыйлық беріледі.

Барлық сұрақтар аяқталған соң тағам түрлері қазанға «салынып», көже асылады. Соңында қатысушылар мерекелік дастарханға шақырылады. Дастархан басында жақсы тілектер айтылып, жарапазан орындалады.

10) Жарапазан

Тілек, бата

Айтайын жарапазан есігіңе-ау, Сәби бітсін осы үйдің есігіне-ау. Жарапазан тек қана дін жолы емес, Бұйыртсын деп айтайын несібеңе-ау. Ескі жыл кетіп қалған — есіркейді-ау, Жаңа жыл келіп қалған — нені істейді-ау. Жаңа жыл жетіп келген жүкпен келер, Жұбайлар жаңа-жаңа жұппен келер. Үйің-үйің үй екен, Үйдің көркі ши екен. Саба көркі ши екен, Сандық көркі түйе екен. Әшекейлеп сырлаған, Ақ сарайдай үйі бар, Ақ бөкендей қойы бар, Қара сақал кермиық, Қандай байдың үйі екен? Айтамын жарапазан үйіңізге, Ұстаған үй айнала шиіңізге, Қой берсең, қозы берсең көпсінбеймін, Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге. Айтамын жарапазан үйіңізге, Туырлық үй айнала шиіңізге: Осы үйдің шаңырағы шап-шақ екен, Жеңгеміз осы үйдегі аппақ екен... Айтамыз жарапазан есігіңе, Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.

11) Дастарханға бата

Қорытынды

Наурыз батасы (I)

Ұлыс бақты болсын, Әр күніміз жақсы болсын, Достығымыз берік болсын, Білім-өнер серік болсын!

Наурыз батасы (II)

Амансыз ба, Ұлыс — оң болсын. Ақ мол болсын, Қайда барсаң, жол болсын! Ұлыс бақты болсын, Төрт түлігі ақты болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!