Өмірге аяқ баса бер, Асылардан аса бер
Тұсау кесу: мағынасы мен мәні
Тұсау кесу — бір жасқа толып, өздігінен жүре бастаған баланың қадамы құтты болып, өмір жолы ашық, жаны аман, жамандық көрмей өссін деген ізгі тілекпен жасалатын көне салт.
Күлгенің де той сенің,
Жүргенің де той сенің.
Қызықтасын халайық,
Тұсау кескен бұл күнің.
Есте қалсын, жарқыным.
Тұсау неден кесіледі?
Дәстүр бойынша баланың тұсауы көбіне ала жіппен, қойдың майлы шегімен немесе өрілген көк шөппен кесіледі. Әрқайсысының өзіндік ырымдық мағынасы бар.
Ала жіп
Ақтық пен адалдыққа бастайды, «біреудің ала жібін аттамасын» деген ниетті білдіреді.
Майлы шек
Байлыққа, тоқтыққа, берекеге жетелесін деген сеніммен пайдаланылады.
Көк шөп
Көбеюге, өсуге, өнуге шақырады — өмірі көктемдей құлпырып тұрсын деген ишара.
Рәсім қалай өтеді?
- 1 Қонақтар жиналған соң, той иесі ортаға сәбиін алып шығады. Ақ кимешек киген әжелер шашуға әзірленеді.
- 2 Бұрындары тұсауды өткір сапымен (пышақпен) кескен. «Баланың келешегі қайшыланбасын» деп, қайшы қолданбаған деген таным бар.
- 3 Тұсау кесердің алдында баланың қолына ерекше сыйлық ұстатып, жиналған жұрт балаға бата-тілегін айтады. Ел «Әумин» деп бетін сипаған соң, тұсау кесіледі.
- 4 Сәбиді естияр аға-әпкелері қаз-қаздатып жұртқа қарай жүргізеді — бұл да «жолы ашық болсын» деген игі нышан.
- 5 Тұсау кесетін адам — сүріншек, шалағай немесе өтірікші емес, керісінше жүрісі ширақ, өмірде орнықты, сөзі мен ісі нық адам болғаны құп саналады.
- 6 Той иелері тұсау кесушіге кәде-сый жасайды. Кесілген ала жіпті сол ортадағы жас нәрестелі отбасыларға немесе перзент күтіп жүрген жұптарға ырым етіп таратып береді.
Ескерту
Осы сәтте шашу шашылып, тұсау кесер жыры айтылады. Жырды бір адам жеке дауыспен де, көпшілік қосылып та орындай береді.
Тұсау кесер жыры
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлындай шапа ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы, құлыным,
Желбіресін тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе.
Жолың болсын деселік,
Жолыңа нұр төсейік.
Жарылқасын алдыңнан,
Тұсауыңды кесейік!
Күрмеуіңді шешейік!
Ырым сөздер мен рәсімдік өлеңдер
Келіннің өлеңі
Тәй-тәй, балам, тәй, балам,
Шақырып тұр айналаң.
Жүруге алғаш талпындық,
Құтақандай жан балам.
Қаз-қаз тұрып талпындың,
Қуантасың, күлесің.
Аман болсаң, аз-ақ күнде
Алшаң басып жүресің.
Тұсау кесуші әженің сөзі
(Әже сәбиді ортаға алып шығып, беліне кішкентай қалта байлайды. Қалтаның ішіне тәттілер салады.)
Беліңе қалта байладым,
Дәулетіңді асырсын.
Ішіне тәтті сайладым,
Қиындықты қашырсын!
Айналайын балам, өзің қандай сүйкімді едің.
Тіл-көзім тасқа.
Бөпеміз қаз тұрыпты,
Алға қадам басуға,
Тәй-тәй болып жүріпті,
Асулардан асуға.
Маған тұсау кестіріп,
Жатқандардан бұйрық сол;
«Мені жүйрік» депті жұрт,
Менен асқан жүйрік бол.
Тұсауды байлау мәні
Ішек
Ішекпен байлағаным — малды болсын, тоқ болсын дегенім.
Көк шөп
Көк шөппен байлағаным — жершіл болсын, көпшіл болсын, өсіп-өнсін дегенім.
Ала жіп
Ала жіппен байлағаным — адал болсын, ақ болсын дегенім.
(Әже ала жіпті қолына алып.)
Ала жіппен тұсайын — _____________________ аяғын,
Тұсау жібін кесейін,
Жасап баба ырымын.
Сағат сайын есейіп,
Шапқыласын құлыным.
Аяқтары талмасын,
Айналайын, алтыным.
Кесу сәтіндегі тілек
Қаз-қаз, бала, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Алға қарай баса бер,
Асулардан аса бер.
Әженің ескертпесі мен шашу
Ал, келіншектер, тәй-тәйлап,
Әлдиді алға бастаңдар.
Шошытпаңдар, айқайлап,
Жалғыз тастап қашпаңдар.
Немеремнің жолына мол қып шашу шашыңдар,
Із қалдырсын соңына,
Алдын кең қып ашыңдар!
(Ақ жайма жайылып, жол ашылады. Шашу шашылып, құттықтаулар айтылады.)
Балаға арналған ақ тілектер
Тұсауың кесілді — құлама,
Тізеңді жаралап, жылама.
Қанеки өзіңді сына да!
Секірсең, құздардан сүрінбе,
Шың-құзға шыққанша бүгілме.
Болаттай қабырғаң қатайсын,
От ұшқын ойнасын түріңде.
Ұзақ болсын, иншалла, өмірің,
Тасысын шаттықтан көңілің.
Қонақтарға арнау
Құрметті қонақтар, армысыздар,
Бәріңіз де есен-сау бармысыздар.
Тұсау кесіп, той жасау — ата-дәстүр, салтымыз,
Жақсылықты тілейміз тойға келген баршамыз.
Думанды тойын жасап дүбірлетіп,
Салт-дәстүрді ежелден қастерлеген халқымыз.
Ата менен немере — аяқталмас бір дастан,
Екеуіне керегі — ашық болсын нұрлы аспан!
Немереге деген мейірім
«Балаңнан тәтті» дейді немере,
Маған ақы сен өмірде төлеме.
Гүл сияқты алақанмен аялап,
Күн сияқты көтеремін төбеме.
Қорытынды бата-тілек
Құлыным үлкен жігіт болсын!
Ата-анасына қуаныш болсын.
Жақсылармен қатар болсын,
Жамандармен қатал болсын.
Ата-дәстүр байлығын жалғастырар,
Берік бұтақ болсын.