Достарыңмен ойыншықтарыңды бөлісіп ойнаңдар

Сабақтың мақсаты

  • Балалардың сүйікті ойыншықтары арқылы бауырмалдыққа, мейірімділікке, қамқорлыққа баулу.
  • Ойыншықтары туралы әңгімелеуге үйрету, баланың сөздік қорын және тіл байлығын дамыту.
  • Балаларды ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Қуыршақ

Сөйлету, күтім, мейірім туралы әңгімеге ыңғайлы.

Доп

Қимыл-қозғалыс, бірлескен ойынға арналған.

Машина

Ережемен ойнау, ұқыптылыққа үйрету.

Ойыншық аңдар

Ертегі құрастыру, сипаттау дағдыларын дамыту.

Сабақтың барысы

  1. I. Ұйымдастыру

    Сәлемдесу, назарды сабаққа аудару, ойыншықтарды таныстыруға дайындық.

  2. II. Мұғалімнің кіріспе сөзі

    Ойыншық — баланың досы. Онымен ойнаймыз, күтім жасаймыз, кейде өз ойымызды да соған айтып береміз. Сондықтан ойыншықты ұқыпты ұстау, таза сақтау және достармен бөлісе білу өте маңызды.

  3. III. Жұмбақ шешу

    Аяғы бар — жүрмейді,
    Аузы бар — күлмейді.
    Айнымайды бөпемнен,
    Тек сөйлеуді білмейді.

    Жауабы Қуыршақ

    Суға салсаң батпайды,
    Түскен жерде жатпайды.

    Жауабы Доп
  4. IV. Сұрақ-жауап

    • Сүйікті ойыншықтарың бар ма?
    • Қандай ойыншықтарың бар?
  5. V. Әңгімелеу

    Әр бала өз сүйікті ойыншығы туралы қысқаша айтып береді: аты, түсі, неден жасалғаны, оны қалай күтетінін және неліктен жақсы көретінін сипаттайды.

Ойыншықтар туралы өлеңдер

1) Ойыншық көп бөлмемде

Іші толған бөлменің,
Ойыншығым мол менің.
Босқа тізіп қоймайық,
Келе ғой, достар, ойнайық.

2) Арғымақ

Мына тұрған арғымақ,
Мінем оған қарғып-ақ.
Тістемейді, теппейді,
Бос қойсаң да кетпейді.

3) Тайлақ

Мына тұрған тайлағым,
Келмейді оны байлағым.

4) Сиыр

Мына тұрған сиырым,
Томпайтып тұр бүйірін.

5) Қоян

Мына тұрған қояным,
Алдына жем қоямын.
Құлағы оның ұзын-ақ,
Өзі бірақ қорқақ.

6) Машина

Мына тұрған машинам,
Зымырайды тоқтамай.
Алдына тұрар машинамның,
Қағып кетем байқамай.

Әндер

«Ойыншықтар» әні (Доп туралы)

Добым, добым домалақ,
Шаршамайсың домалап.
Үстел үстін бүлдірдің,
Тәрелкені сындырдың.

Добым, менің добым,
Өзің неткен добым.
Зымырайсың, қутыңдайсың,
Бірақ менен құтылмайсың.

Лақтырғанда добымыз,
Биікке ұшып кетеді.
Тату болсақ өзіміз,
Бәрімізге жетеді.

Қуыршақ туралы өлең

Әй, қуыршақ, қуыршақ,
Жуынбайды жуынсақ.
Беті-қолдың батпағын
Елең қылмай жатқаның —
Қашан адам боласың?

«Қуыршақ» әні

Көп жүрдік далада,
Ойнамай бола ма?
Аяқ басың тәй-тәй,
Шаршадың ғой, қуыршағым!

Тойдырдың ғой бөпеңді,
Үйреттің төкпеуге.
Төсек дайын, бөпем,
Демал енді, көкем.
Ұйықтай қойшы,
Қуыршағым.

Мысық туралы тақпақтар

1) Ақ мысығым

Ақ мысығым әдемі,
Жүні үлп-үлп етеді.
Өзі сондай сүйкімді,
Сүтті жақсы көреді.

2) Бірге ойнасақ

Бірге ойнасақ мысықпен,
Еркелейді ол маған.
«Мияу» десе, мен оны
Жүгіріп кеп қолға алам.

«Ертегілер әлеміне» саяхат

  1. «Әтеш пен тоты құс»
  2. «Үш жолаушы»
  3. «Қозы, аю, арыстан»
  4. «Қасқыр мен түлкі»

Бекіту және қорытынды

VI. Бекіту

Ойыншықтарды ұқыпты ұстай білесіңдер ме?

  • Ойыннан кейін ойыншықты орнына қою.
  • Таза ұстау, сындырмауға тырысу.
  • Ортақ ойыншықты кезекпен қолдану.

VII. Тапсырма

Достарыңмен ойыншықтарыңды бөлісіп ойнаңдар.

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Ойыншықтармен күнде біз,
Кешке дейін біргеміз.
Кейде еңбек етеміз,
Кейде ойнап кетеміз.