Рәміз - белгілі идеяны білдіретін белгі, бейне

Тәрбие сағаты (7-сынып): мемлекеттік рәміздер — ұлттық мақтанышымыз

Сабақтың түрі

Тәрбие сағаты

Көрнекіліктер

  • Рәміздерге байланысты түрлі түсті суреттер мен буклеттер
  • Қазақстан картасы
  • Мақал-мәтелдер, Отан мен жер туралы нақыл сөздер

Сабақтың мақсаты

I. Елтаңба, Ту, Әнұран туралы білімді нығайту; рәміздердің пайда болуы мен тарихтағы маңызын түсіндіру.

II. Оқушының есте сақтау қабілетін дамыту; өз ойын дұрыс, дәл жеткізуге ынталандыру.

III. Отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу; Отанына, халқына адал қызмет етуге баулу; Ту, Елтаңба, Әнұранды қастерлеп, құрметтеуге және тарихын білуге бағыттау.

Сабақ барысы

  1. 1-кезең

    Ұйымдастыру

  2. 2-кезең

    Мұғалімнің кіріспе сөзі

  3. 3-кезең

    Рәміздер туралы топтық жұмыс

  4. 4-кезең

    Қорытынды

Кіріспе: мемлекеттік рәміздерге құрмет — елдік белгісі

Бұл тәрбие сағаты Отанымыздың ұлттық мақтанышы — мемлекеттік рәміздерге арналады. Біз рәміздер туралы білімімізді толықтырып, оларды құрметтеудің мәнін түсінеміз. Кез келген мемлекеттің айрықша белгісі — оның рәміздері.

Сабақтың басталуы

Сабақ Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан басталады.

Елін, жерін сүю мен Отанға адалдықтың бір белгісі — мемлекеттік рәміздерді қадірлеу. Жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуде де мемлекеттік нышандардың орны ерекше.

Рәміз дегеніміз не?

Рәміз — белгілі бір идеяны білдіретін белгі, бейне. Ол адамға ой салып, ортақ мағына қалыптастырады. Уақыт өте келе рәміздік белгілер дамып, мемлекеттік рәміздерге айналды: Ту, Елтаңба, Әнұран.

Ту

Тұтастық пен бірліктің, ынтымақтың қуатты белгісі. Елдік пен егемендікті әлемге танытады.

Елтаңба

Мемлекеттік мөрлерде, аймақтық және мекемелік таңбаларда, сондай-ақ монеталарда бейнеленетін ажырату белгісі.

Әнұран

Өлеңге жазылған салтанатты ән. Ел рухын көтеріп, ортақ құндылықты айқындайды.

Тарихи деректер: рәміздердің қабылдануы

  • 1992 жылғы 4 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданды.
  • 1992 жылғы 6 маусым — тұңғыш рәміздердің тұсаукесері өтті: Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесіне Ту көтеріліп, Елтаңба орнықты.
  • 1992 жылғы 11 желтоқсан — Мемлекеттік Әнұран мәтіні бекітілді.
  • 2006 жыл — желтоқсан айында жаңа Әнұран қабылданды.
  • 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді (Президент Жарлығы, 1998 жыл, №3827).

Біз — тәуелсіз қазақ елінің жас ұландары. Сондықтан туған жерімізді қадірлеу, сүю және қорғау — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Отан ұғымы

Отан — туып-өскен жеріміз, егемен еліміз; табиғатымыз бен қазба байлықтарымыз; өзен-көліміз бен ұлан-ғайыр даламыз; мемлекеттік тіліміз және ел басқарған тұлғаларымыз.

Отан туралы мақал-мәтелдер

1. Отан отбасынан басталады.

2. Отан үшін отқа түс — күймейсің.

3. Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.

4. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.

5. Отан оттан да ыстық.

6. Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.

7. Отан үшін күрес — ерге тиген үлес.

8. Ел іші — алтын бесік.

9. Тіл — тәуелсіздік тірегі.

Отан — жерім, Отан — суым, Отан қуат, нәр береді. Отан — ұран, Отан — туым, Отан мәңгі гүлденеді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу — бәріміздің парызымыз.

Мемлекеттік рәміздердің мәні

Мемлекеттік рәміздер — еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айғақтайтын нышандар. Олар өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз арасындағы сабақтастықты көрсетеді. Бұл белгілер халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үміті мен арман-тілегін жеткізеді.

Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар — халқымыздың мақтанышы, ең киелі құндылықтарымыз.

Н. Ә. Назарбаев

Топтық жұмыс: рәміздерді танып-білу және қорғау

Бүгінгі сынып сағатында үш топ жұмыс істейді. Әр топ өз жинақтаған деректерін ортаға салып, мемлекеттік рәміздер туралы жобаларын қорғайды:

Көк аспан тобы

Мемлекеттік Ту

Алтын дән тобы

Мемлекеттік Елтаңба

Қыран тобы

Мемлекеттік Әнұран

Қазақ халқы көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Егемен елдің тәуелсіздігін айқындайтын басты белгілердің бірі — мемлекеттік рәміздер. Олар 1992 жылғы 4 маусымда қабылданды: Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны.

2-бөлім: Туымен — тұғырлы, Елтаңбасымен — еңселі, Әнұранымен — айбатты ел!

Мемлекеттік Ту: мәні мен сипаттамасы

Мемлекеттік Туымыз — тұтас көгілдір түсті. Бұл түс ашық, бұлтсыз аспанды елестетеді. Ал ашық аспан — бейбітшілік пен тыныштықтың, жақсылықтың нышаны. Көк түс Қазақстан халқының бірлік пен ынтымақ жолына адалдығын білдіреді.

Алтын күн

Тыныштық пен молшылықты бейнелейді. Күн — қозғалыс, даму, өсіп-өркендеу және өмір белгісі.

Қанатын жайған қыран

Еркіндік сүйгіш асқақ рухты, кең дүниетанымды білдіреді; айбын мен биіктіктің белгісі.

Ұлттық өрнек

Ағаш сабына бекітілген тұста тік жолақ түрінде берілген ұлттық ою-өрнек халқымыздың мәдени тамырын айқындайды. Күн, қыран және ою-өрнек — алтын түсті.

Автор

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы — дизайнер Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков. Ол дизайнерлік өнердің іргетасын қалаушылардың бірі, 1961 жылы Чехословакияда өткен халықаралық дизайнерлер байқауының алтын жүлдегері, Алматы қаласының бас суретшісі болған.