Қызыр баба

Мақсаты

Оқушыларға Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру; халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйрету арқылы Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету. Оқушылардың бойына халқына деген мақтаныш сезімін ұялату, өнері мен мәдениетін қастерлей білуге баулу. Мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мағынасын түсіндіре отырып, адамгершілікке, елін және Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Суретті плакаттар
  • Нақыл сөздер
  • Ұлттық киімдер
  • Жартылай тігілген киіз үй (ұлттық ыдыс-аяқтарымен)
  • Қамшы және т.б.

Сабақтың барысы

  1. Ұйымдастыру бөлімі
  2. Құттықтау сөз
  3. Кіріспе
  4. Көрініс және өлең жолдары

Құттықтау сөз

Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып, ұлыстың ұлы күні де келді. Тойларыңыз құтты болсын! Ақ мол болсын, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын. Тойымыз тойға ұлассын дей отырып, «Әз Наурызым, армысың!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңдер.

Кіріспе

Өлең жолдары

Наурыз — жақсылықтың қызыры,

Наурыз мейрам — таусылмайды қызығы.

Бар ықыласпен тойлап жатыр әр адам,

Бір-біріне жылы жүзбен қараған.

Наурыз туралы қысқаша мәлімет

Наурыз — өте көне заманнан келе жатқан мейрам. Көптеген халықтардың дәстүрлі мерекесіне айналып, ықылым заманнан бері тойланып келеді.

Бұл күн — аспан денелері бастапқы теңесу нүктесіне келіп, күн мен түн теңелетін уақыт. Табиғат жаңарып, жан-жануар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер үстінде шаттық орнайды. Қазақ елі бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Григориан күнтізбесі бойынша Наурыз мерекесі 21–22 наурыз күндері атап өтіледі.

Наурыз мейрамында қазақ халқы наурыз көже ішіп, ән шырқап, ұлттық ойындар ойнап, мерекені қуанышпен қарсы алған.

«Наурыз» сөзі иран тілінен аударғанда «нау» — жаңа, «руз» — күн деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл — жылдың алғашқы күні ретінде қабылданған.

Көрініс: «Әз Наурызым, армысың!»

Жүргізуші

Уа, жарандар, жарандар,

Көңілің бар алаңдар.

Ата менен анаң бар,

Үлкен-кіші ағаң бар,

Наурыз тойы басталды!

Қыз

Наурыз келсе — құт келгені, халайық.

Шашу шашып, ел болып қарсы алайық.

Ұлыс күні қар еріп,

Сай-салалар гүрілдер.

Көк шөбі шығып желкілдеп,

Дүние біткен күлімдер.

Ұлыс күні кәрі-жас

Құшақтасып көріскен.

Қызыр баба

Ау, аман ба, жарандар!

Алтын таңға қараңдар.

Келе жатыр жылымыз,

Мерекелейміз мұны біз.

Жас балаша нұрланып,

Жадырайды күніміз.

Күннің жаңа нұры бар,

Мұның ғажап сыры бар.

Халық сүйген мейрам бұл —

Қарсы алайық, тұрыңдар!

Наурыз

Сәлем, ата-аналар!

Айналайын, балалар!

Қызыр баба, аман ба?

Жасай берсін заманда.

Уақыт іздеп келдім мен,

Бақыт іздеп адамға.

Қызыр баба

Қош келіпсің, Наурыз!

Арман — ананың тойы,

Қуаныш — баланың тойы.

Құтты болсын қадамың!

Сені тойлап қарсы алып,

Бар әлемге жар салып,

Бейбітшілік тойы деп

Қол соғады барша жұрт.

Наурыз қыз

Ашық болса күніміз —

Ашылады нұрымыз.

Байтақ өңірде

Айтылады жырымыз.

Күн мен түн теңелді,

Жер мен гүлді жайнатып,

Гүлдендірем мен енді.

Жайнатамын гүл-гүлді,

Сайратамын бұлбұлды.

Мерейлі жұрт тойласын,

Мейрам етіп бұл күнді!

Автор туралы

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы, №1 орта жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Дюсегалиева Нұрсәуле Амангелдіевна.