Көк кілемде көк ойнаймын, көп күлем
Сабақ тақырыбы
Өзін-өзі тану (7-сынып): «Атамекен – алтын бесік»
Мақсаты
Атамекеннің адамның өсіп-дамуындағы және өміріндегі рөлі туралы түсінік қалыптастыру.
Қолданылған технология
СТО
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта, слайд
Міндеттері
- Атамекенді қадірлеуге, туған жерге қызмет етуге баулу; ата-мекеннің адам өміріндегі орнын түсіндіру.
- Оқушылардың өз атамекені мен туған жерінің тарихы туралы білімін кеңейту.
- Туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыру.
Шаттық шеңбері: «Атамекен»
Жасыл жайлау – түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көк ойнаймын, көп күлем.
Айдарымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп білем.
Қайырмасы
Қайда жүрсең, атамекен
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі ұясына
Қимай оны батады екен.
Қызығушылықты ояту
«Миға шабуыл» әдісі арқылы әңгімелесу ұйымдастырылады. Оқушылар төмендегі сұрақтарға жауап береді:
- 1) «Атамекен» дегенде ойыңа ең алдымен не келеді?
- 2) Адамның туған жері әрқашан атамекен бола ма?
- 3) Адамда екі атамекен болуы мүмкін бе? Ал Отан туралы не айтар едің?
- 4) Өз атамекенін сүйе білу адамның өміріне қалай әсер етеді?
- 5) Арман-қиялыңда атамекеніңе қандай орын берілген?
Мағынаны тану
«Түртіп алу» әдісі арқылы мәтінмен жұмыс жасалады: «Бір шымшым топырақ» (Ғ. Оралбаев).
Талқылау сұрақтары
- Атамекеннің адам үшін маңызы қандай?
- «Атамекен» мен «туған жер» ұғымдарының айырмашылығы неде?
- Өз атамекенің, туған жерің және Отаның туралы айтып бер.
Аймақтық компонент
Айбек Сапышев шығармаларына қысқаша тоқталып, туған жер тақырыбымен байланысы талданады.
Сергіту сәті: «Жақсы» ойыны
Балалар шеңберге тұрады. Жүргізуші сұрақ қояды, оқушылар қимылмен жауап береді және «Жақсы!» деп шапалақтайды.
Күннің шыққаны жақсы ма? (күнді бейнелейді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Желдің соққаны жақсы ма? (желді бейнелейді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Достарыңмен жүрген жақсы ма? (адымдайды)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Анаңды құшақтаған жақсы ма? (өзін құшақтайды)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Туған өлкеде болған жақсы ма? (құшағын жаяды)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Үйіміз бар жерде жақсы ма? (үйді бейнелейді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Биде айналған жақсы ма? (айналады)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Қазақстандық болған жақсы ма? (бас бармақ көрсетеді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Оқу ақпараты
Атамекен
Атамекен — туған халқыңның, ұлтыңның ежелден мекен еткен, ата-бабаң қоныс тепкен жері.
Туған жер
Туған жер — әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген мекені.
Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен-ақ өз болашағына және өткеніне ден қояды. Адамның болашағы да, өткені де атамекенмен тығыз байланысты.
Дәйексөз
«Туған жер — тұғырың, туған ел — қыдырың».
Түйіндеме
Отан сүйер ұлан бол!
Тұлғалық үн: Б. Момышұлы
Мен немере сүйіп отырған адаммын. Балаларды өте жақсы көремін. Сол балалардың, бүлдіршін балдырғандардың бақытты болашағы үшін сұрапыл соғыста ер азабын мейлінше көрген адаммын.
Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,
Арым бар, намысым бар жер тербеткен.
Қазақтың қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен.
Балаларыма, немере, шөберелеріме айтар жалғыз тілегім: елді сүйер ұлан болыңдар! Өз халқыңа лайықты азамат болып өсіңдер.
— Б. Момышұлы
Ой толғаныс
Оқушылар дәптермен жұмыс жасайды: «Ата-мекенім — мақтанышым» тақырыбында өз атамекені туралы эссе жазады.
Мәтіндермен жұмыс
- «Мұхтар. Туған жер» — З. Қабдолов
- «Менің аулым» — К. Нығметова
Тапсырма: «Атамекен» (М. Айтқожина)
Мекен ғой бұл, ел көшкен қия құздан,
Қара тастан жас тамып, күй ағызған.
Жақсыны да, жаманды көрген далада,
Кеңдігінен кеудеге сыя алғызған.
Мекен ғой бұл тұлпардың ізі қалған,
Көкжиекте жүріпті жүзіп арман.
Домбырадан бір мезет күй толастап,
Арулардан нәзік ән үзіп алған.
Жүректен — жүрекке
Оқушылар туған жер туралы өз лебіздерін білдіреді: гүл пішіндес стикерлерге ойларын жазып, «автор орындығына» отырып оқып береді.
Үй тапсырмасы
«Ата-мекенім — мақтанышым» тақырыбындағы эссені аяқтау.