Ертегінің мазмұнын айтып беру
Сабақ туралы мәлімет
- Мектеп
- Жезқазған қаласы, №10 орта мектеп
- Мұғалім
- Кусаинова Гаухар Алибековна (бастауыш сынып)
- Тақырып
- А. Байтұрсынов — «Балықшы мен балық» (ертегі)
- Түрі
- Ертегі сабағы
- Типі
- Жаңа білімді меңгерту
- Әдіс-тәсіл
- Сын тұрғысынан ойлауды дамыту стратегиялары
Сабақтың мақсаттары
-
1
Оқушыларды А. Байтұрсыновтың «Балықшы мен балық» ертегісінің мазмұнымен таныстыру.
-
2
Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту; есте сақтау, салыстыру және шығармашылық қабілеттерін жетілдіру.
-
3
Жақсы мен жаманды ажыратуға, қанағат ұғымын түсінуге баулу және адамгершілікке тәрбиелеу.
Қолданылатын стратегиялар
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Жақсы бала еңбекшіл —
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүлге толады.
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай.
Мұғалім оқушылардың назарын сабаққа аударады: бүгін ертегілер елі қонақта. Ендеше, ертегілер әлемінде өтетін сабағымызға қош келдіңіздер!
II. Кіріспе: «Алтын балық» арқылы ынталандыру
Мұғалім оқушыларға қысқа ертегі желісін ұсынады: ерте заманда өте кедей балықшы бала өмір сүріпті. Ұстаған балығын асы қылып, еңбегімен күн көрген екен. Бірақ соңғы күндері торына бірде-бір балық түспей, қатты қиналыпты.
Бір күні торына алтын балық түседі. Бала қуанып, оны қуырып жегісі келгенде, алтын балық тіл қатады: «Егер мені босатсаң, мен саған күнде таңертең сыйлық жасап тұрамын». Бірақ бала қарны аш болғандықтан, бірден келісе қоймайды. Сонда балық: «Бұл — жай сыйлық емес. Ол сені бағыңа жеткізеді, бірақ әр сыйлыққа тапсырма орындап отырасың», — дейді. Бала ойланіп, шартқа көнеді.
1-күн: Құлыптаулы сандық
Таңертең бала есіктің алдында құлыптаулы сандық көреді. Іші ақшаға толы. Бірақ ашылуы үшін сұрақ бар:
Тапсырма: «Оқу мен еңбек — егіз» дегенді қалай түсінесің?
Оқушылар жауап беріп, балаға көмектеседі.
2-күн: Суретті кітап
Келесі күні есіктің алдында мұқабасында А. Байтұрсыновтың суреті бар үлкен кітап тұрады. Тапсырма орындалса, бала білімді болады:
Тапсырма: Суреттегі кім? Оның «Оқуға шақыру» өлеңін жатқа айтып бер.
Мұғалім қорытынды жасайды: оқу, білім және еңбек адамды бақытқа жеткізеді.
А. Байтұрсынов туралы қысқаша мәлімет
Ахмет Байтұрсынов (1872–1937) — қоғам қайраткері, ақын, лингвист, аудармашы, ағартушы ғалым, ұлт ұстазы. Қазақ тілінде тұңғыш әліппені жазған, балаларға арналған бірнеше өлеңнің авторы.
Бүгінгі сабақта А. Байтұрсыновтың «Балықшы мен балық» ертегісімен танысамыз.
Ертегі дегеніміз не?
Ертегі — қиял мен арманға негізделген шығарма. Ол әңгіме немесе өлең түрінде айтылып, жазылады. Ертегілерде халықтың арманы, әдет-ғұрпы, мұңы мен үміті бейнеленеді.
III. Жаңа сабақ
Ой ашар
«Азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың».
Мұғалім мақалдың мағынасын талдатады және бүгінгі ертегімен байланысын алдын ала болжауға жетелейді.
1) Қызығушылықты ояту (Автор орындығы)
Оқушылар суретке сүйене отырып, өз ойларынан әңгіме құрастырады. Әр топтан бір оқушы «Автор орындығына» отырып, жұмысты қорғайды.
I-топ
Суретке қарап, өз ойынан ертегі құрастырып айту.
II-топ
«Егер мен балықшы болсам…» тақырыбында ой айту.
III-топ
«Егер мен балық болсам…» тақырыбында ой айту.
IV-топ
Тақырыпқа сәйкес сурет салу.
2) Мағынаны тану
Мазмұнмен жұмыс
- Ертегі мазмұнын қысқаша айтып беру.
- Бұл ертегі сендердің құрастырған ертегілеріңе ұқсай ма? Қай тұсы ұқсас, қай тұсы бөлек?
- Мәтінде не туралы айтылады? Негізгі мәселе қандай?
- Балықшы балықтың айтқанымен неге келіспеді? Сен оның орнында болсаң не істер едің?
- «Көп пайдадан дәметіп, аз пайдадан айырылу — ақылдының ісі емес» деген ойды қалай түсінесің?
Венн диаграммасы (салыстыру)
Екі ертегіні салыстыру: «Алтын балық» және «Балықшы мен балық». Ортақ белгілер мен айырмашылықтарды анықтау арқылы негізгі идеяны ашу.
«Алтын балық»
Кейіпкерлер, оқиға желісі, тілек/сыйлық, қорытынды ой.
Ортақ қасиеттер
Қанағат, таңдау, еңбек, адам мінезі, тәлім-тәрбие.
«Балықшы мен балық»
Автор ойы, оқиғаның түйіні, мораль, кейіпкерлер әрекеті.
Талқылау сұрағы: ертегінің негізгі идеясы қандай, автор нені меңзейді?
Ой толғаныс (Екі түрлі түсініктеме күнделігі)
Оқушылар дәптер бетін вертикаль сызықпен екіге бөледі:
Оң жақ бөлік
Мәтінді оқу барысында қатты әсер еткен үзінділерді жазу.
Сол жақ бөлік
Сол үзінділер туралы өз пікірін, бағасын, қорытындысын жазу.
Жұмыс аяқталған соң жұпта және топта талқыланып, әр топтан бір оқушы жауаппен бөліседі.
IV. Мәтінді оқыту
Мәтін мәнерлеп оқылады және рөлге бөліп оқуға тапсырма беріледі.
V. Үй тапсырмасы
Еркін жазу: тақырыпқа сай өз ертегіңді құрастырып келу.
VI. Бағалау
Оқушылардың тапсырмаларға қатысуы, жауап сапасы, талдау және шығармашылық жұмыстары бойынша бағаланады.
VII. Қорытынды
Сабақ соңында негізгі ой қайта жаңғыртылады: еңбек пен білім — бақытқа бастайтын жол, ал қанағатсыздық — барды бағаламауға алып келеді.