Қиылып кеткен қыршын жас

Тәуелсіздік күніне арналған сыныптан тыс шара

Тақырыбы: «Тәуелсіз елім – Қазақстан»

Өсер ұлдың қай сәтте де – бірлік болмақ қалауы,
Лаула-лаула желтоқсанның мұзға жанған алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда тиісті емес еңкеюге жалауы.

Қонақтарға арнау сөз

Қайырлы кеш, құрметті ата-аналар, мектеп қонақтары!

Желтоқсанның дүмпуімен, қылыштың қыры мен найзаның ұшына қасқая қарсы тұрған азамат аға-апаларымыздың ерлігі арқасында жеткен Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Тәуелсіз елім – Қазақстан» кешіне қош келдіңіздер!

«Тәуелсіз елім – Қазақстан» атты сыныптан тыс әдеби-қойылымдық кешімізді ашық деп жариялаймыз.

Мектеп оркестрі

Көрдік қой зорлық, оспадар жандар көрінен,
Жүрегім сыздар, сыр тартсам сол бір әріден.
Қаншама батыр, қыруар ұлды құрбан етіп,
Қиындықтардың бәрінен қайыспай өттік ерімен.

Монтаж

7 «Б» сынып оқушылары

Қарасаң қайда – алыс та жақын қырларға,
Алдағы күнге астасып жатыр нұрлы арна.
Қаншама ұлттың құт мекені сияқты,
Бір өзіңе арналмайтын ән бар ма?

Ән

«Менің Қазақстаным»

Би

Сүйрік саусақ сағадан,
Мың бұралған өрмелеп.
Асып-тасып сабадан,
Биші кетер дөңгелеп.

«Қазақ биі»

Сахналық қойылым: «Қайсар ару – Ләззат қыз»

Тапталмасын деп қазақтың кегі, ары,
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары.
Топты бастап шықты Ләззат алаңға –
Толған еді он алтыға небәрі.

(Фонда «Желтоқсан желі» әнінің әуені ойнайды.)

Көрініс: Қала көшесі

Көшеде адамдар ерсілі-қарсылы өтіп жатады. Тәртіп сақшылары байқалады.

Қар үстінде қызыл қан, қара бұрыш,
Халық та көп көшеде қарақұрым.
Жас ару қыз келеді ілби басып,
Жатақхана тым алыс баратұғын.

Кешкі шамы қаланың сығырайған,
Мезгіл еді айнала тымырайған.
Кеше ғана бұрымын кескен мұның,
Құтылғаны әлі есте сұмырайдан.

Ажал ма, әлде елес пе тақымдаған,
Тырс еткендей болды үн жақын маңнан.
Қыз жүрегі зу етіп, именсе де,
Баса берді ілгері батыл қадам.

Көрініс: Тексеру

(Екі күзетші Ләззатты тоқтатып, құжат сұрап, тексере бастайды.)

Күзетшілер жол тосқан құтқармады:
«Тексереміз», – деп қызды мықтап арбады.
«Бүлік жасаған қазақтың қызы ғой бұл», –
Деген сөзге арланды ол, бұлтармады.

Қорлық сөзге қайсар қыз намыстанды,
Өңменінен итерді жабысқанды.
Жез түймелі қос солдат, түсі бөлек,
Өздерінше жөн көрді «танысқанды».

(Екі солдат ұрып-соғып, жұлқып Ләззатты алып кетеді. Ләззат барынша қарсыласады.)

Жалған емес, бұл – шындық, дастан-әнім.
Бостандықтың ол бұзды тас қамалын.
Қайрат, Ербол, кешегі Ләззаттардың
Қыршынынан кім қиды жас қанатын?

Сахна: Бейіт басы

(Сахнада Ләззаттың бейіті, суреті, туған және қайтқан уақыты жазылады.)

Анасының жоқтауы

Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді-ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді-ау
Жарылқаған Құдайым!

Құлыным менің қор болды-ау,
Заманың сенің зар болды-ау.
Желтоқсанның қайғысы
Сан анаға сор болды-ау.

Желтоқсанның анаға
Ызғары көп, құлыным.
Намыстан өлген қазақтың
Қыздары көп, құлыным.

Сен де соның бірісің,
Өлген жоқсың, тірісің.
Тірі жүрген қыздардың
Сыйынар жалғыз пірісің.

Зарлағанда не табам?
Сабыр берсін Жасаған.
Кімге ғана ұстатар
Қысқа ғұмыр қашаған?

Заманыңа қайқайып,
Қарсы тұрған, боташым.
Алтын сақа асықтай,
Алшы тұрған, боташым.

Дәл өзіңдей қыз тапқан
Менде арман бар ма екен?
Қайтейін, Құдай, қайтейін?!

(Анасы гүлін қойып кетеді. Жарық сөнеді.)

Ләззаттың монологы

(Жарық бейітке түседі. Бейіттің ар жағында аруақ бейнесіндегі Ләззат көрінеді. Дауысы сахна сыртынан оқылады.)

Он алтыда қиылдым мен,
Танкінің табанында.
Ләззат атты құрбанымын
Қазақ деген халқымның.

Шағаладай қалықтаған,
Көк теңізді жағала.
Ләззат дейтін мен болам –
Аспандағы шағала.

(«Шағала» бейнесін ұшыру көрінісі.)

Туған халқым – қазағым,
Сенің үшін жанамын.
Енді қайтып көрмейік
Желтоқсанның азабын.

(Жарық жанады. Оқушылар бейіт басына келіп, гүл қойып, сап түзеп тұрады.)

Оқушылардың арнауы

1-оқушы

Ұяңнан ұшып шығып, оралмадың,
Ауылың Ақжазыққа қона алмадың.
Шілде айы туған күнің екен сенің,
Ол күннің қонағы боп келе алмадың.

2-оқушы

Небәрі он алтыдан асып едің,
Балалық бал дәуренмен тасып едің.
Қазақтың салт-дәстүрін, жолын қуып,
Өмірге енді қадам басып едің.

3-оқушы

Қайырылмай кеткен қарлығаш,
Желбіреген қолаң шаш.
Он жетіге жете алмай,
Қиылып кеткен қыршын жас.

4-оқушы

Ел үшін ерлігімен елене,
Абырой мен атағына бөлене.
Ләззат сынды қазақ қызы – қаһарман,
Ұрпағына болар мәңгі өнеге.

(Барлығы сахнадан шығады.)

Қорытынды сөз

Жүргізуші

Мұзда жанған алау – жүрегіміздің түкпірінен орын алды. Қазақтың ұлтарақтай жері үшін қасық қаны қалғанша айқасқан, өліспей-беріспейтін боздақтарымызды, аға-апаларымызды қалай ұмытармыз?

Бір сәт азаматтықты аңсаған, теңдікті талап еткен қыршын жастарымызды еске алайық.

Тілек

Қуан бүгін, қуан, халқым, шынында,
Ақтарылсын ағыл-тегіл жырым да.
Бір Құдайдан бірлік қана тілеймін,
Бүгінгі мынау тәуелсіздік таңында.