Мәтінді оқып, тұрақты тіркестерін теріп жазыңдар
Тұрақты тіркестер
Бұл сабақта оқушылар тұрақты тіркестердің (фразеологизмдердің) мағынасын мысалдар арқылы түсініп, жаттығулар арқылы қолдануды үйренеді. Сонымен қатар ойлау, сөйлеу мәдениеті, есте сақтау және шығармашылық қабілеттері дамытылады; дұрыс сөйлеу, ұқыптылық, байқағыштық, жылдамдық және өз ойын еркін жеткізу дағдылары қалыптастырылады.
Сабақ типі
Жаңа сабақ
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, жаттығу, ой жинақтау, сұрақ-жауап
Пәнаралық байланыс
Әдебиет
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды сабақ процесіне дайындау.
2) Үй тапсырмасын тексеру
109-жаттығу: халық ауыз әдебиеті үлгілерінен және көркем әдебиеттен эвфемизм мен дисфемизм құбылыстарына мысал тауып, жазу. Ережелерді жаттау.
Қайталау сұрақтары
- Табу дегеніміз не?
- Эвфемизм дегеніміз не?
- Дисфемизм дегеніміз не?
3) Жаңа сабақ: Тұрақты тіркес ұғымы
Тұрақты тіркес — екі немесе бірнеше сөздің тіркесуі арқылы жасалып, бір ғана тұтас мағынаны білдіретін сөз орамы.
Тұрақты тіркестің құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға немесе оларды басқа сөздермен алмастыруға болмайды. Мысалы, «тайға таңба басқандай» тіркесін «жылқыға таңба басқандай» деп өзгертуге келмейді — бұл жағдайда тіркес өзінің тұрақтылығын жоғалтады.
Тұрақты тіркестер сөйлемде дайын күйінде қолданылады және сөйлем құрамына бір бүтін тұлға ретінде енеді.
Синонимдік баламалары
Тұрақты тіркестердің мағынасы жақын баламалары болады.
- «Қыздың жиған жүгіндей» — әсем, көрікті, көркем.
- «Ит терісін басына қаптады» — ұрысты, сөкті.
Өзара синоним тіркестер
Кейбір тұрақты тіркестер бір-біріне мағыналас болып келеді:
- Көз ілмеді
- Көрер таңды көзімен атырды
- Түн ұйқысын төрт бөлді
Антонимдік жұптар
Мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы, яғни антоним де бола алады:
- Бетінен оты шықты — Беті бүлк етпеді
- Айы оңынан туды — Жолы болмады
- Ит терісін басына қаптады — Басынан сипады
Тұрақты тіркестердің негізгі белгілері
-
Тұтас мағына береді
Бір ғана ұғымды білдіреді.
-
Құрамы өзгермейді
Сөздері алмастырылмайды, орны ауыспайды.
-
Бір сұраққа жауап береді
Тұтасымен бір сұраққа бағынады.
-
Бір сөйлем мүшесі
Сөйлемде бір ғана қызмет атқарады.
4) Жаттығу жұмыстары
Мағынасын тауып жазыңдар
Берілген тұрақты тіркестердің мағынасын анықтап, баламасын жазыңдар:
- Төбесі көкке жету
- Ит өлген жер
- Жаны мұрнының ұшына келу
- Төбе шашы тік тұру
111-жаттығу
Мәтінді оқып, ішіндегі тұрақты тіркестерді теріп жазыңдар.
«Буын, буын ойыны»
Келесі тұрақты тіркестерді буынға бөліп, түрлеріне талдау жасаңдар: көзге ілмеу, жұлдызы жарасқан, жолын кесу, аты шулы.
Үлгі
Көз-ге (б. б — а. б), іл-меу (т. б — б. б)
Мағыналарын балама сөздермен ашыңдар
Үлгі
Көзге ілмеу — назар аудармау
Талдау — табыс кілті
Берілген тұрақты тіркестердің қай сөз табына жататынын және сөйлемде қандай қызмет (сөйлем мүшесі) атқаратынын анықтап жазыңдар:
- Айдын ол хабарды естігенде жүрегі зу ете қалды.
- Көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды.
- Аузы-мұрны қисаймай өтірік айтты.
- Әкемнің неше жылғы еңбегі еш болды.
5) Бекіту
- Тұрақты тіркес деген не?
- Тұрақты тіркестің негізгі белгілері қандай?
6) Үйге тапсырма
112-жаттығу: мәтінді оқып, ат қойыңдар.
7) Бағалау
Оқушылардың қатысуы, жауаптарының дәлдігі, тапсырмаларды орындау сапасы және талдау дағдылары бойынша бағалау жүргізіледі.