Сабақты бекіту кезеңі

Пәні: Киімді конструкциялау және модельдеу технологиясы

Оқытушы: Изтаева Г. С.

Сабақтың тақырыбы: Ер балаға арналған киімдерді құрастыру және модельдеу ерекшеліктері

Мақсаты: ер балаға арналған киімдерді құрастыру және модельдеу ерекшеліктерімен таныстыру, негізгі әдістерін меңгерту.

Сабақ міндеттері

Білімділік

Үлгіні модельдеу және нұсқаулық карта бойынша жүйелі жұмыс жасай білу.

Дамытушылық

Теориялық білімді шығармашылықта қолдану дағдысын дамыту, тапсырмалар арқылы пәнге қызығушылықты арттыру.

Тәрбиелілік

Әсемдікке, ұқыптылыққа, бірізділікке, тазалыққа және техника қауіпсіздігі ережелерін сақтауға тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және ресурстар

Көрнекіліктер

  • Сызба суреттер
  • Кестелер
  • Плакаттар
  • Сантиметрлік таспа

Сабақ форматы

Типі
Іскерлік, дағдыны қалыптастыру
Түрі
Тәжірибелік сабақ
Әдісі
Түсіндірмелі, сұрақ-жауап
Пәнаралық байланыс
Сызу, математика

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, сабаққа қатысымды тексеру.
  • Оқушылардың сабаққа дайындығын және құрал-жабдықтарын қадағалау.

II. Өткен сабақты қайталау (сұрақтар)

  1. Модельдеу дегеніміз не?
  2. Модельдеудің қандай түрлерін білесіңдер?
  3. Матаның қиғаш, көлденең және бойлық жіптер (долевая нить) бағыты бойынша орналасуын қалай тексереді?
  4. Киімнің берілген үлгісін алу үшін адамның дене өлшемін үлкейтуге қажетті шама қалай аталады?
  5. Бұйымды әшекейлеу және киімді киген кезде қолайлылық үшін қолданылатын көмекші материалдарды атаңдар.

III. Сарамандық жұмыс: балалар киімін жобалаудың ерекшеліктері

Мыңдаған жылдар бойы кішкентай балалар үлкендер секілді киінді: балалар костюмі ересектер киіміне ұқсас, тек кішірейтілген нұсқада тігілді. Негізгі айырмашылық ретінде киімді ластамау үшін сәбилерге алжапқыш қолданылған.

Тарихи өзгеріс: XVIII ғасырдан бастап Англияда балаларға ыңғайлы киім үлгілері кеңінен енгізілді. XIX–XX ғасырларда балалар киімі жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, өндірістік түрде шығарыла бастады.

Жіктелуі

Жыл мезгілі бойынша

  • Жазғы киім
  • Көктем–күз киімі
  • Қыс киімі

Жынысы бойынша

  • Қыз бала киімі
  • Ер бала киімі

Қолданылуы бойынша

  • Күнделікті
  • Үй киімі
  • Спорттық
  • Мерекелік

Балалар гардеробына тән бұйымдар

Балалар гардеробында жеңіл көйлек, жейде, сарафан, блуза, туника, шалбар, комбинезон, шорты, жилет, футболка, спорттық комплект, костюм, жакет, күртеше, пальто, тон, пуховик, желден қорғайтын күртеше, плащ және т.б. бұйымдар кездеседі.

Жобалау талаптары

Балалар киімін жобалау — күрделі шығармашылық процесс. Сондықтан бұл бағыттағы мамандар баланың жас ерекшелігін, физикалық және психологиялық дамуын, сәнге қызығушылығын ескере отырып, ыңғайлы, қауіпсіз және денсаулыққа зиян келтірмейтін киім үлгілерін әзірлеуі қажет.

Материал таңдауы

Көбіне табиғи талшықтардан өндірілген маталар қолданылады: мақта, жүн, зығыр.

Әшекейлеу және фурнитура

Сапаны арттыру және эстетиканы күшейту үшін тесьма, бау, ілгек, түйме, сыдырма, ою-өрнек, әдіп, шілтер және әртүрлі сәндік бөлшектер пайдаланылады.

Ер балалар киімінің пішіні мен конструкциясы

Балалар киімі жасына, жыл мезгіліне және қолданылуына сай өте ыңғайлы болуы керек және баланың қимыл-қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс. Пішімнің формасы мен силуэті баланың дене бітіміне тәуелді: бойының биіктігі, дене ұзындығы, аяқ-қол ұзындығы және бел сызығының ерекшелігі киімнің пропорциясы мен ұзындығына әсер етеді.

Ер балалар киімінің сипаты әлеуметтік тәрбиеге, климаттық жағдайға және сәннің дамуына да байланысты. Көп жағдайда ер балалар киімі тік (тікелей) силуэтке жақын болады.

Гардероб құрамы (ер бала)

  • Түнгі жейде, пижама
  • Шалбар, жейде
  • Алжапқыш немесе халат
  • Жартылай комбинезон, комбинезон
  • Әртүрлі комплектілер
  • Кеудеше
  • Пальто, күртешелер

Жас ерекшелігіне сай нұсқалар

7–8 жас: негізгі нұсқа — еркін және жартылай кең.

9–10 жас: тік нұсқа сақталғанымен, көбіне жартылай кең силуэт басым болады, себебі баланың сымбаты айқынырақ көріне бастайды. Бұл кезеңде күртеше үлгілері жиі қолданылады.

Спорттық стиль және конструктивтік шешімдер

Спортқа қызығатын ер балалардың пропорциясы ересектердің жасөспірімдер киім үлгісіне жақындайды. Тігістің кең тараған түрлері — реглан және қондырма (жамалған) жең. Декоративті-конструктивті бөлшектерді қайып тігу әдісі жиі қолданылады.

Бұл жас топтарына күрделірек конструктивті сызбалар мен қосымша бөлшектер енгізуге болады: кокетка, салынбалы қалта, сондай-ақ металл немесе ағаш сәндік элементтер.

Матаның суретін таңдау

Матадағы сурет баланың жасына, дене бітіміне, сыртқы келбетіне және танымдық дамуына байланысты таңдалады. Сурет тек сәндік әсер беріп қана қоймай, тәрбиелік мәнге де ие: баланың әсемдікке талғамын қалыптастыруға, табиғат пен жануарларға қатынасын түсінуге ықпал етеді.

Композиция және пропорция

Ер балалар киімдерінің конструктивті және композициялық шешімдерінде бөлшектердің өзара үйлесіміне ерекше мән беріледі. Пропорцияда бұйым ұзындығы негізгі рөл атқарады: ол тұлғаны сырттай жинақы әрі үйлесімді көрсетеді. Балалар киімінің ұзындығы әрдайым жас тобына сәйкес анықталады.

Тапсырма

Мектеп жасындағы ер балаға арналған киім үлгісінің эскизін салып, конструктивтік және сәндік ерекшеліктерін қысқаша сипаттаңдар.

IV. Сабақты бекіту

Білемін

Алдыңғы білімді нақтылау.

Білгім келеді

Қосымша сұрақтар мен қызығушылықтарды анықтау.

Үйрендім

Сабақ нәтижесін жинақтау.

VI. Қорытынды

Студенттердің жұмыстары бағаланады.

Үй тапсырмасы:

Нұсқаулық картаны пайдаланып, есептер шығару.