Есепті шығарудың басқа тәсілін іздестіріп көр

Сабақ туралы жалпы ақпарат

Бастауыш сынып мұғалімі: Туребекова Айгерім Маратқызы. Пәні: Математика (2-сынып). Тақырыбы: Қосындыдан санды азайту тәсілі.

Сілтеме: жоспар, презентация.

Мақсаты

Оқушылар санды қосындыдан азайту тәсілімен танысады және есепті әртүрлі тәсілмен шығаруды үйренеді.

Күтілетін нәтиже

Оқушылар санды қосындыдан азайту тәсілдерін біледі және есептерді әртүрлі тәсілмен шығара алады.

Сабақтың әдістері мен тәсілдері

  • Көшбасшылық
  • Жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту
  • Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру
  • Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
  • АКТ қолдану
  • Талантты және дарынды балаларды оқыту
  • Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету
  • Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау
  • «Кім жылдам?», «Тыңдап отырған үштік», «Мозайка», «Ыстық орындық»

Пәнаралық байланыс

Әдебиеттік оқу, өзін-өзі тану, музыка, дүниетану.

Көрнекіліктер

Кеспе қағаздар, бағдаршам суреттері.

Дереккөздер

Оқулық, оқыту әдістемесі, қосымша ресурстар.

Сабақ барысы

1) Психологиялық дайындық

Тренинг: «Өрмекші торы». Мұғалім жіпті өзінен бастап, келесі оқушыға өзіндегі жақсы қасиетті айтып береді. Осылайша «өрмекші торы» құрастырылады. Жіпті қайта жинағанда оқушылар бір-біріне тілек айтады.

Топқа бөлу: стикерге «президент» және «әнші» атауларын жазу арқылы екі топқа бөлінеді.

Сынып ережелері

  • Тыныштық сақтау
  • Бір-бірін тыңдау
  • Өз ойын ашық айту
  • Уақытты үнемдеу
  • Қол соғу арқылы қолдау көрсету

Бүгінгі сабақ ерекше өтеді: ол тілектермен және адам бойындағы жақсы қасиеттермен тығыз байланысты. Оқушылар бір-бірін критерийлер арқылы бағалайды.

2) Қызығушылықты ояту

Тақырыптық ой: «Денсаулық — зор байлық».

Ойын: «Кім жылдам?». Екі тапсырманың айырмашылығын анықтау арқылы оқушылар жаңа сабақтың тақырыбын өздері тұжырымдайды. Топтар бір-бірінің жұмысын тексереді.

Дәптерге күнін, айын жазу. Ойсергіту: «Әрбір таңғы қуаныш өмірге шаттық сыйлайды».

3) Жаңа білімді меңгерту

Оқулықтағы №2 есеп интербелсенді тақта арқылы түсіндіріледі. Негізгі идея: қосындыдан санды азайту.

Тәрбиелік байланыс: «Өзіңді сыйласаң — сыйымды боласың».

Әдіс: «Тыңдап отырған үштік»

Әр топта 3 оқушыдан: сөйлеуші, сұрақ қоюшы, жазып алушы. Оқулық: 86-бет, №3 есеп — «Әртүрлі тәсілмен есепте».

I топ

  • (7+6) - 5
  • (4+8) - 3

II топ

  • (5+6) - 4
  • (8+7) - 6

Қимыл-қозғалыс сергітуі: «Пингвиндер биі». Ой: «Шыдамдылық — кез келген кедергіні жеңеді».

4) Үй жұмысын тексеру

Оқулық: 85-бет, №4 есеп.

Спорт дүкеніне 30 шығыршық, 20 секіртпе және 50 доп әкелінді. Барлығы неше спорт бұйымы әкелінді?

5) Бекіту: постермен жұмыс

Екі топқа бірдей тапсырма беріледі: Оқулықтағы 87-бет, №4 есеп.

Аулада 8 ақ және 7 қызыл раушангүл өсіп тұр. Гүлшоғын құрастыру үшін 5 раушангүл қиып алынды. Аулада неше раушангүл қалды?

Бұл есепті әртүрлі тәсілмен шығаруға болады. Бір тәсілі берілген. Қалған тәсілдерін өзің тап. Суретке қарап, қиып алынған раушангүлдің түсі қандай болуы мүмкін екенін анықта және әр жағдайда шешімді түсіндір.

1-тәсіл

(8+7) - 5

2-тәсіл

(8 - 5) + 7

3-тәсіл

(7 - 5) + 8

Қорытынды ой: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

6) Қорытындылау: «Ыстық орындық»

I топ тапсырмасы

Қоймада 60 қап күріш және 40 қап жарма болды. Асханаға 30 қап жөнелтілді. Қоймада неше қап қалды?

II топ тапсырмасы

Саяхатшылар қалаға дейін 3 сағат автобуспен, 7 сағат пойызбен жүрді және 5 сағат қайықпен жүзді. Олар барлығы неше сағат жолда болды?