Шығармашылық жоба
Шығармашылық жоба
Тақырыбы: «Түйенің өркешінде жыр боталап…»
Дәйексөз
«Ешбір өнерді құрғақ тілек те, құрғақ бұйрық та туғызбайды. Қай өнерді алсақ та, әуелі өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана жалпы адамзаттың ортақ теңізіне барып құяды. Әрбір жұрттың өнері, әуелі әр елдің тіршілік қалпындағы белгілі бір шарттарынан туады. Сымбатты өнер болмаған елде мағыналы тіршілік жоқ.»
М. Әуезов
Мақсаты
-
Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан мәдени мұрасын жаңғырта отырып, ұлттық дәстүріміздің дамуына өз үлесімді қосу.
-
Әр ұлтқа тән қолөнер түрлерін үйреніп қана қоймай, оларды сәндік-қолданбалы өнерде орнықты пайдалануды меңгеру.
-
Халық қазынасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, оны шығармашылықта қолдануды үйретіп жүрген суретшілер мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары туралы дерек жинау; олардың бағалы тәжірибесін, дәстүрлі бұйымдардың жасалу жолдарын меңгеру және тарихын зерттеу.
-
«Өнерліге өріс кең» деген ата-баба нақылын өмірлік қағида ету.
Гипотеза
Қазақ халқына тән қолөнердің тәлім-тәрбиелік мағынасын танып-білу және үйрену.
Адамзат өміріндегі өнердің атқаратын рөлін түсіну, халық қолөнерін жаңғыртудың өзектілігін айқындау.
Қолөнерге тән құндылықтарды тауып, оларды бейнелеу өнерімен байланыстыра отырып көрсету.
Кіріспе
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан–2030» стратегиясында белгіленген ішкі және сыртқы саясаттың маңызды бағыттарының бірі — мәдени мұра бағдарламасы аясында халықтық мәдени құндылықтар мен дәстүрді дамыту. Осы бағытты мақсат ете отырып, көнере бастаған қолөнерімізді бүгінгі өмірге жарату, оны тек қолданып қана қоймай, жүйелі түрде жаңғырту — аса өзекті міндет.
Жаңару мен жаңғыру дәуірі өміріміздің барлық саласына қайта қарауды, жаңаша ойлауды, тың көзқарасты қажет етеді. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басы — өзгерістер кезеңі: өмір мен өнерге жаңа леп, жаңа тыныс әкелді. Осындай уақытта қазақ елінің тарихын жас ұрпаққа шынайы таныту, салт-дәстүрі мен рухани мұрасын қастерлеу ерекше мәнге ие. Сол мұраның бір саласы — ата-бабадан жеткен, бірақ ұмыт бола бастаған қолөнер.
М. Әуезовтің «Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді» деген сөзі осы ойды айқындай түседі. Өсіп келе жатқан ұрпақты ата-баба қолөнерімен сусындатып, оның мәнін бойына сіңіре тәрбиелеу — кезек күттірмейтін қажеттілік.
«Өнер көзі — халықта» деген даналықта ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шындық жатыр. Жас таланттың күйіне тәнті болсақ та, хас шебердің қолынан шыққан қайталанбас бұйымды көрсек те, ішкі сүйсінісіміз бір ауыз сөзге сыйып кетеді: «Өнер көзі — халықта ғой».
Өнер өскелең: мәдениет пен өнерге талап білдіріп жүрген жас өкілдер жыл сайын көбейіп келеді. Бұл — халық арасындағы талантқа деген қамқорлықтың, құрметтің белгісі. Ал ата-бабамыз жеткізген қолөнерді бойға сіңіру, қастерлеу — көзі ашық, көкірегі ояу, ар-намысты ұл-қыздың біріншіден ұрпақ алдындағы борышы болса, екіншіден — оны жаңғыртуға бағытталған міндет.
Осы шығармашылық жұмысты бастағанда, өз борышымды шамам келгенше өтеуді мақсат еттім. «Ел іші — өнер кеніші» деген аталы сөздің ақиқатын көзбен көріп, халық шеберлері мен суретшілер жасаған ғажайып бұйымдарды қолыма ұстап, жақыннан таныған сайын, іздегенім табылғандай әсерде болдым.
Поэзия
Түнде менің түсіме жиі енеді
Сахараның шұбырған түйелері.
Түйенің өркешінде жыр боталап,
Түйенің боздағынан күй өледі.М. Мақатаев