Балалар мынау құрылыс алаңы
Мақсаты
1) Білімділік
Мамандық түрлері туралы түсініктерін кеңейту, мамандық иелерімен және олардың құрал-жабдықтарымен таныстыру.
2) Дамытушылық
Балалардың ойлау қабілетін дамыту, болашақ мамандық туралы ұғымын тереңдету, қызығушылығын арттыру. Сөздік қорын молайтып, тілін жаттықтыру.
3) Тәрбиелік
Өз ойын толық жеткізе білуге тәрбиелеу, еңбекке құштарлықты ояту және үлкендердің еңбегін бағалауға баулу.
Оқу іс-әрекетінің барысы
I. Кіріспе бөлім
Шаттық шеңбері
Атам менің — күйші.
Апам менің — биші.
Асқан шебер жанұямда
Анам бар — тігінші.
Әкем болса — ұста,
Үй салады қыста.
Үйде өзім жалғыз қалам,
Бәрі де жұмыста.
Әңгімелесу: «Балалар, өз отбасыларың туралы не білесіңдер? Отбасы мүшелеріне кімдер жатады?»
Жауап үлгісі: ата, әже, ана, әке, аға, іні, қарындас.
Үй тапсырмасы бойынша балалар ата-анасының қайда және кім болып жұмыс істейтінін айтады:
- «Менің анам мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.»
- «Менің әкем жүргізуші.»
- «Менің анам базарда сатушы.»
- «Менің әкем полиция қызметкері.»
«Бүгін біз ата-анамыздың мамандықтарымен жақынырақ танысу үшін мамандықтар әлеміне саяхатқа шығамыз».
Жұмбақ
Көше бойлап аяндайды,
Адам тасып аялдайды.
Жауабы: автобус
Талқылау
«Автобусты жүргізетін адамды қалай атаймыз?» — жүргізуші.
Ерсұлтан: «Жолда өткізер көп түнді, жүргізуші болғым келеді».
Саяхат барысында бағдаршамның қызыл түсі жанып, автобус тоқтайды. «Неге тоқтадық?» — «Қызыл жанғанда тоқтау керек».
«Жол нұсқап тұрған кім?» — жол сақшысы.
Мағжан:
Ала таяқ ұстаған,
Жол тәртібін нұсқаған.
Өміріңді күзеткен —
Жол сақшысы мен болам.
II. Негізгі бөлім
Балалар «Мамандықтар әлеміне» келеді. Әр бекетте белгілі бір мамандықпен танысып, оның қызметі мен құралдарын атап шығады.
Бекет 1: Аурухана — дәрігер
Дәрігер ауруханада жұмыс істейді. Ол балалардың ауырмай жүруін қадағалайды, ауырып қалған жағдайда көмектеседі.
Азиза:
«Мен дәрігер боламын,
Үлкеннің де, баланың.
Қиналғанда қасына
Бірінші болып барамын».
Құрал
Ине
Құрал
Стетоскоп
Кеудені тыңдап, ауырған жерді анықтауға көмектеседі.
Материал
Дәке, мақта
Сөздерді қайталау: стетоскоп, дәке, мақта.
Бекет 2: Асхана — аспаз
Асханада аспаз жұмыс істейді. Ол тағам дайындайды және асхананың тазалығы мен тәртібін сақтайды.
Электр пеші
Тағам пісіруге арналған.
Ыдыстар
Шыны, пиала, тәрелке
Қазан-аяқ
Қазан, кастрөл
Бекет 3: Дүкен — дүкенші
Дүкенде дүкенші жұмыс істейді. Дүкеннің түрлері көп: азық-түлік, киім, ойыншық дүкендері.
«Біз қандай дүкенге келдік?» — ойыншық дүкеніне.
Дүкенші: «Ойыншық аламыз, ойыншық аламыз!»
«Қандай ойыншықтарды көріп тұрсыңдар?» — балалар көрген ойыншықтарын атап шығады.
Бекет 4: Шаштараз — шаштараз мамандығы
Шашымыз өсіп кеткенде біз шаштаразға барамыз. Шаштараз шашты әдемілеп қияды, ретке келтіреді.
«Қолымда қайшы, тарағым —
Тәртіпке шашты саламын.
Мен шаштараз боламын».
Құралдар
Тарақ, айна, қайшы
Шаш кептіргіш
Электрмен жұмыс істейді, шашты кептіруге арналған.
Сөзді қайталау: шаш кептіргіш.
Бекет 5: Құрылыс алаңы — құрылысшы
Құрылыс алаңында құрылысшы жұмыс істейді. Ол үй салады және түрлі ғимараттарды тұрғызады.
Құрал
«Бұл қандай құрал?» — қалақ.
Нұрали:
«Қолда темір қалағым,
Саздан сарай саламын.
Астанадан аумайтын
Әсем қала саламын».
Дидактикалық ойын: «Сөйлеп тұрған кім?»
Балалар берілген сөйлемдерді тыңдап, қай мамандық иесі айтып тұрғанын анықтайды:
- «Балмұздақ сатамын! Балмұздақ!»
- «Жүріңіз, қай жаққа апарып тастайын?»
- «Қай жеріңіз ауырып тұр? Қазір ыстығыңызды өлшейін.»
- «Шашыңызды қандай үлгіде қиып берейін?»
- «Бүгінгі сабақта күзгі табиғат туралы әңгімелесеміз.»
- «Мен манты жасап жатырмын, қазір дайын болады.»
III. Қорытынды бөлім
Қайталау сұрақтары
- «Бүгін қайда саяхаттап бардық?»
- «Мамандықтар әлемінде қандай мамандық иелерімен таныстық?»
- «Әр мамандықтың қандай құралдары бар?»
Шығармашылық тапсырма
Балалар мамандық иелеріне арналған суреттерді бояйды.
Үй тапсырмасы: мамандық иелеріне арналған суреттерді аяқтап, толық бояп келу.
Күтілетін нәтиже
Білуі керек
Мамандық иелері туралы; мамандық — еңбек екенін; еңбек арқылы халыққа пайда келетінін.
Болуы керек
Мамандықты таңдай білу дағдысы және оған деген сүйіспеншілік.
Істей білуі керек
Мамандықтар туралы қойылған сұрақтарға толық жауап беру.
Сабақ соңында балалар белсенділігі үшін мадақталып, жұлдызша беріледі.