Жаз бойы оқыған әңгімелерінен үзінді айтқызу
Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы
Шаховское орта мектебі • Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімі: Рияпова Толқын Алпысбайқызы
1-тоқсан • 1-сабақ
Сабақтың тақырыбы
Әдебиетте өнердің бір саласы және оқу пәні ретіндегі сипаты
Негізгі идея
Әдебиет — көркемөнердің бір саласы, яғни сөз өнері. Ол адамзатпен бірге жасасып, үнемі жаңарып отырады және халық тарихын көркем шежіре ретінде танытады.
Көрнекіліктер
- Қазақ ақын-жазушыларының портреттері
- Ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің суреттері
- Ертегілер, мақал-мәтелдер, жырлар (көркем әдеби кітаптар)
Мақсаттары
1) Білімдік мақсат
Оқушыларды әдебиет әлемімен таныстыру; осыған дейін «Ана тілі» оқулығымен жұмыс істеген білімдерін еске түсіру.
Әдебиеттің құдіретін — адам баласымен бірге жасап келе жатқан, мәңгілік жаңарып отыратын өнер екенін ұғындыру. Әдебиетті тарихтың көркем шежіресі ретінде таныту.
Ауыз әдебиетінің ерекшелігі, ұлттық сипаты, түрлері туралы түсінік беру; ақын-жазушылардың өмірбаянынан қысқаша мәлімет алуға бағыттау; көркемдегіш құралдар арқылы сөз өнерінің қыр-сырын тануға шақыру.
2) Дамытушылық мақсат
Көркем әдебиетті оқуға деген ынта-ықыласты арттыру; ауызекі сөйлеу дағдыларын жетілдіру; сөздік қорды молайту; логикалық ойлау мен дұрыс сөйлеу мәдениетін дамыту.
3) Тәрбиелік мақсат
Ауыз әдебиеті мен жалпы әдебиеттегі кейіпкерлер арқылы жақсылыққа баулу, өз халқының әдебиеті мен мәдениетін құрметтеп, дәріптеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1 Сәлемдесу.
- 2 Кезекшімен қысқаша сұхбат.
- 3 Оқушылар тізімін нақтылау, сыныптың дайындығын тексеру.
II. Жаңа сабақ
1-кезең
Оқулықпен танысу және ой қозғау
Балалардың ойларын жинақтау үшін бұған дейін өткен әңгімелерді еске түсіру.
Жаз бойы оқыған шығармаларынан үзінділер айтқызу, әсерімен бөлістіру.
Кіріспе бөлім
«Сәт сапар, жас достар!» мәтінімен жұмыс
Оқулықтың 3-бетіндегі «Сәт сапар, жас достар!» атты кіріспе сөзді оқыту.
«Қазақ әдебиеті» пәнін биылдан бастап оқитынымызды түсіндіру: әдебиет — араб сөзі, барлық елге ортақ ұғым. Әдебиет — көркемөнер, сөз өнері.
Бұрынғы өткен заман оқиғаларын қайдан білеміз? Тарихтан да, әдебиеттен де білеміз. Әдебиет — тарихтың көркем шежіресі.
Әр халық өз сөз өнерімен мақтана алады. Қазақ халқы да сөз өнеріне бай, көркем ойға, бейнелі тілге жүйрік халық.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Суреттерге қарап, бейнелі сөздер мен теңеулерді қалай табуға болады?
- Сұлулықты әсерлі жеткізу үшін қандай сөз орамдарын қолданамыз?
2-кезең
Жазғы оқылым бойынша жазылым жұмысы
Жаз бойы оқылған шығармалардағы кейіпкерлерді сипаттап жаздыру. Бағыт ретінде төмендегі жанрларды ұсыну:
Ертегілер
Кейіпкердің мінезі, іс-әрекеті, өнегесі.
Аңыз әңгімелер
Тарихи-танымдық ой, идея, кейіпкер бейнесі.
Батырлар жыры
Ерлік, намыс, отаншылдық сипаттары.
3-кезең
Қорытындылау
Әдебиет пәнімен достаса отырып, қазақ халқының сөз өнеріндегі шеберлігіне тәнті болатынымызға сенім қалыптастыру. Оқушыға әдебиеттің адамды ойлантатын, тәрбиелейтін, көркем сөйлеуге жетелейтін қуатын сезіндіру.
Бағалау
Сабақтағы белсенділік, ауызша жауаптың мазмұндылығы, жазылымдағы жүйелілік пен тіл мәдениеті негізінде бағалау.
Үй тапсырмасы
«Қазақ әдебиеті» пәнімен танысып келу: әдебиеттің анықтамасын жаттап келу және өзің оқыған бір шығармаңнан ұнаған кейіпкерің туралы 5–6 сөйлемдік шағын сипаттама жазу.